АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 28.08.2017


РЕСЕЙДЕ ӨТКЕН ФЕСТИВАЛЬ

Күні: , 152 рет оқылды

Көршілес Ресей елімен біздің Қазақстанның арасындағы тарихы ғасырларға созылатын достық, мәдени байланысымыз үзілген емес. Қазталов ауданы да іргелес жатқан Ресейдің Саратов губерниясы Александров-Гай ауданымен тығыз байланыста. Соның бір айғағындай 26 тамыз күні Александров-Гай ауданының құрылғанына 44 жыл толуына орай ұйымдастырылған шекарада орналасқан аудандардың II-ші «Созвездие» фестиваліне Қазталов ауданының делегациясы да қатысып қайтты. Бұл фестивальға Саратов губерниясының Новоузен, Питерск аудандарының өкілдері де қатысқан болатын. Біздің делегацияны шекарадан құшақ жая қарсылап алған алғайлықтар қонақжайлықтың жоғары деңгейін көрсете білді. Фестиваль басталмас бұрын «Ұлы Жеңістің 35 жылдығы» алаңында Отан қорғаған аталар рухына тағзым етіліп, гүл шоқтары қойылып, қонақтар өлкетану музейінде болып, Александров-Гай ауданының тарихымен танысты. Фестиваль саябақта әзірленген қолөнер мен жемістер және көкөністерден дайындалған көрмені тамашалаудан басталды. Фестивальде Саратов губерниясының Алексанров-Гай, Новоузенск, Питерск және Қазталов аудандары арасындағы сауда-экономикалық және мәдени байланыс туралы кел ісімге қол қойылды. Бұл келісімге қол қойған Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова алғайлықтарды аудан күнімен құттықтап, аудан әкімінің алғыс хаты мен естелік сыйлығын табыс етті. Сонымен қатар фестиваль төрінде ауданымыздың көркемөнерпаздары Қайрат Абдулов пен Боранқұл Сәртөк эстрадалық және қазақтың дәстүрлі әндерін орындаса, спортшыларымыз кроссвит сайысына қатысты. Нәтижесінде Александров-Гай ауданы атынан Қазталов ауданы делегациясына алғыс хат табыс етілсе, спортшыларымыз Анар Сармалаева мен Мейрам Ғиляжев жүлделі үшінші орынды қанжығасына байлап қайтты.

Қайрат ЖАҚЫП


ЖАНАШЫР ІСТЕРДІҢ БАСТАУШЫСЫ БОЛҒАН ЖАСТАРДЫҢ ИГІ ІСТЕРІН ЕЛ БОЛЫП ҚОЛДАЙЫҚ!

Күні: , 122 рет оқылды

Бүгін сенбі. Демалыс уақыты болғасын отбасымызбен дүкен аралауға шыққан едік. Сол сәтте мешіт ауласындағы көк жиде киіп т-о-о-л-ы-п жүрген адамдар мен да-а-р-ы-л-д-а-п жүрген техникаға көзім түсті. Бұл жерде не болып жатыр? –деген оймен журналистік қызығушылықпен мешіт ауласына кірдім. (қолымда фотоаппаратым жоқ болатын). Толып жүрген жастар екен (жастар ресурстық орталығының кеңесші мамандары)  Иә, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының кеңесші мамандары аудан орталығындағы бірқатар жұмыстардың басы-қасынан табылып келеді. Бүгінгі таңда олар аудандық мешітпен тығыз байланыста болып, түрлі бағыттағы қоғамдық шараларды атқарып, қайырымдылық істер жасауда. Соның бір айғағындай жастар Құрбан айт мерекесі қарсаңында тағы да бір игі істің бастаушысы болды. Күні бүгінге дейін сенбіліктерде жастар мешіттің алдына абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, өз қолғабыстарын көрсетуде. Бүгінде жастар, -демалыс, — деп, үйлеріне жатып алмай, күннің ыстығына қарамастан айт қарсаңында Алла үйінің ауласын абаттандыруды бастап кетті. Бұл игі бастамада жастармен бірге ауыл тұрғыны Таймас Валиев ағамыз да атсалысуда. Таймас аға өз техникасымен мешіттің ауласындағы арам шөптерді жұлып, жастарға үлгі көрсетуде. Міне, тамаша! Алла разы болсын, Таймас аға! Қазіргі күнде тұрғындар арасында иманға бет бұрып, мешітке бас сұғушылардың саны күннен-күнге артып келеді. Әсіресе, мешітке бара қалсаң, жас жамағаттарды кездестіріп жатамыз. Иман жолындағы жақсылыққа жаны құмар жандарымыз тек мешітке келіп, намаз оқып қана қоймай, осындай игі істердің де басы-қасынан табылса дейміз. Жастардың жасаған бұл бастамасын сіз бен біз болып қолдап, Таймас ағамыз сияқты қолдан келген көмегімізді аямайық дегім келеді. Жүрегімізді құранмен бірге тазартып, сауап болатын игі істерді де атқарып жүрсек, нұр үстіне нұр болар еді.

Жұлдыз АСҚАР


ОРТАЛЫҚТА ЖАҢА БАСШЫ

Күні: , 128 рет оқылды

Батыс Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және əлеуметтік бағдарламалар басқармасының Жалпақтал арнаулы əлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы болып Нұрлан Серікұлы Өтеғалиев тағайындалды. 26 тамыз күні облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және əлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қалияр Айтмұханбетов Жалпақтал ауылында болып, əлеуметтік орталықтың жаңа басшысы Нұрлан Өтеғалиевті ұжымға таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі. Ал осы əлеуметтік орталыққа жетекшілік еткен Ролан Абдрахмановқа атқарған қызметі үшін алғыс білдірді. Нұрлан Серікұлы Өтеғалиев 1970 жылы Жалпақтал ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. Еңбек жолын əлеуметтік қызметкер болып бастаған. Кейін Қарасу ауылдық округінде жетекші маман, Жалпақтал ауылдық округінде жетекші маман, бас маман болып қызмет атқарған. 2009-2012 жылдары Жалпақтал газ шаруашылық мекемесінде инженер, 2012-2015 жылдары Жалпақтал коммуналдық шаруашылық мекемесінде басшы. 2015 жылдан күні бүгінге дейін Жалпақтал ауылдық округі əкімі аппаратында бас маман болып қызмет атқарған.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


200 ТЕҢГЕГЕ — ТОҚТЫ

Күні: , 120 рет оқылды

Жәрмеңкеде аудандық жастар ресурстық орталығы лотерея ұтысын ұйымдастырды. Ұтысқа ауылшаруашылығы өнімдері және қой тігілді. Жиналғандар айран, сүт, құрт, қаймақ ұтып алып жатса, ал ең бақытты билет Қазталов ауылының тұрғыны Ақмарал Әмірееваға бұйырды. Небарлығы 200 теңгеге тоқты ұтып алды. Бұл күнде 200 теңгеге бір шыны ыдыстағы сусын да келмейді ғой. Міне, жастар ұйымы осындай шара ұйымдастырып, жәрмеңкенің көрігін әрі қарай қыздырды. 

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


ОРТАЛЫҚ БАЗАРДАҒЫ КЕЗЕКТІ ЖӘРМЕҢКЕ

Күні: , 78 рет оқылды

26 тамыз күні аудан орталығындағы базарда кезекті ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі оздырылды. Айта кету керек, биылғы жәрмеңке жоғары ұйымшылдықпен өткізілуде. Олай дейтініміз – төртінші рет арасында үзіліс болмай өткізілгендіктен өнімін ұсынушылардың да, сатып алушылардың да қатары көбейе түсті. Сонымен қатар өнім өндірушілер өздерінің түрлі өнімдерін саттыққа шығарды. Әдеттегідей базар сөрелерінде қымыз, сары май, сүт, айран, құрт тағы басқа да толып тұрса, бау-бақша өнімдері де молынан ұсынылды.  Сондай-ақ базар ішінде тігілген шатырда кәуап мен қуырдақ басқа да тағамдар дайындалып, одан дәм татқандар көп болды. Жәрмеңкеге жиналғандарды аудандық мәдениет үйі және округтерден келген көркемөнерпаздар мүшелерінің әсем әндері бір серпілтіп тастады.

Жұлдыз АСҚАР


ҚОЛЫ АЛТЫН — АРУ АПА

Күні: , 120 рет оқылды

Ауылда істеймін деген адамға кәсіп көп қой. Тек ерінбеу керек. Ал ерінбейтін адамдар шағын кәсіптері арқылы табысқа жетіп жатыр. Сондай ерінбейтін, өз кәсібінен рухани күш алатын жанның бірі — қараөзендік Ару Стамғазиева. Ол 2006 жылы зейнетке шыққаннан кейін көрпе жасаумен айналысып келеді. Алғашқы кезде өзі үшін ғана көрпелер жасаса, енді бүгінгі күнде тұрғындардың сұранысына сай көрпе-жастықтарды әзірлеуде. Ару апа 2013 жылы жүн жуатын арнайы машина сатып алды. Соның нәтижесінде ауылдағы қойдың жүндерін сатып алып, пайдаға асыруда. Тек ол өзін ғана қамтамасыз етіп отырған жоқ, ауылдан екі адамды да жұмысқа тартып отыр. Бүгінгі күнде ауылдың ұзатылып жатқан аруларымыздың жасауларын Ару апамыз тапсырыс бойынша шеберлікпен жасап беруде. Осындайда ауылдың көшесінде келе жатсаң, шашылып жатқан қойдың жүндерін жиі көретініміз еске түседі. Былайша айтқанда «Алтын» аяғымыздың астында шашылып жатыр. Ал соны Ару апа сияқты пайдалана білсек, үйге кіретін қып-қызыл ақша емес пе? Ару апаның кәсібін көре тұрып, -Апырмай, кәсіпке келгенде неге жалқауланып қаламыз? -деген ойға келдім…

Әсем БОЛАТ


ЖАҢАЖОЛДЫҚТАР ҚЫСҚА МҰҚИЯТ ДАЙЫНДАЛУДА

Күні: , 122 рет оқылды

Тамыз айының соңғы күндері шаруа жасаған адамдардың қарбалас тірлікке айналуда. «Қыстың қамын жазда ойла» дегендей қолдарындағы малдары үшін табиғи жем-шөпті әзірлеп жатса, енді біреулері өздерінің шағын кәсіптерімен де айналысуда. Біз кезекті іссапарымызда Жаңажол ауылдық округінде болғанда Мәлік Ихсатов жетекшілік ететін «Азамат» шаруа қожалығының жұмыстарымен таныстық. Аңызақ желдің және күннің қапырық ыстығына қарамастан шаруақор азамат өзінің күнделікті шаруасын атқарып жатыр екен. Бізбен әңгімесінде ол: — Қолда бар техникамен жем-шөп даярлап жатырмын. 100 га шабындық жерімнің әр гектарынан 25-30 центнерден өнім алудамын. Былайша айтқанда табиғи шөптің шығымдылығы өте жоғары. Ал осы жұмыстарға балаларым да қолғабысын тигізуде. Сонымен қатар ауыл тұрғындарына қолжетімді бағамен сатуды ұйымдастырудамын. Алдағы уақытта мал азығын дайындау үшін лизингке жаңа техника алуды да жоспарлап отырмын, -деді. Біз мал азығын дайындап жатырған осындай шаруа қожалығының тірлігін көріп, қаһарлы қыстан жаңажолдықтардың қысылмайтынына көзіміз жетті.

Әсем БОЛАТ


РӘМІЗДЕРІМІЗДІ ҚАДІРЛЕЙ БІЛЕЙІК!

Күні: , 122 рет оқылды

25 тамыз күні аудан әкімі Абат Шыныбековтің төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссия отырысында аудандық білім беру бөлімінің, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің, аудандық ішкі саясат бөлімінің, аудандық жастар ресурстық орталығының басшылары және Талдыапан, Бостандық ауылдық округ әкімдерінің мемлекеттік рәміздер оларды тиісті ережеге сәйкес орналастыру жұмыстары жөніндегі есептері тыңдалды. Комиссия отырысында аудан әкімі, — Тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін ерекше қадірлеуіміз қажет. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы керек. Арайлы таңымыз атқан қазіргі уақытта мемлекеттік рәміздерінің мән-маңызын өскелең ұрпақ біліп өсуімен қатар, көздің қарашығындай сақтап, оларға аса құрметпен қарауға тәрбиелеуге тиістіміз, -деді. Комиссияда кейбір округ орталықтарында мемлекеттік рәміздердің тиісті ережеге сәйкес орналаспағаны туралы айтылып, оны түзетуге тапсырмалар берілді.

Жұлдыз АСҚАР


ЖӘРМЕҢКЕДЕ 37 АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

Күні: , 158 рет оқылды

25 тамыз күні аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде 40 жұмыс беруші 97 бос жұмыс орындарын ұсынды. Атап айтсақ әлеуметтік сала, денсаулық, білім, ауыл шаруашылық, мәдениет салалары және жеке кәсіпкерлермен шаруа қожалықтары. Жәрмеңкеге қатысқан 122 жұмыссыздардың әртүрлі мамандықтар бойынша 37-сі жұмысқа орналастырылды. Айта кетейік, өткен 2016 жылы 211 жұмыссыздар тұрақты орналастырылса, 132 жұмыссыздар уақытша жұмысқа орналастырылды. Күні бүгінге аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне 929 адам жұмыс сұрап жолықса, соның 490-ы әртүрлі бос орындарға, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасына орналастырылды. Сонымен қатар «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы шеңберінде 22 адам 92 млн. 200 мың теңге несиеге қол жеткізсе, 123 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойыша кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданды. Сонымен қатар ағымдағы жылы мемлекетіміздің қолдау көрсетіп отырған қысқа мерзімді оқуға аудан бойынша 210 адамды оқыту жоспарланса, күні бүгінге 164 адам қысқа мерзімді оқуға (аспазшы, механизатор, шаштараз, газқондырғысының операторы және т.б мамандықтар бойынша) жолданған

Жұлдыз АСҚАР


ТАЛДЫҚҰДЫҚТА ЖАҢА ИМАМ

Күні: , 122 рет оқылды

25 тамыз күні аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева, Жалпақтал мешітінің бас имамы Тілепберген Нұралиев Талдықұдық ауылында болып, жамағатпен кездесті. Кездесуде Орал облыстық орталық мешітінің бас имамының бұйрығымен тағайындалған Талдықұдық ауылдық мешітінің бас имамы болып Дамир Мырзағалиевті таныстырды. Дамир Мырзағалиев білім білгірлігі жоғары, бұған дейін Жалпақтал мешітінің наиб имамы болып қызмет атқарған. -Тәжірибесі мол, білімді де білікті маман, жамағат пен жергілікті әкімшілік жүйемен тіл табыса білетін азамат,-деді Жалпақтал мешітінің бас имамы Тілепберген Ахмеджанұлы. Кездесу барысында ауыл тұрғындары жаңа тағайындалған Талдықұдық ауылдық мешітінің бас имамы Дамир Мырзағалиевтің жұмысына сәттілік тіледі.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.