АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 24.08.2017


ОКРУГ ƏКІМДЕРІНІҢ ЖАҢА ЖОБАЛАРЫ

Күні: , 96 рет оқылды

23 тамыз күні аудан əкімі Абат Шыныбековтің төрағалық етуімен кеңес өтті. Кеңесте ауылдық округ əкімдері Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындайтын «Туған жер» бағдарламасы бойынша іске асырылайын деп жатырған жобаларын слайд түрінде таныстырды.  Тәуел¬сіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнері¬мен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Осы орайда «100 жаңа есім» жобасын іске асыру мақсатында Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, елге пайдасын тигізіп жүрген жерлестердің есімдерін насихаттау бағытындағы жұмыстарды да тілге тиек етті. Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм — кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Округ әкімдерінің «Туған жер» бағдарламасына арналған жобаларында көптеген істердің атқарылып, алда талай ауқымды істердің де жүзеге асатынын байқадық. Солардың ішінде Талдыапан, Тереңкөл ауылдық округтерінің әкімдері Асқар Есқалиев пен Ернар Ғалымовтың болашақта іске асатын жобаларының жаңашылдығын ерекше екенін айтуға болады. Кеңесте аудан əкімі алдағы атқарылар жұмыстардың неғұрлым сапалы жүргізілуіне басты назар аудару керектігін айтып, округ əкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктеді.

Жұлдыз АСҚАР


ЖАСТАРМЕН ӨТКЕН КЕҢЕС

Күні: , 76 рет оқылды

23 тамыз күні аудан әкімі Абат Шыныбековтің төрағалық етуімен аудан әкімі жанындағы жастармен жұмыс жөніндегі кеңестің мәжілісі өтті. Кеңес жұмысына қоғамдық ұйымдар өкілдері, ауыл әкімдері, салалық мекеме жетекшілері қатысты. Мәжілісте аудан жастары арасында құқық бұзушылық, олардың кәсіппен айналысуы, кәсіби білім алу, мәдени, спорттық шараларға қатысу және тағы басқа да мәселелер талқыланды. Жастар саясаты мемлекеттік саясаттың ажырамас бір бөлігі. Бұны Елбасымыз ұдайы айтып келеді. Өйткені Тәуелсіз Қазақстанның болашағы — жастардың қолында. Атқарылып жатқан істер де баршылық. Осы орайда аудан тұрғындар санының 20 пайызын 14-29 жас аралығындағы жастар құрап отыр. Жастар саясатын жүзеге асыру үшін аудандық «Жас Отан» Жастар қанаты аудандық филиалы, Қазталов аудандық Жастар кеңесі ЖҚБ және аудандық жастар ресурстық орталығы жұмыстануда. Жастармен атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық. Түрлі өткізіліп жатқан мәдени-спорттық шаралардың дені көпшілігі жастар арқылы атқарылып келеді. Дегенмен кеңесте айтылғандай жастар арасында құқық бұзушылық, «мүлдем төзбеушілік» қағидаттарын бұзу фактілері болуда. Мысалы үстіміздегі жылдың өткен айлары ішінде 5 қылмыстық іс тіркелсе, 38 әкімшілік хаттама толтырылған екен. Сонымен қатар бүгінгі экономиканың басты қозғаушы күші шағын кәсіп дейтін болсақ, ал ауданымыздағы кәсіпкерлік саласында жастардың үлесі 7,3 пайызды ғана құрап отыр. Бұны үлкен көрсеткіш деп айта алмаймыз. Кеңесте сөз алған аудан әкімі ауданымызда жастармен жүргізіліп жатқан жұмыстардың кейбір олқы тұстарына тоқталып өтті. Атап айтқанда жас кәсіпкерлердің жобаларын іске асыруда, жастардан кадрлық резервті даярлау бағытында толымды жұмыстар жоқтың қасы. Сонымен қатар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша несие алғандардың үкіметке қайтармауы да жоғары деңгейде. Жастарды кәсіби оқуға тартуда белгілі бір жүйелілік те жоқ. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру — жастардың төл міндеті. Сондықтан жастармен өткізілетін кеңесті мекеме, ұйымдардың есеп беруі емес, ұсыныс-пікірлерді, түрлі жобаларды іске асырудың тетігін табу бағытына қарай бағытталуы тиіс. Бұл үшін жастар кеңесінің құрамына өзгерістер енгізіліп, жұмысты жаңашаландыру қажет, -деді. Кеңес қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдады. Кеңес жұмысынан кейін аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Нағым Ризуанов «Мектепке жол» акциясына аудандық «Жәрдем» қоры арқылы қаржылай көмектің берілуіне тоқталды. Сонымен қатар жастар ресурстық орталығы ұйымдастарған қайырымдылық шарасының ұйымшылдықпен өтуіне байланысты округтердің алғыс хаттары табыс етілсе, «Жасыл ел» бағдарламасына қатысушыларға да алғыс хаттар табысталды.

Әсем БОЛАТ


«ЖАС ОТАН» ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ V КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

Күні: , 104 рет оқылды

23 тамыз күні «Жас Отан» Жастар қанатының Қазталов аудандық бөлімшесінің V конференциясы өтті. Конференцияда сөз алған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Марат Тоясов, -Бүгінде «Жас Отан» Жастар қанаты аудандық бөлімшесінде 29 жасқа дейінгі жастардың 320 мүшесі есепте тұр. Олардың 22-сі мемлекеттік қызметкерлер, 123-і білім беру және мәдениет салаларында, 6-ы шағын бизнес өкілдері, 11-і денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, 12-сі шарауа қожалық өкілдері болса, ал 81-і жұмыссыздар болып тіркелген. «Жас Отан» Жастар қанатының мүшелері ауданымызда партияның доктринасында белгіленген құндылықтарды насихаттауда, жастарды қоғамдық өмірге жұмылдыруда көптеген істер атқаруда. Соның айғағындай партиялық жоба аясындағы акцияларға белсенді қатысып келеді, -деді. Конференцияда сөз алған жастар өздерінің толғандырып жүрген мәселелерін ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Конференция жұмысына қатысқан аудан әкімі Абат Шыныбеков жастардың көтерген мәселелерінің барлығына да бейжай қарамайтындығын айта келіп, аудан өміріндегі барлық жұмыстарда да жастардың өзіндік қолтаңбасы болу қажеттігіне тоқталды. Конференцияда «Жас Отан» Жастар қанаты аудандық бөлімшесінің кеңес құрамына өзгерістер енгізіліп, төрағалығына аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Райымбек Нұрекешов сайланды. Конференцияда қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.

Әсем БОЛАТ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.