АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 22.08.2017


ҚОС ПАЛУАН ҚОЛА ТАҚТЫ

Күні: , 140 рет оқылды

Спорт күні мерекесіне орай Орал шаһарында жасөспірімдер арасында қалалық ашық турнир оздырылды. Сол жарыста Жалпақтал ауылындағы аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қос шəкірті Мерей Темірболатов 32 келіде, Расул Анарбек 26 келіде белдесіп, үшінші орынға ие болды. Қос палуанға жеңістерің құтты болсын дейміз.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


СПОРТШЫЛАРДЫҢ МЕРЕЙІ АСҚАҚТАҒАН КҮН

Күні: , 140 рет оқылды

Спорт қашанда ел мерейін асқақтатады, рухын көтереді. Демек, оның дамуы мен спортшылардың жеңіске жігерленуіне ықпал ету басты міндет. 19 тамыз күні Жалпақтал ауылының орталық алаңында спорт күні мерекесіне орай мәдени спорттық шаралар өткізілді. Спорттық шаралар ең алдымен спорт ардагерлері, спорт жанашырлары, спортшылар С.Датұлы көшесімен көк байрағымызды желбіреткен шеру ұйымдастырылып, орталық алаңға келді. Орталық алаңда Жалпақтал ауылдық округінің əкімі Самиғолла Ақмурзин, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Айбар Мұғалбаев спортшыларды спорт күні мерекесімен құттықтап, көк байрағымыз көкте желбіреп, əнұранымыз асқақтай берсін деген игі лебіздерін білдіріп, бір топ спорт ардагерлер мен спортшыларды, спорт жанашырларын марапаттады. Бүгінде аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 21 жаттықтырушы 10 спорт түрінен шәкірттер тәрбиелеп келеді. Сол шәкірттер республикалық, облыстық додаларда, Азия чемпионаттарында жақсы нәтиже көрсетіп жүргенін мақтанышпен айтуға болады. Жалпақталдың спортшылардың осы орайдағы жетістіктеріне көңіл сүйсінеді. Екі күнге созылған спорт мерекесіне орай аудан спорт мектебі ұйымдастырған мекеме кәсіпорындар арасында футбол, волейбол, нысанға доп лақтыру, қазақша күрес, арқан тарту, қол күресі, тоғызқұмалақ секілді спорттық жарыстар өткізілді. Нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің дипломдарымен, естелік сыйлықтарымен марапатталды. Спортшыларға арналған Жалпақтал мәдениет үйінің өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұйымдастырылып, тамаша көңіл-күй сыйлады.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


ЖАЛПАҚТАЛДАҒЫ ЖӘРМЕҢКЕ

Күні: , 70 рет оқылды

19 тамыз күні Жалпақтал ауылының орталығы — мәдениет үйінің алаңында ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге Жалпақтал, Жаңажол, Қараөзен, Көктерек ауылдық округтерінің кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтары қатысты. Үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған ауылшаруашылық жәрмеңкесіне Жалпақтал жұртшылығы ерекше ықылас танытты. Таңертеңнен жәрмеңке маңына жиналған халық тарқамады. Әсіресе, тұрғындар ауылдан келген өнімдерді әп-сәтте алып кетті. Жәрмеңкеге қатысқан округтердің әсіресе Жаңажолдың балығы мен қияры, Қараөзенннің жем-шөбі, Көктеректің қуырдағы мен кәуабы және Жалпақталдың қауын-қарбызы арзан бағамен сатылды. Сонымен қатар көктеректік Нұрболат Шоқпаров жетекшілік ететін «Мұрагер» шаруа қожалығының тоқтылары 15 мың теңгеден сатылып жатты. -Ауданымыздың Жалпақтал және Қазталов ауылдық округтерінің орталықтарында осымен биылдыққа үшінші рет жәрмеңке ұйымдастырылып отыр. Жалпы бүгінгі шараға Жалпақтал, Қараөзен, Жаңажол, Көктерек ауылдық округтерінің кәсіпкерлері, шаруа қожалықтары қатысуда. Жәрмеңке болған соң бағалары көңілге қонымды. Әр сенбі сайын Қазталов пен Жалпақталдың орталықтарында аудан округтері келетін болатын Мұндай жәрмеңкені өткізу халық үшін өте пайдалы. Жалпы ауылшаруашылық жәрмеңкесі қараша айына дейін жалғасатын болады,-дейді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Айбек Хайронұлы. Әсіресе, жергілікті өнімдерге сұраныс жоғары болды. Тіпті, қауын-қарбыздардың өзін тұрғындар таласа алды. Төмен бағамен азық-түлік алған халық жәрмеңкеге дән риза болды. Шара тұтынушылардың көңілінен шықты. Сондай-ақ, Жалпақтал мәдениет үйінің үйінің ұжымы концерттік бағдарламалары ұйымдастырылды.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


ЖЕРЛЕС ШЕКАРАШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

Күні: , 138 рет оқылды

Бейбіт күннің тыныштығын қадағалаған шекарашыларға жүктелген міндет зор. Ел қорғаған батырлардың ізін жалғасытырып келе жатқан шекарашылар жұмыстарын абыроймен атқарып келеді. Олар ел тыныштығын сақтауды өмірлік міндеті ден санайды. Осындай айшықты мереке күні аудандық қорғаныс істері бөлімінде №2087 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын үздік атқарып келген шекарашылар Есенберлі Бақтығалиев, Еркебұлан Қабдығалиев, Қайсар Қабдығалиев, Нұрбек Байболовты Қ.Р Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Шекара қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапаттау рәсімі болып өтті. Марапатқа ие болғандар әркезде де Отанды қорғауға әзір екендерін және өздерінен кейінгі інілеріне осы бір патриоттық тәрбиені үйретуден жалықпайтындарын жеткізді.

Жұлдыз АСҚАР


ҚОС АУЫЛДА ФУТБОЛ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

Күні: , 192 рет оқылды

Елбасымыз халықты салауатты өмір салтына ынталандыруды басым бағыттың бірі ретінде атап көрсетіп берді. Бүгінгі таңда Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында халықтың денсаулығын нығайту мен салауатты өмірге қалыптастыру үшін біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Осы орайда Қазталов ауданында да халықтың спортпен шұғылдануына тікелей әсер етіп, аудан жастарын спортқа тәрбиелеу бағытында бірқатар жұмыстар жасалып жатыр. Ауданымызда 2015 жылы спорт кешені бой көтерген болса, былтырғы жылы үш ауылдық округте шағын футбол алаңдары салынды. Ал биылғы жылы да «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен аудандық бюджет есебінен 48 млн теңге қаражат бөлініп, алты ауылдық округте шағын футбол алаңдарының құрылыстары басталып кетті. 18 тамыз күні спорт күні қарсаңында Бостандық ауылдық округінің орталығында осындай шағын футбол алаңының құрылысы аяқталып, тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді. Бұл алаңның құрылысына 9 млн 124 мың теңге қаражат жұмсалып, құрылыс жұмыстарын «АзияМегаСтрой» ЖШС жүргізіп, сапалы аяқтаған. Алаңның ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Абат Шыныбеков ауыл тұрғындарына құттықтау тілегін жеткізді. 17 тамыз күні тағы бір шағын футбол алаңы Қарасу ауылында ашылды. Бөлінген 9 млн 125 мың қаражатты игерген «Астол» ЖШС құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтаған. Футбол алаңының ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі алаңда бірінші болып доп тебудің құрметіне ие болды. Футбол алаңында Қарасу, Жұлдыз, Бостандық, Сатыбалды ауылдары командалары теңбіл допты отаға салып, мықтыларды анықтап жатты. Қарасулықтардың қуанышында шек жоқ десе болады.

Қайрат ЖАҚЫП


ОТЫЗ ОҚУШЫҒА КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

Күні: , 114 рет оқылды

Талдыапан ауылдық округіне қарасты Қособа елді мекенінің тұрғындарына көмек көрсету жалғасуда. «Көп түкірсе көл»,-демекші Никанор бастауыш мектебінің оқушыларына оқу жылы қарсаңында киім-кешектен көмек көрсетілді. Шілде айының соңында ауданымыздың Қособа елді мекенінің тұрғындарының уақ малдары дала өрті кезінде шығынға ұшырады. Ауданымызда төтенше жағдай жарияланып, жылу жинау ұйымдастырылған болатын. Аудан әкімі Абат Шыныбеков тұрғындармен кездесуде, қолдан келгенше көмек көрсетілетінін, оқу жыл қарсаңында оқушыларға да көмек болатынын айтқан еді. 17 тамыз күні аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, ауданнның ақсақалдар алқасының төрағасы Нағым Ризуанов, «Жалпақтал-Көмек» қорынының төрағасы Амангелді Кәкімов қосоабалықтармен кездесіп, 30 оқушыға киім-кешектен көмек көрсетті. Осындай сауапты іс жасаған Қосоаба ауылының тұрғындары аудан басшылығына, аудан кәсіпкерлеріне, Талдыапан ауылының қожалықтарына өз ризашылықтарын білдірді. Бүгінде ауданы бойынша аз қамтылған, көп балалы, тұрмысы төмен отбасылардың оқушыларына қолдау көрсету үшін жалпыға бірдей білім беру айлығы мен «Мектепке жол» акциясы оздырылуда. Акция «Менің таңдауым – балаларға көмек көрсету!» ұранымен өткізілуде. Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен күні бүгін барлығы 195 балаға 507 900 теңге көлемінде киім, оқу құралдары көмек көрсетілуде. Ал Қосоаба ауылының Никанор бастауыш мектебінің бір топ оқушылары жаңа киім-кешектерін алып, мәре сәре болып жатты.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


«БИЗНЕС-БАСТАУ» КӘСІП КӨКЖИЕГІН КЕҢЕЙТЕДІ

Күні: , 106 рет оқылды

16 тамыз күні облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қайыршин Қазталов ауданында болып, «Бизнес — бастау» жобасы аясында атқарылып жатырған жұмыстардың барысы туралы кәсіпкерлермен және қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесу жиынын өткізді.  Кездесу жиынында палата директоры, -«Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында «Бизнес кеңесші» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту 2015 жылдан бастап қолға алынды. Осы орайда кәсіпкерлікті қаржылай қолдау тетіктерін енгізу, әкімшілік кедергілерді алып тастау секілді жұмыстар жалғасады. Соның ішінде ауыл кәсіпкерлерін қолдауға ерекше көңіл бөлінбек. Осы бағытта «Бизнес-бастау» жобасы жүзеге асырылмақ. Бұл жұмысты БҚО әкімдігі мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ бірлесіп атқарады. Осы мақсатқа БҚО әкімдігі 300 млн. теңге, қор сонша көлемде қаржы бөледі. Әр кәсіпкер 18 млн. теңгеге дейінгі несиені 7 пайыздық мөлшерлемемен ала алады. Кепілдікке саман үй, техниканы қосқанда, кез келген жылжитын және жылжымайтын мүлік қойылады. Сондықтан үкіметіміз кәсіпкерлікті дамыту үшін жасап отырған осы мүмкіндікті пайдаланып қалу қажет, -деді. Бүгінгі күнде ауданымызда «Бизнес-бастау» жобасына 92 адам өздерінің өтініштерін білдірсе, соның 8-і қазіргі күнде бизнес жобаларын бастап та кетті. Ал 6 адамның бизнес жобалары дайындалу үстінде. Кездесуде сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков, — «Бизнес бастау» кәсіпкерлікті жаңа бастаған адамдар үшін үлкен көмек болып табылады. Мемлекет осындай қолдау арқылы жұмыссыздықты жоюды мақсат етіп отыр. Ауданымызда да бизнесті дамытып, қолдарынан келетін кәсіпті бастаса, ауданымызда да жұмыссыздықтар категориясы азаяры сөзсіз. Осы мақсаттарға жету үшін аудандық кәсіпкерлік палатасы мен кәсіпкерлік бөлімі бірлесе жұмыстар істеуі қажет. Сонда ғана нәтижеге жете аламыз, -деді. Кездесу жиынына қатысушылар «Бизнес-бастауда» кездесіп отырған кедергілер, соның ішінде тиісті құжаттарды жинақтаудағы қиындықтарды айта келіп, түрлі сауалдарын да қойды. Бұл қойылған сауалдарға жауаптар қайтарылып, түсініктер берілді.

Жұлдыз АСҚАР


ҚАРАСУЛЫҚ «АДАМ СМИТ» ҚАЗ ӨСІРІП ПАЙДАҒА КЕНЕЛУДЕ

Күні: , 138 рет оқылды

«Өзен жағалағанның өзегі талмас» деген сөз бар. Ата-бабаларымыз су бар жерде тіршілік бар екенін айтса керек. Өзен-көлді айтсақ ауызымызға балық ілігеді ғой. Ал судың жағасында тұрып, пайда келтіретін кәсіптің тағы бір түрі бар. Бұны орыс ағайындар жақсы меңгерген. Бірақ, ол ағайындарды шаң қаптырып кететін өз ағайындарымыз да жеткілікті. Солардың бірі Қарасу ауылдық округіне қарасты «Дауылбай» шаруа қожалығының жетекшісі Жәнібек Дүйсенғалиев деген азамат. Ол қаз өсірумен айналысуда. Жәнібек айтады,- 2016 жылы 80 балапан сатып алдым. Олар өсіп, биылғы жылы 150 балапан басып шығарды. «Балапанды күзде сана» дейді ғой. Өсірілген балапандарды сұранысқа қарай сатамын. Сұраныстың көп болуына байланысты қазіргі күнде балапандар түгел сатылды. Қаз өсірудің де өзіндік ерекшелігі бар. Олар иесін жақсы таниды. Өзімінің шақырған дауысыма бірден жетіп келеді және өте сақ болады. Сондай-ақ әрбір қаздың (ата қаздың) өз үйірі болады. Су және құнарлы жем болса бұлар тез жетіледі. бір жылдық қаз 3-4 келі болса, екі жылдық қаздар 5-6 келіні тартады. Ойлап қараңдар, екі жылдық жүз қаздан 600 келі ет түседі. Ал 2-3 баспақты үш жыл бағып көріңіз. Шөбін, жемін есепте. Қанша шығын кетеді? Міне сонда аз шығын жұмсап, көп пайда келтіретін кәсіптің бір түрі емес пе?-деді. Біз өзен жағасында қаз өсіріп, пайдаға кенеліп отырған қарасулық «Адам Смитті» көріп қуанып қалдық.

Қайрат ЖАҚЫП


СТУДЕНТТЕР «ЖАСЫЛ ЕЛ» БАҒДАРЛАМАСЫН ІСКЕ АСЫРУДА

Күні: , 112 рет оқылды

Аудан орталығында студенттер жазғы демалысында «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыс жасап жатыр. Олар ауылдағы саябақтарды күтімге алған. Өздерін таныстырған Әлихан Ерсайын (Медколледж), Аян Даян (Агроколледж), Ұлдай Мақсотова (Евразия университеті), Гүлназ Асылбек (Алматы қыздар университеті) жүздерінен күлкі ойнап, кезекті жұмыстарын атқарып келе жатыр екен. Олардың айтқаны,- 15 студент осы бағдарлама бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Туған ауылымыздың бір түп талының өсуіне жағдай жасасақ, елге тигізген пайдамыз болмай ма? -дейді. Біз де жалынды жастарға,- айналайындар, өнегелі болыңдар! -деген лебізімізді білдірдік.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕР ТУРАЛЫ

Күні: , 106 рет оқылды

15 тамыз күні БАҚ өкілдері аудандық әлеуметтік ведмостовоаралық есептеу орталығының бөлімше бастығы Эльмира Сармалаевамен және қоғамдық ұйымдардың қатысуымен брифинг өткізді. Брифингте зейнетақы төлемдерінің мөлшерін 2017 жылғы 1 шілдеден бастап арттыру жөніндегі және келер жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы төлемін тағайындау тәртібінің өзгеретіні туралы ҚР-ның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің нормативті әзірлеген актілеріндегі өзгерістерді айтып өтті.  Брифингке қатысушылар зейнетақы және әлеуметтік жағдайларға байланысты берілетін жәрдемақыларды алу кезінде қағазбастылықты болдырмау жолында атқарылып жатырған жұмыстар туралы сауалдарын қойды. Қойылған сауалдарға тиісті жауаптар қайтарылды.

Жұлдыз АСҚАР


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.