АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 26.04.2017


«ПАРАСЫЗ БОЛАШАҚҚА БІРГЕ!» ФОРУМЫ

Күні: , 194 рет оқылды

18121742_268313490245213_7584133644509304573_o 18192407_268313156911913_5632461317152500156_o26 сәуір күні аудандық мәдениет үйінде «Парасыз болашаққа бірге!» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы форум өтті. Форумның мақсаты — сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне мүлдем төзбеушілікті және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Форумда аудандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясының хатшысы Радим Рахметов, аудандық мәслихат хатшысы Еркін Ғазизов, аудандық №1 сотының кеңсе меңгерушісі Руслан Қаженов, Қазталов орта мектебінің мұғалімі Гүлбаршын Бақтыгереева және аудандық жастар демалыс орталығының директоры Дархан Жалиев сөз алып, -Бүгінде Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының 5 басымдығын іске асыру мақсатында кең көлемде жұмыстар жүргізілуде. Осыған орай ауданымызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топтар құрылып, округтерде насихат жұмыстарын жүргізуде. Сондықтан да жемқорлықтың алдын алуға күш салу және күресу баршамыздың парызымыз, -деді. Сондай-ақ форумда сыбайлас жемқорлыққа қарсы бейнефильм көрсетіліп, форумға қатысушыларға парақшалар таратылды.

Әсем ХАЛИУЛЛИНА


БІЛІМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ДЕ ЖАҢҒЫРУҒА ҮН ҚОСАДЫ

Күні: , 118 рет оқылды

18121258_268021363607759_7609021574466612133_o25 сәуір күні А.Оразбаева мектебінде аудандағы мектеп директорларының қатысуымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындайтын міндеттерді іске асыру бағытында жиын өтті. Жиында сөз алған аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ерболат Бекмулдин, -Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Сондықтан да Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы біздерге жаңа міндеттер жүктейді, -деді. Сондай-ақ жиында аудандық әдістемелік кабинетінің әдіскері Қуанышбек Ақынбасов алдағы атқарылатын жұмыстар туралы айтып өтті. Жиынға қатысушылар Елбасының айтқан сөздеріне үн қоса келе жас жеткіншектерге ұлттық сананы одан әрі дамыта беруге күш салатындарын жеткізді.

Әсем БОЛАТ


«ГУД БАЙ!» ДЕП КЕТІП ҚАЛДЫ… БІРАҚ КӨТЕРМЕ АҚЫЛАРЫ СОТ АРҚЫЛЫ ӨНДІРІЛДІ

Күні: , 182 рет оқылды

18058115_268019383607957_1071787174438204302_nБүгінде оқу бітіріп келген жастарға жол ашық. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға келген жас мамандар пәтермен қамтылып немесе оларға көтерме жәрдемақы да төленеді. Тек сол келген мамандар келісім-шартқа сәйкес жұмыс жасаулары тиіс. Бірақ кейбір жас мамандар тарапынан алдына қойған міндет-мақсаттарын орындамай, жұмыс берушілерді орынсыз жағдайға қалдырып кетіп жатқан фактілерде кездесіп қалуда. Осындай болған екі жағдайды Қазталов аудандық соты қарап, тиісті шешім қабылдады. Н. деген азамат 2016 жылы Қазталов орта жалпы білім беретін мектебіне жұмысқа орналасады. Н.-ға тиісті заңға сәйкес 148 мың 470 теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленеді. Бірақ ол келісім-шартта көрсетілген мерзімді орындамай, жұмыстан шығып кеткен. Сондай-ақ А. деген азамат 2016 жылы Ғ.Қараш атындағы Қараоба мектеп гимназиясына жұмысқа орналасып, ол да келісім-шартта көрсетілген мерзімді орындамай, жұмыстан шыққан. Қазталов аудандық экономика және қаржы бөлімінің талап-арызына сәйкес Қазталов аудандық соты АПК-нің 117, 147, 223-226, 229-баптарын басшылыққа ала отырып, Н-дан және А-дан әрқайсысынан 148 мың 470 теңге өндіру туралы шешім шығарды. Міне, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа алынып, оны мерзімі жетпей шығып кетулері, ол мамандардың жауапкершіліктерінің жалпы қоғам алдындағы міндеттерін дұрыс түсінбеулері деп санаймыз. Өйткені бүгінгі күнде оқу бітіріп келіп жатырған мамандар көптеп саналады. Солар өздерінің мамандықтарына сәйкес қызметке орналаса алмай жатса, ал жоғарыда аталған 2 жас маманның болар-болмас уақыт қызмет істеп, «Гуд бай!» деп кетіп қалуларын қалай түсінеміз..?

Жұлдыз АСҚАР


ҮЗДІКТЕР САРАЛАНДЫ

Күні: , 134 рет оқылды

18156746_268016086941620_258653327015597569_o25 сәуір күні аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ерболат Бекмулдиннің төрағалық етуімен комиссия отырысы өтті. Комиссияда республикалық «Үздік педагог» байқауы мен аудандық «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауына ұсынылған жұмыстар сараланып, жеңімпаздар анықталды. Жалпы Республикалық «Үздік педагог» байқауына — аудан бойынша 30 педагог қатысса, ал аудандық «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауына — 12 мектеп қатысты. Байқаудың нәтижесі туралы толық ақпарат газет бетінде жарияланатын болады.

Әсем БОЛАТ


ЖЕҢІСКЕ ТЕК РУХТЫҢ КҮШТІЛІГІМЕН ЖЕТУГЕ БОЛАДЫ

Күні: , 122 рет оқылды

18157399_267931140283448_5359172015671230166_nЕлді қорғау-абыройлы міндет. Сол абыройлы міндетті адал атқару сайдың тасындай сапқа тұрған әрбір сарбаздың парызы. Әскери қызмет әрбір азаматты әскери-патриоттық рухқа, Отан алдында борышын өтеу сезімін қалыптастыруға, өмірлік қиыншылықтардан мүдірмей өтуге тәрбиелейді. Ең алдымен өз бойымыздағы жаңа қазақстандық патриотизмді дамытуымыз қажет. «Қазақстан-2050» стратегиясында көзделген жаңа үрдіске бет түзеген терезесі тең 50 елдің емес, ең мықты алпауыт 30 елдің қатарына кіруді мақсат тұтқанымыз сондықтан. Бүгінгі таңда елімізде бейбітшілікті, тыныштық пен келісімді сақтау жалпыұлттық құндылыққа айналды. Қазақстан әскери техникасы дамыған, қорғаныс қабілеті күшті, бейбітшілігі баянды мемлекет болып саналады. Тәуелсіздігімізге 26 жыл толса да, бүгінде әскерімізге барынша жағдай жасалып келеді. Бұл Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Назарбаевтың әскери қызметтің абыройын көтеруіне ерекше қарайтынын көрсетіп отыр. «Жеңіске тек рухтың күштілігімен ғана жетуге болады» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, еліміз көркейіп, армиямыздың беделі жылдан-жылға нығайып келеді. Қазіргі күнде жастарды көктемгі әскерге шақыру науқаны жүргізіліп жатыр. Ауданымыздың жастары Отан алдындағы борышын өтеуде үлгілілік көрсетуде. Бұған айғақ жастарымыздың түрлі әскери оқу орындарында білім алуларымен қатар, сарбаздардың әскери міндетін өтеу кезінде үлгілі болғаны үшін олар қызмет ететін бөлімдерден алғыс хаттардың келуі де соның айғағы деп білеміз. Дегенмен де жастар арасында әлі де болса Отан алдындағы борышын өтеуде салғырттықтың да бар екенін жасыруға болмас. Аудандық қорғаныс бөлімінің мәлеметіне көз жіберсек, Ақпәтер, Қараөзен ауылдық округтерінен көктемгі әскерге шақыруда арнайы тексеруден өтуде белсенділік танытса, керісінше Бостандық ауылдық округінен әскерге барудан бас тарту фактісі де бар. Бұндай жағдайлардан қалай арылуға болады? Күні кешегі Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» мақаласында әркім өз елінің патриоты болуы қажет екені атап айтылды. Патриоттық сезім қалай қалыптасады? Патриоттық сезім үйден, мектептен, ортадан қалыптасады. Әрбір жас өзінің бейбіт күнде де іс-әрекеті арқылы өзін патриотпын деп санауы қажет. Міне, сондықтан да әскерге шақыру науқанында өзінің жауапкершіліктерін терең сезінулері керек.

Гауһар ӘДІЛЖАН


БАТЫР АҒАНЫҢ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП АПАТТЫ ЖАҒДАЙДА

Күні: , 110 рет оқылды

18056765_267661050310457_6592232617259250663_n 18121662_267661023643793_8676662864295938800_oАудан орталығынан 130 шақырым қашықтықта орналасқан оңтүстік бағыттағы Жұлдыз ауылындағы Кеңес Одағының Батыры Ахмедияр Хұсайынов атындағы орта мектептегі балалар апатты жағдайдағы білім ордасында оқып жатыр. Оқу ордасының қабырғалары сөгіліп, ірге тасы әбден отырып, жаңбырлы күні шатырынан су кетеді. Қарасу ауылдық округінің Жұлдыз ауылы жыл санап көркейіп, халық саны артып келе жатқан үлкен елді мекеннің бірі. Сонау Кеңес дәуірінде мұнда училище, мектеп жанындағы интернат, Төртпішен фермасының орталығы болыпты. 1967 жылға дейін орта мектепте орыс-қазақ сыныптары болып, кейін орыс сыныптары жабылған. 1986 жылы бұл мектепке Кеңес Одағының Батыры Ахмедияр Хұсайыновтың есімі берілген. Қазір мұнда 608 тұрғын, 108 отбасы тұрып келеді. Алайда Сарыөзеннің жағасындағы табиғаты таңғажайып жердің басты проблемасы — мектеп. Батыр ағаның атындағы орта мектеп 1991 жылы салынған. Екі пәтерлі төрт үйдің есебінде саман таспен, сырты ақ таспен қаланыпты. Бір қабатты бұл білім ордасында оқушылар екі аусыммен білім алуда. Қазір білім ордасының қабырғалары жарылып, ірге тасы сөгілген. Тозығы жеткен шатыр да жауынды күндерден құтқарып қала алмайды. Ширек ғасыр болған мектепте 113 оқушы білім алуда. Бүгінде бір сынып бөлмесі асхана есебінен пайдаланып келсе, спорт залы мектепке сай келмейді. Кейбір сынып бөлмелері жетіспейді. Ал акт залы, алғашқы әскери дайындық бөлмесі, музыка, технология, медбике кабинеттері, биология, химия, физика кабинеттерінің зертханалық бөлмелері атымен жоқ. -1994-1995 жылдары жылыту жүйесі жарылып, екі пеш салып алған болатынбыз. Содан 2009 жылы орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылды. 2006 жылдан бері облыс, аудан басшыларына мектебімізді күрделі жөндеуден өткізу немесе жаңа мектеп салу жөнінде ұсынысымызды айтып келеміз. Мектебімізді сараптамадан өткізген уақытта күрделі жөндеуге жатпайды деген шешім шығарып, апатты деп танылды,-дейді мектептің шаруашылық жөніндегі меңгерушісі Өтеп Төлеуов. Оқу жылы басталған уақытта балалар мектеп құлап қалмаса деген үреймен келеді. Апатты деп танылған мектепте қазіргі күні оқушылар әлі де болса тәлім алып жүр. Бірақта мектеп әкімшілігі қол қусырып қарап отырмай, мектеп үшін жай жөндеу жұмыстарын жасапты. -Қазіргі күні мектебімізде 113 оқушы білім алса, аудан бойынша білім сапасы 65 пайыз құрап отыр. Жыл сайын бала саны өсіп келеді. Ауылда көшу, қоныс аудару жоқ десекте болады. Келер 2017-2018 оқу жылына 11 сыныпқа 18 оқушы келмек, ал 1 сыныпқа 12 оқушы, даярлыққа 10 бала келеді деп күтілуде. Мектебімізді апатты деп танылып отыр. Бала саны көп, 30 бала шағын орталықта болса, 30 бала үйде тәрбиеленуде,-дейді бізбен әңгімесінде мектеп директоры Асхат Нұржанов. Ал аудандық құрылыс бөліміне хабарласқанымызда: -108 орындық мектептің құрылысына жобалық сметалық құжаттары жасақталып, қараша айында тендер ойнатылды. «Эркер» ЖШС-гі ұтып алып, жобалық сметалық құжатына 5 млн 595 мың теңге қаражат бөлініп отыр. Жобалық сметалық құжаттары мамыр айында аяқталмақ. Мектептің құрылысына қаражат бөлінгеннен кейін құрылыс жұмыстары басталмақшы,-дейді аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Айбек Керешев -Жаңа мектеп салынса деген тілегіміз бар. Жаңбырлы күні төбеден су кетеді. Кейбір пән кабинеттері жетіспей жатады. Мектебіміз күрделі жөндеуге келмейді деп жатыр,-деген 7 сынып оқушысы Айляззат Қадерова жаңа мектепте оқығысы келетінін жасырмады. -Жұлдыз ауылындағы А.Хұсайынов атындағы орта мектептің жобалық сметалық құжаты аяқталғаннан кейін құрылысына қаражат бөлініп, жұмыстар атқарылмақшы. Батыр атындағы орта мектепте бала саны жыл сайын өсіп келеді. Бүгінде ауданымыз бойынша кейбір пәндер бойынша мамандар жетіспей жатыр. Бірақта күні кеше Орал қаласындағы Махамбет Өтемісов атындағы университеттің, Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің болашақ мамандарымен кездесіп, ауыл тарту мақсатында жұмыстанып келеміз,-деді аудандық білім бөлімінің басшысы Ерболат Бекмулдин. Біз барған уақытта ауылдың жағдайы тұрақты екеніне көзіміз жетті. Қысқа балақ, ұзын сақал, қыл арқанған асыққа жастар, ауылда ұрлық атымен жоқ. Демографиялық жағдай тұрақты. Кейбір округ орталығымен тең келетін Жұлдыз ауылы жыл санап өсіп келеді. Ауданымыздағы жалғыз ғана Кеңес Одағының Батыр атындағы орта мектептің құрылысы аяқсыз қалмай, шенеуніктер уәдесінде тұрса, оқушылар жаңа оқу ордасында білім алмақшы.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


«БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН – ҚАЗАҚ ЕЛІ»

Күні: , 149 рет оқылды

18077184_267595906983638_8947408065785350186_o 18121407_267595866983642_8341401965868897391_o24 сәуір күні аудандық кітапханада 1 мамыр – Қазақстан Халықтарының бірлігі күніне орай «Бірлігі жарасқан – Қазақ елі» атты өзге ұлт өкілдерімен кездесу кеші өтті. Кездесу кешінде аудандық кітапхананың директоры Гүлдана Дәулетова сөз алып, ынтымағы мен бірлігі жарасқан ел болайық! – деген тілегін жеткізді. Шарада Ханзада Ерболат «Саранжа», Рүстем Сүйінішқалиев «Келіншек» күйлерін орындаса, Динара Қадырова «Ауылым» әнінен шашу шашты. Кездесу кешіне жиналған өзге ұлт өкілдері өмірлерінен естеліктер айтып, өздерінің бейбіт елде бақытты өмір сүріп жатқанын мақтанышпен жеткізді. Кездесу соңында өзге ұлт өкілдеріне арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Жұлдыз АСҚАР


«ГҮЛДЕНЕ БЕР, ТУҒАН ЕЛ» АКЦИЯСЫ ӨТТІ

Күні: , 114 рет оқылды

17952711_266808797062349_9083420637097993862_n22 сәуір күні аудан орталығында «Гүлдене бер, туған ел!» атты экологиялық акциясы өтті. Акцияға мекемелерде, мектептерде жұмыс жасайтын жастар белсенді атсалысып, тазалық жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар акция барысында аудандық жастар ресурстық орталығының жастары мешіт алаңына жас көшеттер отырғызды. — Бұл акцияны ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыз — жастардың экологиялық мәдениетін көтеру және туған өлкенің табиғатын қорғау болып табылады. Бұндай істер әлі де жалғасын таба беретін болады, -деді жастар ресурстық орталығының басшысы Райымбек Нұрекешов. Туған өлкеміздің көркеюі жолында бәріміз бірге атсалысайық, ағайын!

Жұлдыз АСҚАР


МАЛШЫ АУЫЛДАҒЫ БІР КҮН

Күні: , 133 рет оқылды

18010837_266426883767207_4597656266927528151_n 18056288_266426143767281_108284444497260661_o 18057181_266424777100751_7294987859611655202_nҚысы-жазы күйбең тірлікпен қолдағы малының басын көбейтсем, өнімін халыққа сапалы жеткізсем деп маңдай терін сыпыра еңбек етіп жүрген шаруалардың тұрмыс-тіршілігін біліп, мал төлдету науқанында бір күнімізді малшы ауылына арнап, Қараөзен ауылдық округіне қарасты Қараоба қыстағына ат басын тіредік. Қазақтың байтақ даласы ежелден мал өсіруге қолайлы қоныс болғандықтан, ата-бабамыз бұл кәсіпке ерекше мән беріп, «Жесең – ас, кисең – киім» деп төрт түлікті ғасырлар бойы тіршілігіне басты таяныш етіп келді. Барлық ғұмырын төрт түлік малмен байланыстырған жанның бірі – Тұрарбек Татпанов. Қазақтың ата жолымен, малдың бабына қарай қоныс тепкен ағамыздың қыстауы округ орталығынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан екен. Тұрарбек ағамыз 2004 жылы «Дастан» шаруа қожалығын құрып, сол жылы 20 шақты ірі қара, 30-дың үстінде болған екен. Бүгінде шаруасы жайланып, Шопан ата түлегін 500-ге жеткізіп, Зеңгі баба түлегін 150-ге, ал жылқы малы екі үйірге жетіп, төскейді малға толтыруда. Бұл шаруаны өз күшімен дөңгелетіп отырған Тұрарбек Татпанов: — «Өзім Кеңес заманынан малшы боп қызмет атқардым. Кеңес Үкіметі құлағаннан кейін колхоз, совхоздар тарап, малшылар жұмыссыз қалды. Жиырмашақты қойдың басын құрап, саны көбейген соң, 2004 жылы «Дастан» шаруа қожалығын құрдым. Бүгінде, Аллаға тәуба, молшылық заманда күй кешудеміз. Қазір екі 500-ге тарта қойым, жүзден асатын ірі қара малым бар. Бұл қыруар еңбектің, төзімділіктің, сабырлықтың арқасында келген нәрсе. Қыстан шығынсыз шықтық. Қой-ешкілер наурыздың аяғынан бастап төлдей бастады, бүгінде аяқталуға жақын» деп ағамыз ағынан жарылды. Ия, расында төрт түлік малдың бабын таба білген жанға бітеді. Бізді таң қалдырған бір жағдай, ағамыз мемлекет көрсететін көмектің ешқайсысын алмағандығы болды. Шаруа қожалығын өз күшімен құрып, шығындарын өз қаражатымен өтеуге дағдыланыпты. Әр кәсіптің өз науқанды шағы бар. Ол жыл мезгілі сайын өз кезегінде өтіп жатады. Онда еңбектің нәтижесі шығарылып, міндет белгіленеді. Ал, малшының науқансыз бір күні жоқ. Қой қоздату, қырқым, жайлауға шығу, қозы айыру, қыстауға көшу сынды бірінен соң бірі келеді де тұрады. Ал, қой төлдету-малшы үшін ең қиын да жауапты кезең. Сондықтан, олар бұл науқанға күні-бұрын әзірленеді. Ата-бабаларынан мал бағуды кәсіп еткен қожалық иесінің ұлдары өмір тәжірибесін молынан жинаған, бір қарағаннан-ақ, малдың жайын білетін майталмандар. Биылғы қыс шаруаға жайлы болғандықтан, малдары шығынсыз шығыпты. Не дегенмен, қыстың аты қыс емес пе? Саулықтардың қоңы жұқарып шығады. Міне, төрт түлік те төлдетіп жатыр. Бабын тапса, барын беретін қойдың өнімділігі мен өсімталдығы жөнінде халқымыз «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» деп бекер айтпаған ғой. Күйлі, дені сау саулықтан ғана өсімтал қозы өрбиді. Қозысы егіз, еті семіз келеді. Мұндайда іштегі төлдің өлі тууы сирек болады. «Қойың қоздап егізден, ешкің тусын сегізден» демекші біз барған уақытта 80 саулық қойы егіздеп, бөлек бағылуда екен. -«Қоралы мал елдікі, қорасыз мал желдікі» дегендей, мал өсірген екенбіз, оны желге жем етпеуіміз керек. Біз малшылар қауымы жас төлдің сызда қалмауына, қора ішінің құрғақтығына ерекше назар аударамыз. «Түлік төлден өседі» демекші, жас қозыны талапқа сай күтіп-бағып аман өсіру мал өнімдерінің саны мен сапасын арттыруға да игі ықпал етеді. Қой төлдейтін қора кең болса, қозы жылдам жетіледі, ірі болады, түрлі ауруларға төзімді болады,-дейді қожалық жетекшісінің ұлы Мырзахан. Науқан қашанда жұмысымен сәнді. Малшылар ауа райының аумалы-төкпелі қалпын елең қылар емес. Түнгі ұйқылары да сергек. Қоздайтын саулықтардың жайын бақылап, қора мен үйдің ортасын жол қылуда. Біз барған уақытта 80 қой егіз туып, олардың орындары бөлек болса жалық туғандарын бөлек ұстап отыр. Мал төлдету науқанының бір күнінде 41 саулық қойдан 41 қозы алынды. Мал басын көбейтудегі «Дастан» шаруа қожалығының еңбегі орасан. Бүгінде олар төскейді төлге толтыруда. Шаруашылық игілігінде 500 бас қой болса, соның 450 басы аналық. Олар биыл төлдетілу үстінде. – Бұл іс наурыз айының аяғында сәуір айының басында басталды. Бүгінгі күнге дейін малдың жартысынан астамы төлдеді. Осынау жауапты науқанға үлкен әзірлікпен келудің арқасында туар мал да, төл де дін-аман. Жемшөп қоры жеткілікті. Төлдету науқанында сақпаншыларымыз бар. Бәрі де малсақ, – деді Тұрарбек Татпанов. Шаруашылық жетекшісі әр бас саулықтың соңынан биыл бір-бір қошақан еретініне сенімді екенін де жеткізді. Ал Қараөзен ауылдық округі әкімі аппаратының маманы Артур Батыргерейұлының айтуынша округте 52 шаруа қожалығы нәтижелі жұмыс атқаруда екен. Бүгінде сол қожалықтардың мал төлдету науқаны кезінде 70 пайызға орындалыпты. Ал 22 шаруа қожалықтар үкімет тарапынан беріліп отырған субсидияға қол жеткізіпті. Қожалық жетекшісі 60 бас аналық малға асыл тұқымды бұқалар сатып алса, әрбір саулық қойға үкімет тарапынан субсидия беріліп отыр. Осыншама малдың бағымын техниканың көмегінсіз елестету қиын. Қожалықта 1 «МТЗ-82», оған қосымша «МТЗ-80» тракторы қысы-жазы жұмыс үстінде. Сондай-ақ орақ «КДП-6» шалғысы, 1 «КУН», 1 шөптайлағыш та мезгілінде үлкен көмек болып тұр. Сөзіміз жалаң болмас үшін өз қаражатынан былтырғы жұмысшыларға жаңа бір тұрғын үй салып, бүгінде малшылар игілігін көруде. Сонымен қатар жаңа қора салып алыпты. Іскер азаматтың малдың игілігін көру, малға берілетін мемлекеттік жеңілдіктерді пайдалану арқылы жайлы тұрмыс пен еңбеккерлердің жұмысын жеңілдетуді ойластырғандығы көрініп тұр. -Осы Қараоба қыстақта электр жарығы тартылған. Электр жарығы болмаса осыншама шаруашылықты жүргізу қиынға соғаныны белгілі. Сонымен қатар жаңа үйімізде интернет желісіне қосылған. Округ орталығынан ондай қашықта емес. Биыл жайылымдарға су шығып, жақсы болды. Бірақ «Балауса» деп аталатын жазғы орнымыз бар. Ол канал бойында малдарымыз төлдеп болғанан кейін сол жазғы орынға көшеміз,-дейді «Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі. Үйінің айналасына тал-теректер отырғызып, болашақта бау-бақша салуды да ойластырыпты.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


КТА ОЙЫНЫ ӨТТІ

Күні: , 143 рет оқылды

17951733_266235323786363_8581684690765222941_n20 сəуір күні аудандық мəдениет үйінде аудандық жастар ресурстық орталығының жəне жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен КТА ойыны өтті. Шарада сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева ойынға қатысушы командаларға сəттілік тіледі. Бұл көңілді тапқырлар алаңына əр ауылдық округтен 10 команда қатынасып, «Сəлемдесу», «Сұрақ-жауап», «Əзіл алаңы» кезеңдері бойынша сынға түсті. Нағыз əзілдің таланттыларын анықтайтын бұл ойынға шалғай жатқан Сатыбалды елді мекенінен «Жаңа жұлдыздар» командасы жəне Тереңкөл, Қараөзен құрамалары келіп, ойын барысында өз шеберліктерін көрсетті. «Ауылым — алтын бесігім» деп аталатын үшінші кезеңде Қайыңды құрамасы аудандағы əлеуметтік-экономикалық мəселелерді астарлы əзілдерімен жеткізіп, үй тапсырмасына тыңғылықты дайындалып келгендерін байқатты. Ең үздік əзілдерімен көрерменнің көзайымына айналған Қазталов, Əжібай, Қайыңды, Бостандық құрамаларымен, «Əзілстан», «Тіпті керемет», «Болашақ kz» командалары әділқазы алқаларының кубоктарына қол жеткізді. Ойынға қатысушы басқа да командалармен, ойын ішінде актерлік шеберліктерімен көзге түскен ойыншылар алғыс хаттармен марапатталды. Кубокті иеленген жеңімпаз командалар келесі финалда бақтарын сынайтын болады. Ендеше, финалға жолдама алған барлық командаларға сəттілік тілейміз.

Жұлдыз АСҚАР


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.