АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 14.04.2017


МАЛЫҢ ШЕКАРАДАН ӨТІП КЕТСЕ, ШЫҒЫНҒА ҚАЛАСЫҢ

Күні: , 160 рет оқылды

17917237_263778617365367_5906622810504957016_o14 сәуір күні аудан әкімінің орынбасары Нұретден Құхожиннің төрағалығымен Қазталов ауданы әкімдігі жанындағы шекаралық мәселелер жөніндегі үйлестіру кеңесі өтті. Кеңеске шекара қызметкерлері, шекара аймағында орналасқан Болашақ, Қайыңды, Қазталов, Қошанкөл ауылдық округінің әкімдері, жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері, мекеме, ұйым өкілдері қатысты. Кеңесте шекара аумағында орналасқан ауылдар тұрғындарының шекаралық тәртіпті сақтаулары, малдарды бағусыз жіберу, өрт қауіпсіздігін сақтау, жергілікті атқарушы органдармен, полициямен бірігіп кешенді профилактикалық, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, жергілікті тұрғындардың заң талаптарын сақтауын қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Кеңесте осы айтылған мәселелер бойынша ҚР ҰҚК Шекара қызметі 2036 әскери бөлімі басшысының орынбасары Тимур Қоқабаев, ҚР ҰҚК Шекара қызметі 2036 әскери бөлімінің штаб басшысы Қайырғали Кеуенов, «Қазталов» шекара заставасының басшысы Қайсар Досманбетов баяндама жасады. Шекара қызметкерлерінің айтуынша «ҚР Шекара туралы» Заңының 62 бабын сақтауда көптеген кедергілер кездесуде. Үстіміздегі жылдың 4 айында 3 шекара бұзу жағдайы тіркелген. Сонымен қатар бүгінде малдың бағымсыз жүруі кесірінен олардың шекарадан өтіп кетуі көбейіп кетті. Қазіргі таңда көршілес елдің шекарашыларымен өтіп кеткен малды көрген жағдайда хабарласып, кері айдап шығару келісілген. Бірақ шекарашылар малшылар емес қой, үнемі малды айдап жүретін. Сол себептен де енді талап күшеймек. Егер малыңыз шекара асып кетсе, оны бір ай карантинге қояды. Кейін сол малға түрлі зертханалық тексерулер жүргізіледі. Ал осы тексерулердің шығынын, малды азығының шығынын малдың иесі төлейтін болады. Бұл талап малдың иесінің жауапкершілігін арттырады деп ойлаймыз. Сондай-ақ кеңесте шекара аумағындағы өрт қауіпсіздігін сақтау шаралары да сөз болды. Өткен жылы Болашақ ауылдық округі аумағында дала өрті орын алып, шекарашылардың көмегімен шекарадан асып кетуіне жол берілмеген. Биыл бұндай жағдайлардың орын алмауы керектігі де баса айтылды. Кеңес соңында осы және басқа да қаралған мәселелер бойынша шешім қабылданды.

Мөлдір ТӨЛЕКЕНОВА


АЙЫМ — ҰЛТ ӨНЕРІН ЖАЛҒАСТЫРУШЫ

Күні: , 152 рет оқылды

17504963_263769604032935_4601602259541087531_oҚазталов ауылында көп жыл ұстаздық қызмет жасаған Гүлімай Базартаева және оның жолдасы Тольятти Мерғалиев статистика саласында ұзақ жыл қызмет істеген өнегелі жандар. Тольятти ағаны статистика саласының «ақсақалы» деп атауға негіз бар. Себебі ол бұл орында табжылмай 40 жыл жұмыс жасады. Ал Гүлімай апай өнерлі жан. Бүгінгі күнде зейнет демалысында болса да, ерлі-зайыптылар ауданымыздың мәдени өмірінен тыс қалып жатқан жоқ. Олар ардагерлер хорының мүшелері. Міне, осындай ұлағатты тәрбиені енді немерелеріне үйретуде. Соның айғағындай, респубикалық «Қазақстан патриоты» журналының ұлттық өнерді жаңғыруға бағытталған «Ұлт өнері — ұрпаққа мұра!» респубикалық қолөнер байқауында немересі Айым Бауыржанқызы Тольятти 2 орынды иеленді. Бұл байқаудағы қазылар алқасының төрағасы жазушы, профессор Марат Тоқашбаев болғанын ескерсек, Айымның өнерінің мықты екенін байқаймыз. Сонымен қатар ұстаздары Шолпан Жақыпова мен Гүлайым Қоштаеваның да еңбегі зор. Айымға алдағы уақытта да айың оңыңнан тусын!- дейміз.

Гауһар ӘДІЛЖАН


ЖЕРЛЕСТЕРДІҢ ЖЕҢІСІ

Күні: , 153 рет оқылды

17862837_263496204060275_3704232233098039504_nҚаратөбе ауданында 2002-2004 жылы туылған жасөспірімдер мен қыздар арасында 12-15 сəуір аралығында өтіп жатқан облыстық чемпионатта Жалпақтал ауылындағы аудандық спорт мектебінің палуандары Ғаділбек Сатыбалдиевтің шəкірттері жеңіс тұғырынан көрінді. Қыздар арасында 36 келіде Айша бибі Мұрадымова, 40 келі салмақта Айдана Қасенқызы жеңіс тұғырынан көрініп, облыс чемпионы атанды. Ал 36 келіде Элеонора Анарбек ІІ орын алса, ұлдар арасында Абай Елеусінов 42 келі салмақ дәрежесінде ІІІ орыннан көрінді. Жеңістеріңіз құтты болсын!

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


ЕСІРТКІНІ ЗАҢСЫЗ САҚТАҒАН

Күні: , 178 рет оқылды

17884533_263463820730180_2879149684746166387_nҚазталов ауылының тұрғыны С-ны көшеде алкогольдік ішімдік ішіп тұрғаны үшін полиция қызметкерлері аудандық ішкі істер бөліміне жеткізіп, ӘҚБтК-нің 791-бабына сәйкес жеке басты жете тексеруді және жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген заттарын жете тексеру барысында С-ның үстіне киген курткасының сол жақ ішкі қалтасынан сіріңке қорабының ішінде газет қиындысына оралған есірткі құралы, яғни жалпы салмағы 2,64 грамм кептірілген марихуана тапқан. Қазталов аудандық сотының қаулысымен С-ны ҚК-нің 296-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танып, 120 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза қолданды.

Әсем БОЛАТ


АҚБӨКЕНДЕР АЗАЙЫП КЕТПЕСІН ДЕСЕК…

Күні: , 121 рет оқылды

17880223_263450460731516_7570501315678764058_oКөктем келіп, сәуір айы басталысымен елімізде даланың сұлу жануары киіктердің санын есепке алу жұмыстары басталады. Осыған орай санақ жұмыстарының барысымен танысу мақсатында «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-нің ғылыми қызметкері Бахтияр Ташеновпен жолықтық.
-Киікті санауда ең тиімді, ең нақты дерек көрсеткішін көрсететін әдістеме ретінде осы күні әуелік есепке алу әдістемесі кеңінен қолданылады. Санақшылар санақ барысында көгал арасынан толық түлеп үлгермеген киіктердің ақ түсті қыстық тері жамылғысын әуеден байқау аса қиындық тудырмайтынын айтады. Қазақстан бойынша киіктердің саны өткен жылғы есеп бойынша 108900 шамасында. Санақ бойынша Батыс Қазақстан облысы көлемінде киіктердің саны жылдан жылға көбеюде. 2010 жылы Борсы ауылы маңында киіктер пастерелез індетіне шалдығып, салдарынан олардың тең жартысы қырылып қалғаны белгілі. Дегенмен өткен 2016 жылдың есебі бойынша олардың саны 70 мыңнан асқаны анықталды. Әрине, бұл өте қуанарлық көрсеткіш. Киік туралы айтқанда, биылғы жылдың қысының қатты болғанын, осыған орай кездескен қиындықтар туралы да айта кеткен жөн. Қардың қалың түсуіне байланысты дала жануарлары не қар астындағы қорегіне жете алмай, не жылы аймаққа қоныс аударуға мұршалары келмей қиын жағдайға душар болды. Жығылғанға жұдырық дегендей, жағдайды қаскөйлер де өршітті. Адам келбетінен әбден жұрдай болған қаскөйлер қарда жүруге арналған мотошаңғыларына мініп алып, киіктердің мазасын алумен болды. Бірақ «Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау» комитетіне қарасты БҚО ОШЖД қорғау аумақтық инспекциясының және «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторлары ішкі істер бөлімі қызметкерлерімен бірігіп қаскөйлікке тойтарыс бере білді. Сонымен қатар биыл қыс айларында аудан көлемінде аштықтан мерт болған киіктер анықталмады. Бұл да қуантарлық жағдай. Батыс Қазақстанның Қазталов, Жәнібек, Бөкей орда, Жаңақала және Тасқала аудандары бойынша киіктерді есепке алу қарқынды жүруде. Санақтың бастапқы нәтижелерінің өзі киік санының едәуір өскенін көрсетеді, -дейді Бахтияр Жұмабайұлы. Облысымызда айтып өткеніміздей 70 мыңнан астам киік болса, соның 70 пайызы біздің ауданымызды мекен етеді екен. Ақбөкендер 2006 жылдан бастап халықаралық «Қызыл кітапқа» енген, жойылып кету қаупі бар жануарлар қатарында. Ал олардың жойылуынын басты себептерінің бірі – қаскөйлік. Биылғы жылдың басынан бері киік атуға байланысты 4 қылмыс жасалған. Киіктің санын арттырудың бірден-бір жолы — оны қорғауды күшейту, осы бағыттағы белгіленген шараларды мүлтіксіз орындау екенін бәріміз білеміз. Қазіргі кезде киікті аулауға заңмен тыйым салынғанын да айтылуда. Елімізде табиғаттың падишасы саналатын ақбөкендер өсетін жерлер санаулы. Сол санаулының алдыңғы қатарында біздің ауданымыз тұр. Бұл үлкен жауапкершілік, ертеңгі болашақ ұрпақтарымыздың алдындағы зор міндет. Осы міндетті «Охотзоопромның» 40 инспекторы күні-түні табиғат ортасында жүріп атқарып жатыр. Бірақ инспекторлардың бір өздерінің бұл дендеп кеткен індетті жоюға шамалары келмесі анық. Сондықтан дала сәні — ақбөкендерді қорғап, көбейту, тек инспекторлардың ғана емес, біздің әрқайсымыздың да парызымыз болу керек!

Мөлдір ӘНУАРБЕК


«АҚБҰЛАҚ» АУЫЛҒА КІРГІЗІЛУДЕ

Күні: , 76 рет оқылды

17918055_263438664066029_285298889183258000_oАуданымызда былтырғы жылдан бастап «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша таза ауызсу өткізу жұмыстары басталған болатын. Бұл жұмыстар Нұрсай ауылында мерзімінен бұрын аяқталып, нұрсайлықтар таза судың пайдасын көруде. Ал аудан орталығы Қазталовта «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша былтырғы жылы басталған жұмыстар биыл жалғасын тауып жатыр. Бұл жұмыстармен «БатысГазСтрой» ЖШС айналысуда. Осы мекеменің учаске бастығы Нұрбол Мұханғалиевті әңгімеге тартқан болатынбыз: — Қазталов ауылындағы атқарылып жатырған жұмыстардың 80 пайызына жуығын бітірдік. Осы жұмыстарға ауыл тұрғындарынан 6 адамды жұмысқа тартып жатырмыз. Су өткізу жұмыстарына қажетті құбырлар мен материалдар толық жеткілікті. Ауызсуды әр үйдің ірге тасына дейін жақындатып беретін боламыз. Алдағы уақытта су өткізу жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтауды көздеп отырмыз,- деді. Елбасымыздың Жолдауында айтылған міндеттерді орындау жолында іргелі мемлекеттік бағдарламаны облыс әкімдігінің қолдауымен іске асырылып жатқанына қазталовтықтар қуанышты.

Қайрат ЖАҚЫП


ТАҒДЫРДЫҢ ТАУҚЫМЕТІНЕ ТӨТЕП БЕРГЕН ОТБАСЫ

Күні: , 132 рет оқылды

17880141_263349840741578_4159849980637659339_oҚараөзен ауылында Нагимовтар отбасы біреуден ілгері біреуден кейін ғұмыр кешіп жатқан жандар. Отағасы Серік ағамыз бен отанасы Сәбира апай бір ұл, екі қызды дүниеге әкелген өнегелі отбасылардың бірі. Сонау 1987 жылдың күзінде Серік ағамыз бен Сәбира апамыздың шаңырағында Артур есімді сәби дүние есігін ашты. Жас отбасы болып шаңырақ көтерген ағамыз бен апамыздың қуаныштарында шек болмады. Дүниеге ат ұстар келді деп жар салды. Қуанды. Сол Артуры ақылды, білімді болып, былдырлаған тілі тәтті еді. Әттең, қырсық тұмау ауруы болмаған да.
-Ұлым үш жасқа дейін тілі шығып сөйлеп жүрді. Бір күні қызуы қатты көтеріліп, қатты ауырды. Қызу түспеді. Содан дәрігер шақыртып, абыр сабыр болдық. Орал қаласына жолдамамен жіберіліп, сонда жұлыннан су алдыртты. Сол кезде қатты зақым келген секілді. Содан ем шарамыз бітіп ауылға оралдық. Бір-екі үш ай өткен соң ұлымды «Артур, Артур»-деп шақырсам қарамайды. Осындай жағдайлар жиі-жиі кездесе бастады. Содан әкесінің бармаған жері, баспаған тауы болмады. Алматыға апарды, Өзбекстанның Ташкентіне барды. Ем болмады. Содан мылқау болып қалды,-дейді анасы Сабира апай. Содан міне Артурдың көкірегі сайрап тұрғанымен, өзгелер секілді іштегі шерін ақтарып, сырын айта алмайды, құстардың сайраған үнін, судың сылдыры мен жапырақтардың сыбдырын ести алмайды. 1996 жылы Орал қаласындағы есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатқа қабылданып, 2006 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. -Алғашқы интернатқа қабылданған жылы қиын болды. Бірақ балам бірте-бірте үйреніп кетті. Жиі-жиі барып тұрдық,-деп өткенді еске алады анасы. Кейін мектепті бітірген Артур Алматы қаласындағы сервистік технологиялар колледжіне қабылданып, сәнқой, суретші, визажист, шаштаразшы мамандықтарын алып шығады. Колледжді бітірген Артур Орал қаласына оралып, Біржан Қожақовтың қарауында болып, еңбек етеді. Кейін ауылға оралып, бүгінде Жалпақтал ауылындағы орталық әмбебап дүкенінде шаштаразшы. — Алғашында сұрап жүрді. «Бұлай қалай болды», деп кейін ештеңе сұрамады. Артурдің мінезі ашық, ұстамды, жүрегі сезімтал, жайраңдап, күлімсіреп жүреді. Өзі футболды жақсы көреді. Интернатта, кейін Алматы қаласында оқып жүрген уақытта футболдан құрама команданың мүшесі болған,-дейді Артурдың анасы. 2013 жылы Бақытгүл есімді қызға үйленіп отбасын құрады. Оларды тоғыстырған тағдыр болар. Екеуі де есту қабілеті нашар мылқау жандар. Әйтсе де бұл қоғамда өздерін ештеңеден оқшаулаған емес. Бойындағы кемшілікке қысылып, көптің ортасында жүруді ешқашан ар санамайды. Өмірден өз үлестерін алып, бақытты тұрмыс кешіп жатқан жайлары бар. Бақытгүлі де есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп интернатта білім алған. Оның да мамандығы шаштаразшы. Қазіргі күні үй шаруасында. Қолы бос кезінде дәмді тамақтар пісіріп, кей кезде ауыл ішіндегі қонақтықтарға тортқа тапсырыста қабылдайды екен. Артур да, Бақытгүл де қарапайым жандар. Отбасында тату-тәтті тұрады. Ағайын, достарының арасында сыйлы. Отбасында Айзере есімді қызы бар. Бүгінде «Ертегі» бөбекжайында тәрбиеленіп келеді. Қазірде ортамызда құдай денсаулықты берсе де, өмірден өз орнын тауып бұйырған нәсібін теріп жеудіңі орнынан, жалқауланып, жатып ішерлердің қатарын арттырып жүргендер қаншама? Оларға қарап қарның ашқанда өмірден өз орнын тапқан Артур мен Бақытгүл секілді «Жұмыссыз едім, не болмаса мүгедекпін» деп біреуге алақан жаймай, өз күндерін көріп, қатардан қалмай тіпті кейбіреулерден көш ілгері өмір сүріп жатқан жандардың жүргені көңілімізді көтеріп, жүрегімізге қуаныш сыйлайды. Желкемізге жармасқан жалқаулық етегімізден тартып, жақсы істерді тындыруға мұрша бермей жатады. Алайда еріншекті еңбекпен жеңуге болатынын дәлелдеген ерлі-зайыпты Артур мен Бақытгүлдің ісі көпке үлгі. Сүйікті жұмысымен айналысып, өз нәпақасын айырып отырған отбасының кәсібі берекелі, шаңырағы мерекелі болғай.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


МӘСЕЛЕЛЕР ӨТКІР АЙТЫЛДЫ. ШЕШІМІ ТАБЫЛА МА?.. (Халық жиыны)

Күні: , 130 рет оқылды

17807653_263067664103129_3120954367783050723_o17880783_263067534103142_4093545102001269310_o12 сәуір күні аудандық мәдениет үйінде Қазталов ауылы тұрғындарының халық жиыны өтті. Халық жиынында аудандық мәслихат депутаттары Жұмабек Хайруллин, Мейірбек Рамазанов сайлаушылары алдында жыл ішінде атқарылған жұмыстардан есеп берді. Қазталов ауылдық округінің әкімі Сәрсенбай Молдашев тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Халық жиыны. Бүгінгі күнде халық жиынында тұрғындар көтеретін мәселе жеке мәселе емес, халық мүддесі үшін мәселелердің ауызға алынатыны көңілге қуаныш ұялатады. Оны неге айтып отырмыз? Бұрынырақта халық жиындарында сөйлеушілер өздерінің жеке мүдделерін көбірек қозғайтын еді. Бұл сол кездегі жағдайдың қиындықтарына байланысты болар. Ал қазіргі күнде қанша жерден кінәлап жатсақ та заманның, соның өзінде халықтың тұрмысы жылдан жылға жақсаруда. Оны байқап жүрміз. Бүгінгі халық жиынында да осы округтен сайланған мәслихат депутаттарына өз сайлаушылары қолдарына халық сенімін ақтасын деген мандат бергендіктен өткір-өткір сауалдар қойды. Бір жылдың ішінде халық қалаулылары халық мүддесі үшін қандай іске пайдасы тиді? Олар барынша атқарылған жұмыстар туралы хабарлап өтті. Бірақ сайлаушы ретінде сөз алған Мирболат Мырзағалиев, -А.Оразбаева мектебінің қазіргі жағдайы білім беру стандартына сай еместігіне тоқталса, сонымен қатар сайлаушылар мен депутаттар арасында тікелей байланыстың жоқтығына да тоқталып өтті. Мәселен аудандық мәслихат аппараты арқылы немесе өздерінің жеке әлеуметтік желі, электрондық пошта арқылы сауалдарға жауаптар берсе анағұрлым ұта түсер еді. Ал бүгін мәслихат депутаттарының басын біріктіретін мәслихат аппаратынан бірде-бір өкілдің жиынға қатыспауын қалай түсінуге болады? Сонда біз сайлаушылар депутаттардың қоғам мүддесі жолындағы қоғамдық қызметтер сауалдарымызды орындап жүр ме? -деп айта аламыз ба?.. Сондай-ақ ауыл тұрғындары «сельхозтехника» бағытындағы көшеде жаяу жүргінші жүретін жолдың болмауынан, әсіресе, мектеп оқушылары қиындықтар көріп жүргенін, Оралға баратын көлік бағасының қымбаттығын да тілге тиек етті. Олардың айтқандарына құлақ түрсек, атқарушы органдар қызметтік қымбат көлікті сатып алғанша, сол қаржыға көшелерде жүретін автобустар неге алмасқа? деген өткір сауалдарды келтіріп кетті. Ауыл тұрғындарының тағы бір көтерген мәселесі — мал бағымын ұйымдастыру. Олардың айтуынша мал бағудың құны қымбаттаған. Сондай-ақ тазалық мәселесі де қызу талқыға түсті. Міне, осы мәселелер төңірегінде аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Сергей Тоқпанов, Қазталов ауылында құрылған ауыл шаруашылық кооперативінің төрағасы Ахмет Сұпығалиев өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Бір айта кетер жәйт бұрыннан айтылып жүргендей халық көп шоғырланған жерде мал бағуды ұйымдастыру, бақташы табу және ауыл тазалығы мәселелердің шешімін табу күрделі болып отыр. Шындығы керек мал бағуды ұйымдастыруға халықтың өзі белсенділік көрсетуі тиіс. Ал бүгінгі күнде мал бағуға ешкім қызығушылық танытпай отырғаны да шындық. Міне, бұл ауыл тұрғындарының өз кемшілігі деп түсінуіміз қажет. Сондай-ақ ауыл тазалығына да ауыл тұрғындары тікелей жауапты деп ашық айтамыз. Егер біз қалдық заттарымызды көшеге лақтыратын болсақ, биржаның адамдары емес, Гомердің Гераклі де ауылды тазалап шыға алмайды. Сайып келгенде ауылымызды «Авгейдің атқорасына» өзіміз себепші болудамыз. Міне, осыны түсінетін уақыт жеткен сияқты, ағайын! Халық жиынында басқа да түйінді мәселелер қозғалып, оны шешудің жолдары қарастырылды.

Әсем БОЛАТ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.