АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 29.03.2017


«КӨКТЕМ АРУЫ — 2017»

Күні: , 166 рет оқылды

17621787_257521674657728_8638492533227051386_o 17632237_257516037991625_4312084980359458835_o 17621863_257517411324821_263913914574159414_o 17621859_257517254658170_5241552481767449113_o 17504982_257517767991452_2870219182977205354_o

Қос бұрымы аш беліне төгілген, Келбеті бар кермаралдай керілген. Қазақ қызы – инабатты ару қыз, Ақ жүзінен аппақ сәуле төгілген,

-дегендей 28 наурыз күні аудандық мәдениет үйінде «Көктем аруы — 2017» байқауы өтті. Байқауға 10 ару қатысты. Байқауда сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева барша аруларды көктем мерекесімен құттықтап, сәттілік тіледі. Арулар «Мен қазақтың қызымын», «Өнерліге өріс кең», «Ақыл жастан», «Сыр мен сымбат» кезеңдері бойынша сынға түсті. Байқау әнмен өріліп, өз мазмұнын аша түсті. Байқауға қатысқан қай аруымыз болмасын, өздерінің ұлттық дәстүрін дәріптеген, үлкенді сыйлаған, кішіге ізет көрсеткен нағыз қаракөздер екенін анық байқатты. Қай-қайсысы да жүлдеге лайық деп санарлықтай болды. Әділқазылар алқасының шешімі бойынша байқауда Перизат Қабденова (Ақпәтер ауылы) «Шебер ару», Бибінұр Меңдығалиева (Қараоба ауылы) «Инабатты ару», Сән Жетпіс (Жұлдыз ауылы) «Сәнғой ару», Балқия Ахмедиярова (Қараөзен ауылы) «Білімді ару», Ақбота Алдамжарова (Жалпақтал ауылы) «Көрермен көзайымы», Гүлжахан Ескендірова (Бостандық ауылы) «Шырайлы ару», Назерке Болатова (Қарасу ауылы) «Зерделі ару», Аида Ұзақбаева (Талдықұдық ауылы) «Іскер ару» атанса, Зибагүл Асқарова (Жаңажол ауылы) «Әдемі ару» номинациясымен марапатталды. Ал Байқауда бостандықтық Орынғаным Нұртазина бас жүлдені жеңіп алып, «Көктем аруы — 2017» атанды. Орынғанымды барлық оқырмандар атынан құттықтап, алдағы уақытта да ойлаған мақсатына жетуіне және артынан ерген сіңлілеріне үлгі болып, нағыз қазақтың қызы атанып жүре беруіне тілек білдіреміз. Жеңістеріңіз құтты болсын, арулар!

Әсем БОЛАТ


АУДАН АКТИВІМЕН КЕЗДЕСТІ

Күні: , 116 рет оқылды

17635390_257465474663348_3173910072553775778_o 17620247_257465351330027_8169122317875863296_o28 наурыз күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында БҚО дін істері басқармасының бас маманы Мақсот Раманқұлов пен БҚО дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы Жарас Аханов аудан активімен кездесті. Кездесуде келген қонақтар еліміздегі діни ахуал туралы әңгімеледі. Бүгінгі күнде тек еліміз емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырған қақтығыстар, дінаралық жанжал, террорлық әрекет қатерлі дертке айналуда. Осындай теріс ағымдардың әсерінен еліміздегі кейбір оң –солын танып болмаған жастар оған ілесіп кетуде. Ақырында келіп, оның салдары үлкен қайғы-қасіретке душар етуде. Міне, осындайлардан сақтану үшін жасөспірімдер жіне жастар арасында салиқалы әңгімелер айтылуға тиіс. Әсіресе, әрбір ауылдағы имамдар, білікті ұстаздар, сыйлы ардагерлер бұл жұмыстан шет қалмаулары қажет. Бұндай жұмыс бір күннің ісі болып табылмайды. Ол үнемі сапалы жүргізіліп отырғанда ғана тиісті нәтиже береді, -деді олар. Кездесуге қатысушылар дін саласының мамандарына түрлі сауалдар қойып, оған тиісінше жауаптар алды.

Қайрат ЖАҚЫП


САРЫӨЗЕННЕН ТҮЛЕП ҰШҚАН МИРЖАН МӘСКЕУДЕ ТОП ЖАРДЫ

Күні: , 186 рет оқылды

17620161_257450974664798_8702075105416602112_oСарыөзеннің жағасынан елдің атын шығаратын жас оғландар өсіп келеді. Оларға біз қуана қараймыз. Бостандық ауылының тумасы, бүгінде арнайы әскери қызметте жүрген Миржан Бақтыбаев бауырымыз тек ауданның атын ғана емес, Қазақстанның да мерейін үстем етті. 24-25 наурыз аралығында Мәскеуде әлем кубогі үшін «Мемориал А.А.Харлампиева» 2017 самбодан сайыс өтті. Бұл сайысқа әлемнің 27 елінен 300 спортшы қатысты. Сол сайыста Миржан 82 келі салмақта жауынгерлік самбодан (боевое самбо) қарсыластарын ойсырата жеңіп, 3 орынға ие болып, қола жүлде иегері атанды. 27 елден келген ығайлар мен сығайлардың арасында қарапайым ауылда өскен қара баланың мерейінің үстем болуы – қазақтың үстем болуы. Айтпақшы, Миржан әріптесім Гауһардың ағасы. Бұл Гауһар құрбымның да қуанышы. Миржан, жерлестерің,- алда талай жеңіске жете бер! -деген тілегін жолдайды.

Мөлдір ӘНУАРБЕК


ЖАСӨСПІРІМДЕР ТЕРІС ЖОЛҒА ТҮСПЕСІН ДЕСЕК…

Күні: , 140 рет оқылды

17505235_257439664665929_5149196859153729800_o 17620350_257439437999285_3259136137487283842_o28 наурыз күні А.Оразбаева атындағы орта мектебінде аудан мектептері мұғалімдерінің қатысуымен Батыс Қазақстан облысы дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы Жарас Ахановпен кездесу өтті. Кездесуде сөз алған Жарас Аханов Батыс Қазақстан облысында көп тараған дәстүрлі емес діни ағымдар жөнінде мағлұмат берді. Осы теріс ағымдарға байқамай ілесетін жастар екенін айта келіп, оның алдын алу үшін мектеп қабырғасында мұғалімдер тәрбие сағаттары барысында, дөңгелек үстелдерде кеңінен түсінік жұмыстарын жеткізсін деген ойын білдірді. Сондай-ақ кездесу барысында осы теріс ағымдарға түскен жастардың бұл бағытқа қандай жолдармен келетінін де айтып өтті. Кедесуде мектеп мұғалімдері өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.

Гауһар ӘДІЛЖАН


КИКБОКСИНГ — ШЫҒЫС ЖЕКПЕ — ЖЕГІ. МҰХАММЕД, СЕНІ ШӘКІРТТЕРІҢ АСЫҒА КҮТІП ЖҮР!

Күні: , 156 рет оқылды

17626454_257438574666038_8356711032861269662_nКикбоксинг — шығыс жекпе-жек түрлеріне және ағылшын боксына негізделген спорт түрі. Классик. Кикбоксинг ережелері бойынша, жекпе-жек спортшылардың толық түйісуі бойынша өтеді, яғни бас пен денеге берілетін соққы аяқпен де, қолмен де орындалады. Осы спорт түрінен дүниежүзінің көп дүркін чемпионы, америкалық киноактер Чак Норристі білмейтін адамдар аз болар. Біздің қазақтар да осы спорт түрінен әлемде жақсы нәтижелерге жетіп жүргенін көріп жүрміз. Ал ауданымызда осы шығыс жекпе-жегімен айналысатындар бар ма? Бар деп айту қиындау. Енді соның орны толғалы тұр. Ол Алма Оразбаева мектебінің түлегі, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың дене шынықтыру бөлімінің төртінші курс студенті Мұхаммед Құрманалиев осы спорт түрінен биіктерге көтеріліп келе жатырған жастардың бірі деуге болады. 2016-2017 жылы кикбоксингтен облыс чемпионы, 2016 жылғы бокстан 81 келі салмақ дәрежесінде облыс чемпионатының жүлдегері, 2015-2017 жылдары Орал қаласының чемпионы, жекпе-жек айқастан облыс әкімі кубогінің финалисі, Кудодан батыс аймақтық турнирінің чемпионы, 2017 жылы джиу-джитсудан облыс чемпионатының финалисі, 2016 жылы кикбоксингтен Қазақстан чемпионатының (Атырау қаласында) 3 орын жүлдегері. Кикбоксингтен спорт шеберлігіне үміткер. 21 жастағы Мұхамедтің алған асулары көп екені көрініп тұр. Биыл Мұхаммед қолына диплом алғаннан кейін өзінің туған ауылына келіп, шәкірттерге шығыс жекпе-жегі спортын үйретуге бел байлап отыр. Олай болса ауданымыздан болашақта осы спорт түрінен мықтылар шығады деп сенеміз. Мұхаммед сені шәкірттерің асыға күтіп жүр!

Әсем ХАЛИУЛЛИНА


ДІН БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҚПАРАТТЫҚ НАСИХАТ ТОБЫ МҮШЕЛЕРІ АУДАНЫМЫЗДА

Күні: , 78 рет оқылды

17622131_257423778000851_5254264489449588173_o 17635206_257425221334040_6006735561342003213_o28 наурыз күні БҚО дін басқармасының ақпарттық насихат тобы мүшелері Қазталов ауданына келді. Ақпараттық насихаттық тобының құрамында білікті теолог мамандар бар. Олар алғашқы жұмысын аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерімен кездесуден бастады. Кездесуде сөз алған БҚО дін басқармасының бас маманы Мақсот Раманқұлов,- біздің ақпараттық насихат тобының мақсаты әртүрлі сала қызметкерлерінің діни сауаттылығын арттыру және еліміздегі діни ахуал туралы түсінік беру,-деді. Кездесуде теолог маман ішікі істер бөлімі қызметкерлерінің сұрақтарына тиісті жауаптар берді.

Қайрат ЖАҚЫП


«ОҚЫРМАН ОТБАСЫ — 2017» БАЙҚАУЫ. ЖҮСІПОВТЕР ОТБАСЫ ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ!

Күні: , 150 рет оқылды

17436251_257422524667643_1040902409838345917_o 17621683_257421504667745_7957849555612480320_o28 наурыз күні аудандық кітапханада «Оқырман отбасы — 2017» байқауы өтті. Байқауға кітапхананың тұрақты оқырмандарынан құралған 5 отбасы қатысты. Байқауда аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлдана Дәулетова сөз алып, барша байқауға қатысушы оқырмандарға сәттілік тіледі. «Оқырман отбасы — 2017» байқауы «Тегін білу тектілік» өз отбасын таныстыру, «Біздің сүйіп оқитын кітабымыз» кітап көрмемен таныстыру, «Ертегілер еліне саяхат» қазақ ертегісі немесе ойдан құрастырған ертегілерінен көрініс көрсету, «Отбасының сүйікті кітабы» атты эссе жазу сынды кезеңдерден тұрды. Байқау нәтижесінде Жаңажол ауылынан Нұрғалиевтер отбасы 3 орын, Тереңкөл ауылынан Отарбаевтар отбасы 3 орын, қазталовтық Мерғалиевтер отбасы 2 орын, жалпақталдық Үсеновтер отбасы 1 орынға ие болды. Ал байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған Бостандық ауылынан қатысқан Жүсіповтер отбасы «Оқырман отбасы — 2017» байқауының облыстық кезеңіне жолдаманы ұтып алды.

Әсем БОЛАТ


ӨНЕРЛІ ӨРЕНДЕРІМІЗ ЖҮЛДЕГЕРЛЕР АТАНДЫ!

Күні: , 130 рет оқылды

17626110_1759592911018951_5368954447049491751_n26-28 наурыз күндері Елордамыз Астанада өткен XI — Халықаралық «Ақ көгершін» балалар шығармашылығы фестивалі байқауында аудандық саз мектебінің оқушылары Сұлтан Бақытжан I — дәрежелі жүлдегер, Әлихан Максим III — дәрежелі жүлдегер атанса, Еркін Ерболат III -дәрежелі дипломант атанды. Құттықтаймыз! Астана қаласына баруда өнерлі өрендерімізге жетекшілік етіп жүрген аудандық саз мектебінің баян сыныбының мұғалімі Ерлан Уаресовтің еңбегін атап айтқанымыз жөн.

Қайрат ЖАҚЫП


ҚАРУ ТАПСЫРЫП, СЫЙАҚЫ АЛЫҢЫЗ !

Күні: , 68 рет оқылды

17523656_257327328010496_3278570119189377216_nҚазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігі тарапынан халықтан атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу іс-шарасы жалғасуда. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолдана отырып жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 2017 жылғы 10 сәуірден бастап ерекше өкімге дейін республика аумағында тұрғындарда заңсыз сақталудағы атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша кезекті акция өткізілуде. Шара шығындары республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Сыйақы мөлшері АІІб-де құрылған комиссия шешімімен анықталады, сыйақы мөлшерін белгілеу кезінде қару-жарақ заттарының техникалық жай-күйі және оның атуға жарамдылығы ескеріледі. Қару атуға жарамды болған жағдайда төлем, ұсынылатын құнының 100 пайызы, ал атуға жарамсыз болған жағдайда, ұсынылатын құнының тисінше 70 немесе 30 пайызы есебінде жүргізіледі. Қазталов АІІб-де заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ дәріні және жарылғыш заттарды қабылдау жөнінде арнайы комиссия құрылып, ауыл тұрғындарының еш жерге тіркемей, заңсыз сақтап келген қарулары мен оқ-дәрілерін, жарылғыш заттарын қабылдап, оларды тапсырғандары үшін азаматтарға сыйақы тағайындау жөнінде жұмыстануда. Ауыл тұрғындары қару-жарақтарды жергілікті аудандық ішкі істер бөліміне немесе өз аймақтарында қызмет атқаратын учаскелік полиция инспекторлары арқылы тапсыра алады. Өз еркімен тапсырған қару иелері тапсырған қаруды осы кезге дейін заңсыз сақтап келгені үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершіліктерден босатылады. Ауыл тұрғындарына ескертеріміз, егер өз сақтауларыңызда еш жерде тіркелмей, заңсыз сақтап жүрген қаруларыңыз болса тапсырып, сыйақы алуларыңыз сұралады. Ақпарат алу үшін мына нөмірлерге хабарласуларыңызға болады: 8-777-478-47-91, 8-771-415-66-78.

«ЖАЛПАҚТАЛ АРУЫ -2017» АНЫҚТАЛДЫ

Күні: , 92 рет оқылды

17505010_257163074693588_3386399462615594595_o27 наурыз күні Жалпақтал ауылында мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Жалпақтал ауры-2017» байқауы өтті. Байқауға Жалпақтал ауылындағы 5 мекемеден және Қараөзен мектеп-лицейінен 18-23 жас аралығындағы 6 үміткер атсалысты. Аталмыш шараның мақсаты қазіргі заманда қыз баланы қоғамның белсенді мүшесі екенін ұғынуға, әдемілікке, өнерге, мәдениетке баули отырып, қазіргі заман ағымына сай жан-жақты тәліәмдік қасиеттер орнықтыру басты міндеті болып табылады. Сонымен қатар отбасының алтын арқауы болуға үйрету, халқын сүйетін, өз шаңырағын ардақтайтын нәзік ару, қамқор ана болуға тәрбиелеу,-дейді шараны ұйымдастырушылар Байқау ережесін бойынша үміткерлер 4 бөлімде сынға түсті. Бірінші бөлім өз-өзін бейне слайд немесе фото арқылы таныстыру, екінші бөлімде Жалпақтал мәдениет үйінің өнерпаздарымен ән немесе би билеу болды. Сән үлгілерін көрсету бөлімінде үміткерлер өздерінің шеберліктерін көрсетті. Кешкі сән көйлектерін киіп, тіккен киімдерін сипаттап, көпшілікті таңқалдырды. Байқаудың шешуші бөлімінде үміткерлер актерлік қабілеттерін көрсетіп, монолог оқыды. Осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отырған шарада үміткерлер өз өнерлерімен көрермен көңілінен шыға білді. Бойларындағы таланттарын паш етіп, халқымыздың дәстүрлерін, мәдениетін жақсы біліп қана қоймай, ардақ тұтатынын көрсетті. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған мәнді де, мағыналы шарада мәдениет үйінің залында ине шаншар орын болмады. Алты арудың арасынан әділ қазылардың шешімімен «Жалпақтал аруы-2017» атағын К.Меңдәлиев атындағы орта мектептің атынан сынға түскен Ақбота Алдамжарова иеленіп, «Өнерлі, өнегелі» номинациясы табыс етілді. Ал Қараөзен ауылынан сынға түскекн Балқия Ахмедиярова «Зерделі, зейінді ару», Жалпақтал ауруханасының намысын қорғаған Әйгерім Болатова «Шығармашыл ару», Ғ.Молдашев атындағы білім ордасынан Ұлпан Серікова «Сымбатты ару», Жалпақтал мұрағатынан Дана Сатымғалиева «Ынталы, жігерлі ару», Жалпақтал колледжінен Әсемгүл Бисенова «Инабатты, ибалы ару» номинацияларын иеленді. Жиын соңында Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Самиғолла Сафиоллаұлы өзінің тілегін жеткізсе, мекеме-кәсіпорын ұжымдары өздерінің сый-сияпаттарын табыс етті.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.