АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 15.02.2017


СПОРТШЫЛАРЫМЫЗ ОЛЖАМЕН ОРАЛДЫ

Күні: , 158 рет оқылды

16729170_243560876053808_8541492359820124243_n11-12 ақпан күндері аралығында Орал қаласында Классикалық және жабдықтырылған жатып көтеруден ерлер мен әйелдер арасында Батыс Қазақстан облысының Кубогіне жарыс өтті. Аталмыш жарысқа аудандық орталық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары мен оқушылары қатысып, олжамен оралды. Жарыс қорытындысы бойынша 32 келі салмақ дәрежесінде Оралхан Қабдолғазизов 1 орын, 36 келіде Әділжан Нұртаев 1 орын, 44 келіде Әділет Жүсіпов 1 орын, 59 келіде Әділхан Нығметов 1 орын, 66 келіде Айдын Елемесов 1 орын, 120 келі салмақ дәрежесінде Жасұлан Құлхайыров 2 орынға ие болып, спортшыларымыз Республикаға жолдама алды. Спортшыларымызға тек қана сәттілік тілейміз!

«Ауыл айнасы» ақпарат


ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН АШЫҚ БІРІНШІЛІК ӨТТІ

Күні: , 178 рет оқылды

16664886_243551866054709_8089375552193918697_o11 ақпан күні аудандық орталық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 2001-2003 жылғы жасөспірімдер арасында қазақ күресінен аудандық ашық біріншілік өтті. Біріншілікке Жалпақтал, Қараоба, Бостандық, Көктерек, Тереңкөл, Киров және Казталов аудандық орталық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі командаларының палуандары қатысты. Тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша 32 келі салмақ дәрежесінде Сұңғат Әдімбаев ( Жалпақтал) 1 орын, 35 келіде Ерназ Теміржанұлы (Жалпақтал) 1 орын, 38 келіде Қайсар Бисенов (Жалпақтал) 1 орын, 42 келіде Берсінбек Нұғманов (Тереңкөл) 1 орын, 46 келіде Армат Ерниязов (Қазталов) 1 орын, 51 келіде Еркебұлан Ерсайынов (Тереңкөл) 1 орын, 57 келіде Мұхамбет Ахмет (Қазталов) 1 орын, 64 келіде Бақтыгерей Табиғат (Тереңкөл) 1 орын, 64 келіде Айымбек Насибуллин (Қазталов) 1 орын, 32 келіде Зейнолла Мейрамбек (Казталов) 2 орын, 35 келіде Нұрлыхан Ғаббасов (Тереңкөл) 2 орын, 38 келіде Архат Эньгелсов (Бостандық) 2 орын, 42 келіде Қуаныш Қуанов (Жалпақтал) 2 орын, 46 келіде Манарбек Кенжин (Тереңкөл) 2 орын, 51 келіде Иманғазы Самигуллин (Қазталов) 2 орын, 57 келіде Дәулет Серіков (Тереңкөл) 2 орын, 64 келіде Әнуар Өтепов (Қазталов) 2 орын, 64 келі салмақ дәрежесінде Нұрбек Дәулеткалиев (Қазталов) 2 орынды иеленді. Сондай-ақ «Жеңіске деген жігерлігі» үшін номинациясы бойынша Сағыныш Мұратқалиев (Киров), Шапағат Тлеуғалиев (Тереңкөл), Батырбек Рысбек (Көктерек) марапатталды. Палуандарымызға алдағы уақытта да тек жеңіс тұғырынан көрінулеріңе тілекшіміз.

Әсем БОЛАТ


«ГҮРІЛДЕУІК» БӨГЕТІН БЕКІТУІМІЗ КЕРЕК

Күні: , 146 рет оқылды

16665684_243545229388706_2908818594041206597_o14 ақпан күні Жалпақтал ауылында көктемгі су тасқынының алдын алу барысы пысықталып, жиын өтті. Аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр төрағалық еткен жиынға жауапты мекеме кәсіпорын басшылары, ауылымыздың ақсақалдары қатысты. Жиынды ашқан аудан басшысы төтенше жағдайларды болдырмау, егерде бола қалған уақытта оларды жою, дала өрттері, көктемгі су тасқыны кезінде бірлесіп жұмыс жасау керектігін айтты. – «Шанаңды жазда, арбаңды қыста сайла» демекші, көктем уақыты жақындап келеді. Біз су тасқынын болдырмау бағытында жұмыстарды қолға алуымыз керек. Су тасқынының өте үлкен қаупі бар. Былтырғы күзгі ылғал, қыстағы қардың қалыңдығы мен ылғалдылығы. Біздің міндетіміз қолдағы бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, халыққа, ғимараттарға қауіп төнбеуін, экономикамызға шығын келмеуін қамтамасыз ететін бірлескен шешім қабылдауымыз керек Сондай-ақ қар жаппай еріген кезде елді мекендерде тұрғын үйлерге су кіріп, жол бұзылып жатады. Сондықтан қандай ма болсын төтенше жағдайға әзір болу қажет. Төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою жөніндегі комиссия мүшелері осы кезеңде ешқайда кетпей, өз жұмысына аса жауапкершілікпен қараған жөн, — деді Нұрлан Мағазұлы. Жиында «Қараөзен» өзенінің ерігін қар суын құятын жерлерді анықтап, қарларын ашып, ауыл ішіндегі су жүретін трубалардың қарларын ашу, тазарту керектігі сөз болды. Мұнан кейін еңбек ардагерлері Хамидолла Берғалиев, Нағым Ризуанов «Гүрілдеуік» бөгетін бөгеп, топырақ дайындау керектігін, биылғы қардың ылғалдылығын айтып, қар еріген уақытта көлдіктерге су шығару қажет екенін айтып, ақсақалдардың ұсыныс-пікірлері, ойларын тыңдады. Аудан басшысы облыс орталығындағы «Қазсушар» мекемесіне хабарласып, қажетті техникаларға сұраныс беру керек екенін айтты. Сонымен қатар аудан әкімнің орынбасары Нұретдин Құтқожин күні бүгін 16500 дана қапшық бара екені оның өзі жетіспейтіндігін айтып, тағы да 30-40 мың дана қапшық керек болатындығын жеткізді. Ал Қараөзен ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қабдолұлы «Гүрілдеуік» бөгетінің жағдайының шамалы екенін, 340 рейс «КаМАЗ» топырақ дайындау керек екенін, егерде «Гүрілдеуік» бөгетінен айырылса жағдайдың қиын болатындығын жеткізді. «Автобаза», «Құлақ», «Жиеш», «Ғайса», «Гүрілдеуік» көпірлері мен бөгеттеріне қажетті топырақ әзірлеуді жайы да айтылды. Сонымен қатар «Біз, біріншіден, ауылдарды, ондағы үйлер мен әлеуметтік нысандарды су басудан сақтауымыз керек,-деді Нұрлан Мағазұлы, — ал екіншіден, даладағы осы суды тоғандарға, бөгеттерге ұстап қалып, пайдаға асыруға тиіспіз. Көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында, су тасу қаупі бар деген округтер толықтай қапшықпен, қамыс плитамен толық қамтамасыз етуіміз керек. Тасқын судың алдын алуды қамтамасыз ету үшін аудан әкімінің орынбасары Нұретдин Ихсанұлына, аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдар бөлімінің басшысы Нұржан Ислямовқа, Жалпақтал, Қараөзен ауылдық округ әкімдеріне тарсырамын». Басқада мәселелер айтылып, жиынды аудан басшысы Нұрлан Бекқайыр қорытындылады.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


АУДАН ТАРИХЫНАН СЫР ШЕРТЕР ТАРИХИ ҚҰЖАТ ТАБЫЛДЫ

Күні: , 164 рет оқылды

16601586_243240219419207_4665076567670718718_oЕл мен жер тарихынан сыр шертетін тарихи деректер мен құжаттар қашанда құнды әрі бағалы. Мұндай құжаттардың ішінде көптеген пайдалы деректер молынан ұшырасады. Олай дейтін себебіміз, бұндай құжаттардағы деректердің өлке тарихын түгендеуде алатын орны ерекше. Осындай құнды құжаттардың бірін бізге аудандық қаржы және экономика бөлімінің басшысы Жанболат Темірғалиев таныстырды. 1930-1937 жылдары жазылған бұйрықтар кітабын ол жұмыс орнында қағаздар арасынан кездейсоқ тауып алған екен. Бұл бұйрықтар кітабының бір ерекшелігі – үш тілде толтырылғандығы. Араб, латын және орыс тілдерінде жазылған құжатта аудандық қаржы бөлімінің және салық комитетінің тарихы жатыр десек қате айтқандық болмас. Сондай-ақ тағы бір байқағанымыз бұл құжаттан сол кездегі Талов ауданындағы қаржы операциялары мен қаржы және салық саласында қызмет атқарған адамдар туралы толық мағлұмат алуға болады. Мысалы, сол кездегі аудандық қаржы бөлімінде Әзірбаев, Темірғали Нұрымбаев, Бисенғали Мұратов, Хұсайын Баткаев, Жұбан Бекқалиев сынды азаматтар 1930 жылдары түрлі дәрежедегі қызметтер атқарған. Ал Камал Айтқалиев деген азамат 1930 жылдың 16-шы сәуірінде қылмыстық іс қозғалуына байланысты тергеліп, жұмыстан босатылған екен. Бір өкініштісі, бұл кітаптағы көп мәліметтер араб және латын тілінде жазылғандықтан оқуға қиындық туғызып отыр. Осы құжатты оқып, аудара алатын маман болса аудан тарихының жаңа беттері жазылар еді. Керексіз тарих жоқ. Биыл 1937 жылдары орын алған жаппай қуғын-сүргінге 100 жыл толады. Мүмкін, осы құжаттан осы қуғын-сүргін құрбаны болған аудан азаматтары туралы тың деректер табылып қалар. Осыған орай араб, латын тілінде оқи алатындар болса редакцияға хабарласуларыңызды сұраймыз!

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


ОҚУШЫЛАР «ЭКСПО-2017»-ГЕ ҮЛЕС ҚОСУДА

Күні: , 66 рет оқылды

16700667_243172106092685_8345894429356500789_o«Болашақтың энергиясы». Бұл – Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің тақырыбы. Биылғы жылдың басты оқиғасынан аудан оқушылары да тыс қалмай, олар болашақ энергиясының жаңа көздерін табуға кірісіп те кетті. Қазіргі күнде әлемде энергияның тапшылығы айрықша сезілуде. Бұл тығырықтан шығудың жолдары да іздестірілуде. Осыған орай аудандық тәрбие жұмыстары орталығының «Электрон», «Зымыран» үйірмесінің балалары мал азығын дайындауда күн энергиясын пайдаланатын жылыжай макетін жасауда. Бұл жылыжай күн энергиясы есебінен жұмыс жасап, энергия көзін тиімді пайдаланады. Ал макеттің үстінде орналасқан қалақшалар күн болмаған кезде желдің күшімен айналып (ветроагрегат), одан ток алынбақ. Оқушылар негізінен залалсыз, күннен қуат алатын және желдің күшімен жұмыс жасайтын жаңа әдістерді ұсынуда. Оқушылардың бұл тың әдістері болашақта қолданыс табатынына сенімдіміз.

Мөлдір ӘНУАРБЕК


ҮНДЕУДІ ТАЛҚЫЛАҒАН ПІКІРТАЛАС

Күні: , 128 рет оқылды

16665664_242192476190648_1643835486479527288_o10 ақпан күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Елбасының Мемлекеттік биліктің тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлісу мәселесі туралы Үндеуін талқылау жөнінде пікірталас өтті. Пікірталасқа қатысушылар Елбасының Үндеуінде көзделген Конституциялық реформалардың ойдағыдай жүзеге асуы, ең алдымен елдегі тыныштыққа, қоғамдық тұрақтылыққа, елдегі бірлікке тікелей байланысты екеніне тоқталды. Сондай-ақ бүгінгі күнде үлкен пікірталасқа айналған Конституцияның 26 бабының 1-2 тармағына өзгерістер еңгізу жөніндегі мәселелерге орай өз пікірлерін білдірді.

Жұлдыз АСҚАР


ШӨБІҢ БІТІП ҚАЛҒАН ЖОҚ ПА, ШАРУА АДАМЫ?

Күні: , 124 рет оқылды

16707372_242178079525421_3438536427707521561_oБиылғы қыстың қатты болуы мал баққан ағайынды ойландыратыны сөзссіз. Ойландырып қана қоймас, қиындықтардың да туғып отырғанын айтқанымыз жөн. Әсіресе мал азығы қорының кейбір жеклеген тұрғындарда азайып келе жатқаны да шындық. Ал қыс аяғы ұзарып кетсе ше..? Осы мәселеге орай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сергей Тоқпановты әңгімеге тартқан болатынбыз. — Аудан бойынша 54 елді мекен және 284 мал қыстату орындары болса, бүгінгі таңда 69309 бас ірі қара, 219413 бас қой-ешкі, 19929 бас жылқы, 196 бас түйе қыстап отыр. Былтырғы жылы жаза айларында жауан-шашынның мол болып, 335112 тонна мал азығы дайындалған болатын. Ал бүгінгі күні 233992 тонна мал азығы қалып отыр. Шындығы керек, кейбір елді мекендер мен жеке тұрғындар жылдағы әдеті бойынша (қыстың қатал болатынын ескермесе керек) жем-шөптерін шағындап дайындағаны байқалады. Ал қыс аяғы ұзап кететін болса қолдағы малға азық жетпей қалу қаупі де жоқ емес. Сондықтан біздің ұйымдастыруымызбен 7 ауылдық округте 21 шаруа қожалықтары арқылы еркін саттыққа 403 тонна мал азығы саттыққа ұсынылып отыр. Әр рулон шөптің бағасы 4 мың теңге құрап отыр. — Сонымен қатар елді мекендер мен мал қыстақтарына шаруа қожалықтарының техникалары арқылы және қалың қар түскен жерлерде «ДорРемСервис» ЖШС жол тазартқыш техникаларымен жол салынып жатыр. Әр күн сайын барлық ауылдық округтермен хабарласып отырмыз. Мал қыстату науқанының өту барысында апта сайын мониторинг жүргізіліп, орын алған өзекті мәселерді шешу бағытында жедел шаралар ұйымдастырылуда. Жоғарыда айтып өткендей Қошанкөл ауылдық округіне қарасты Тереңсай қыстағы, Көктерек ауылдық округіндагі Саралжын және Бірік ауылдық округінің Саралжын елді мекендерінде жылма-жыл мал қыстату науқаны қысқа мерзімде өтетіндіктен, қыстақтың толық кезеңі ескерілмей, мал азығы жеткілікті көлемде дайындалмаған. Біздер бұл жағдайларды ескере отырып, мәселер бойынша шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Мал азығы жетпей жатқан жерлеген басқа округтер мен шаруа қожалықтарымен жем-шөп жеткізу туралы келісімдер жасалуда. — Қазіргі уақытта жағдай қалыпты, үнемі бақылауда. Мал қыстату науқанын ойдағыдай өткізуге толық мүмкіндіктеріміз бар,- деді бөлім басшысы. Ауыл шаруашылығы бөліміннің ақпарына қарап, көңіліміз біршама орнына келгендей болды. Лайымда да солай болғай!

Қайрат ЖАҚЫП


«НҰР ОТАНДЫҚТАР» ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫН ҚУАТТАЙДЫ

Күні: , 120 рет оқылды

16707539_242103986199497_8410526098103409832_o10 ақпан күні Жалпақтал ауылдық округі әкімшілігінің мәжіліс залында «Нұр Отан» партиясы Жалпақтал бастауыш партия ұйымының мүшелері Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауын талқылады. «Нұр Отан» партиясы Жалпақтал бастауыш партия ұйымының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Мағауия Есмағұлов жиын барысында жария етілген Жолдаудың маңыздылығына тоқталды. -Барлығымыз білеміз, Елбасы Жолдауы тек қана қарапайым құжаттар емес. Ол Қазақстан халқы үшін ел дамуына ықпал етер, нағыз қозғаушы күш. Себебі әрбір Жолдаудан кейін елімізде дамудың жаңа белестері бағындырылады. Біз үшін Жолдаудағы әрбір басымдық маңызды. Біз, партия мүшелері Президенттің алдымызға қойған міндеттерді табандылықпен орындауға кірісуіміз қажет,-деді Мағауия Есмағұлов. Аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ғалия Ахметова, «Нұр Отан» партиясының мүшелері Ғилым Шәріпұлы, Абылай Жәрдемғалиұлы өз ойларымен бөлісіп, жалпы жиынға қатысушылар Елбасының Жолдауын толықтай қуаттайдындықтарын айтып, қолдау білдірді.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


ТАС ҚАЛАУ АЯЗДЫ КҮНДЕРДЕ ДЕ ЖАЛҒАСУДА…

Күні: , 68 рет оқылды

16707587_241821722894390_6044961817109322178_o«Ақпан-тақпан алты күн, аязымен жеті күн» деген ақпан айының ортасына да келіп жеттік. Өткен жылда басталған үлкен құрылыстар қыс айында да тоқтап қалмауда. Соның бір айғағындай аудан орталығында 100 орындық интернат құрылысын жүргізіп жатқан «Сәтті Сәулет» ЖШС күннің суығына қарамастан құрылыс жұмыстарын, соның ішінде тас қалау жұмыстарын атқаруда. Құрылысшылар айтады:- Қазіргі құрылыс материалдары сапалы әрі төзімді. Мына қалап жатырған тастардың желімдері -20 градусқа негізделген. Яғни, -20 градус салқындықта да жұмыстар тоқтамайды дегенді білдіреді,- дейді. Біз аязға қарамастан қызу жұмыс жасап жатырған жігіттердің ісіне риза болдық, риза бола тұрып «қазақ — жалқау», «қазақ -икемсіз» деген желеу сөздердің қате екенін осылардың істерінен байқадық. Еңбегін адал төлесе, олардың тілін тауып еңбекке тарта білсе өзіміздің нарғасқа қазақ жігіттері шөл даланы көркейтетініне анық сенесің.

Қайрат ЖАҚЫП


БАЛЫҚ АУЛАУДАН ЖАРЫС ӨТТІ

Күні: , 60 рет оқылды

16473648_241816472894915_7746401927889247123_nЖақында Қараөзен ауылдық округінде Қараөзен бастауыш партия ұйымының және жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Үлкен өзен үстінде балық аулаудан жарыс оздырылды. «Басты мақсат балық аулау емес, керісінше олардың өсіп-өнуіне жанашырлық жасау және табиғаттағы тепе-теңдік заңының сақталуына жағдай туғызуды насихаттау», — дейді жарысты ұйымдастырушылар. Балық аулауды біз көбіне-көп хоббиге балап жатамыз. Дей тұрғанмен, бұл да спорт түрінің бірі. Ерекше ыждаһаттылық пен төзімділікті қажет етеді. Жарысқа үш адамнан біріккен бес команда қатысты. Бұл жарыстың бір ерекшелігі біріккен бес команда мүшелері бір отбасыдан құралған. -Негізгі мақсатымыз ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізу. Сонымен қатар қыс мезгілінде мұздың қалың болу себебінен ойықтар ойып, су астындағы балықтарға ауа жіберу,-дейді Қараөзен бастауыш партия ұйымының төрағасы Артур Қасымов. Нәтижесінде І орынды Мағзомовтар жанұясы алса, ІІ-ІІІ орындарды Габдуллиндер мен Молдашевтар жанұялары өзара бөлісті. Ал жекелеген номинациялар бойынша А.Махамбетов «Ең жас балықшы», А.Кенжеғалиев «Ең ардагер балықшы», Т.Габдуллин «Ең үлкен балық ұстаған», С.Мағзомов «Ең үздік» балықшы атауларына ие болды. Осы балық аулау жарысына қатысқан командалар дипломдар мен естелік сыйлықтармен марапатталды.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.