АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 03.02.2017


«ЖЕҢІСКЕ БІРГЕ ЖЕТЕМІЗ»

Күні: , 72 рет оқылды

16463703_239370806472815_5066712527034152207_o2 ақпан күні аудандық орталықтандырылған кітапханада Алматы қаласында өтіп жатырған 28-інші қысқы Универсиаданы қолдау мақсатында «Жеңіске бірге жетеміз» атты шара оздырылды. Шарада мектеп оқушылары өлең жолдарын оқып, сөзжұмбақ шешті. Сондай-ақ Универсиада туралы бейнебаян көрсетілді.

«Ауыл айнасы» ақпарат


АРДАГЕРЛЕРДІ АРДАҚТАУ – ҰРПАҚ ПАРЫЗЫ

Күні: , 128 рет оқылды

16387935_239117766498119_8121546171924985939_n1 ақпан күні Жалпақтал жастары республикалық «Ардагерлерді ардақтайық!» акциясы аясында соғыс және еңбек ардагеріне қол ұшын созып, көмек көрсету шараларын қолға алды. -Отан қорғау үшін жанын аямаған бүгінгі ардагерлерге қанша құрмет жасасақ та артықшылық етпейді. Себебі, бүгінгі жас ұрпақтың бақытты өмір сүруі қазыналы қарттарымыздың қажырлы еңбегінің арқасы деп білеміз,- дейді аудандық «Нұра Отан» партиясы филиалының Жалпақтал бастауыш партия ұйымының кеңесшісі Әсемгүл Хасанова. Акцияның құрамында Жалпақтал балалар өнер мектебінің ұжымы, Жалпақтал жастары соғыс және еңбек ардагері Жұбат Сәрсембиевтің шаңырағында болды. Жастар қарияның ауласын қардан тазартып, үй шаруасына жәрдемдесті. Майдангер ақсақал 25 қаңтардағы Елбасының Үндеуін және 31 қаңтар күні «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдаған Жолдауын қолдайтындығын білдіріп, жастарға өнегелі өмір жолдарынан естеліктер айтып, ақ батасы берді. Ауыл жастарының осы бағыттағы жұмыстары алдағы күндері де өз жалғасын таппақ.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


ҚЫСТА ЖЕГЕН ҚАРБЫЗДЫҢ ДӘМІН-АЙ!..

Күні: , 122 рет оқылды

16402889_239095999833629_6100251750464705653_oБала кезімізде ертегіні оқығанда: -Мәуелі бақтың ішін аралап жүргенде…-деген сөйлемдерді жиі кездестіретін едік. Сонда, -мәуелі бақ қандай екен? -деп ойлайтынбыз. Сондай мәуелі бақты ертегіден емес, Қазталов ауылының шетінде тұратын Ғарифолла ағамыздың ауласынан көргенде таң қалдық. Әрине, жаз айы болғанда тіпті әдемі болған болар еді. Бірақ ағамыздың өзі өсірген бау-бақша өнімдері бұның орнын толтырғандай болды. Ғарифолла Ғаббасов ағамыз бау-бақша өсірумен және ауласын гүлмен көмкерумен баяғыдан айналысып келеді. Өткен жылы ол мемлекеттік бағдарлама арқылы несие қаржы алып, Сарыөзен жағасынан бау-бақша салды. Оның нәтижесі – мына суреттерден көріп отырғандарыңыздай. Біз жертөледен қақаған аязда әлі сапасы сол күйінде сақталып тұрған өнімдерін ақ қар үстіне қойып суретке түсірдік. Бұдан кейін ағамыздың дастарханында қарбыздың дәмін таттық. Дәмі тіл үйіріп тұр! Ағамыз: -Алла қосса жаз айында тағы да бақша салуды ұйғарып отырмын. Өзіміздің өнімімізге не жетсін?! –дейді. Расында да жаз айында базарлардан шыққан тегі белгісіз, немесе клондалған бақша өнімдерін қымбат бағаға сатып алғанша, осындай жергілікті өнімдерді өзіміз өсірсек ұтар едік. Айтпақшы, ағамыздың «мәуелі бағында» түрлі жеміс ағаштары жаз айында мол өнім беріп келеді.

Мөлдір ӘНУАРБЕК


35 ТҰРҒЫН ҚАБЫЛДАУДА БОЛДЫ

Күні: , 102 рет оқылды

16422938_239090763167486_6665039385327359717_o1 ақпан күні аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр, мекеме-кәсіпорын басшылары, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары «Ашық есік» күндері аясында Жалпақтал ауылында болып, мәдениет үйінде тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Үш сағатқа созылған шарада аудан басшысы 13 адамды, мекеме кәсіпорын басшылары 22 ауыл тұрғындары жекелеген сұрақтары бойынша қабылдады. Мәселен, аудан әкімінің қабылдауында Гүлбарам Сатиева, Күнсұлу Бисенғалиева, Эльмира Турманова, Гүлшат Танкубаева тұрғын үйме қамтылсақ деген өтініштерін білдірсе, Назгүл Мұстажапова, Гауһар Нұрмұханбет, Нұрайша Мақсотва тұрақты жұмыс сұрайтындықтарын айтты. Қабылдауға келген азаматтар тарапынан өзге де мәселелер көтеріліп, түрлі ұсыныс пікірлер айтылды. Зейнеткер Бисенғали Айтжанов үйінің апатты жағдайда екенін, «Ленин» орденінің иегері, ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарған Мұқас Айтжановқа ауыл ішінен кеуде мүсіні орнатылса, жеке кәсіпкер Ахметқали Қарағойшин ауданымыздағы игерілмей жатқан шабындық жерлерді алып жұмыстансам деген ойын білдірді. Қабылдауға сондай-ақ кәсіпкер және ісін енді бастағалы келіп жүргендер де келді. Аудан басшысы Нұрлан Мағазұлы, сала басшылары азаматтарға кәсіпкерлікті қолдау, дамытуға орай мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп жатқанын айтып, бұл бағыттағы мемлекеттік бағдарламалар туралы жан-жақты түсінік жұмыстары жүргізілді. Көктеректік Зинайда Ажкеева қызының ветеринария саласының маманы екенін айтып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатыса ала ма деген сауал тастады. Сонымен қатар қабылдауда болған кейбір тұрғындар ауыл ішіндегі бұралқы иттердің көбейгендігін жайында арыз-шағымдарын айтты. -Бүгін біз «Ашық есік» күндері аясында қабылдауға келгендердің көтерген мәселелеріне, әсіресе тұрғын үй мен тұрақты жұмысқа байланысты жан-жақты түсінік бердік. Айтылған мәселелер өз кезегінде шешілетін болады,-деді қабылдауда Нұрлан Бекқайыр.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


ЕЛУ БЕС ЖЫЛ БОЙЫ ЖҰПТАРЫ ЖАЗЫЛМАҒАН

Күні: , 90 рет оқылды

16422884_238994619843767_1266567318807440819_oҚоғамның ұйытқысы да, алтын арқауы да – отбасы. Отбасы мықты болса, мемлекеттің де еңсесі биік болмақ. Қай елде болсын берік те берекелі отбасылар баршылық. Олар өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көріп, талай қиындықты бастан өткерген, өмірге ұрпақ әкеліп, оларға саналы тәрбие беріп, өмір бойы адал еңбек еткен жандар. Әңгімелегелі отырған бүгінгі кейіпкерлеріміз Қазталов ауылының тұрғындары — Нәбиолла Ғаббасов пен Сәбира Хамзина осындай жандардың қатарына жатады. 55 жылдан бері жұптары жазылмай, үлгілі отбасы бола білген Нәбиолла ата мен Сәбира әже 3 ұл, 3 қыз өсіріп, олардан 16 немере-жиен, 5 шөбере сүйіп отырған бақытты жандар. Отағасы Нәбиолла Ғаббасұлы 1937 жылы дүниеге келген. Қызметінде абыройлы, жанұяда сыйлы бола білген отағасы өзінің іскерлігі, біліктілігі мен еңбекқорлығының арқасында елге сыйлы бола білді. Нәбиолла ата М.Калинин атындағы Саратов ауыл шаруашылығын механикаландыру институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп, көп жылдар ауданның экономикалық-әлеуметтік даму жолында аянбай қызмет етті. Тракторист-токарь болып еңбек жолын бастаған Нәбиолла ата Қараоба ұжымшарының бас инженері, Қазталов аудандық мемлекеттік техникалық бақылау бастығы қызметтерін атқарды. 1997 жылы құрметті зейнетке шықты. Елу бес жыл бір адамның тағдыры екенін ескерсек, еліне қызмет етіп қана қоймай, шаңырағын шаттыққа толтырып, шайқатпай ұстау екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Бар өмірін қызметімен қатар бала тәрбиесі мен жанұясына арнаған Нәбиолла ата мен Сәбира әже бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр. Қазір зейнеткерлер немерелері мен шөберелерінің балдай тәтті қылығына тоймай, өмірден көргені мен түйгендерін айтып отырудан жалыққан емес. 55 жылдан бері жұптары жазылмай келе жатқан ерлі-зайыптының жастарға да айтары көп. – «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген нақыл сөз бар. Бір шаңырақ астында өмір сүріп, ошақтың түтінін түзу түтету, ұл-қызыңды тәрбиелеу үшін ең алдымен шыдамдылық пен сабыр керек. Отбасы құндылығын қадір тұтып, бірінші орынға қою керек. Сонда ғана шаңырағы шайқалмай, босағасы берік болады,- дейді ақсақал. Әулет ақсақалы Нәбиолла ата 1 ақпан күні сексеннің сеңгіріне шықты. Шаңырақтың шаттығын сақтап, ұл-қыздарын тәрбиелеп, бүгінде үлкен әулеттің ақылшысы болып, 55 жыл бойы жұптары жазылмай келе жатқан Нәбиолла ата мен Сәбира әженің отбасы қуанышқа тола берсін. Алла оларға ғасыр бойы жұп жазбауға нәсіп етсін. Осындай жастарға үлгі болар отбасы көп болғай.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


БАСТАУЫШ ПАРТИЯ ҰЙЫМДАРЫ ЕЛБАСЫ ҮНДЕУІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Күні: , 176 рет оқылды

16406497_238986163177946_1293721406052334002_n1 ақпан күні аудандық «Нұр Отан» партиясының ғимаратында Елбасы үндеуін насихаттау мақсатында аудандық бастауыш партия ұйымы төрағаларының қатысуымен кезедесу өтті. Кездесуде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Марат Тоясов Елбасы Үндеуіндегі жүзеге асырылғалы отырған Конституциялық реформа мемлекет пен қоғам үшін өте маңызды екенін айтып, -Жаңа өзгерістер мемлекеттің дамуын жаңа кезеңге шығарады,-деді. Сондай-ақ кездесуде бастауыш партия ұйымының төрағалары жыл бойына атқарылған жұмыстарына тоқталып, паритяның алда тұрған міндеттерімен танысты. Кездесу соңында бастауыш партия ұйымының төрағалары түрлі сауалдар қойып, тиісті жауаптар алды.

Әсем БОЛАТ


ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕЛЕРІМЕН ҚАБЫЛДАДЫ

Күні: , 128 рет оқылды

16463838_238972253179337_6468164382679245746_o31 қаңтар күні «Ашық есік күні» шарасы барысында аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр және салалық мекеме жетекшілері тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға 11 ауыл тұрғыны келді. Соның ішінде 4 адам жұмысқа орналасу мәселесімен болса, тұрғын үй мәселесі жөнінде 6 адам қабылдауда болды. Осы мәселелерге орай адамдардың жұмысқа орналасуы үшін аудандық жұмыспен қамту орталығына барып тіркелу туралы түсінік беріліп, тұрғын үй мәселесі бойынша үй алуға кезекке тұру қажеттігі де айтылды. Сондай-ақ қабылдауда болған кейбір ауыл тұрғындарының тұрғын үйлері апаттық жағдайда деп тану үшін қорытынды жасауға Орал қаласынан эксперт мамандарды шақырту арқылы шешілетіні ескертілді. Жеке кәсіпкерлік ісін ашқысы келетін адамдарға қандай мүмкіндіктері бар екендігін түсіндіру тиісті мекемеге тапсырылды.

Әсем БОЛАТ


ЖАСТАРМЕН ЖҰМЫС ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Күні: , 132 рет оқылды

16252084_238706876539208_8150088406913923100_o31 қаңтар күні аудан әкімі Нұрлан Бекқайырдың төрағалық етуімен жастармен жұмыс жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Кеңеске ауылдық округ әкімдері, ардагерлер, жастар ресурстық орталығының кеңесші мамандары, ауылдық округ имамдары, жастар қатысты. Кеңесте аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрлан Кенжин, — аудандағы жастар ресурстық орталықтың округ жастары жетекшілерімен орталықтандырылғаны жөнінде және алдағы атқарылатын істері туралы баяндама жасады. Сондай-ақ Бостандық, Жаңажол ауылдық округтері бойынша жастар ресурстық орталығының кеңесші мамандары Қайрат Науханов пен Ерхат Бекмулдин сөз сөйлеп, жастар саясатын жүзеге асыруда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, бірігіп жұмыс атқаратындарына сенім білдірді. Кеңейтілген отырыста БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Кенесары Нұршинов, -Бүгінгі таңда елімізде жастарға қатысты маңызды мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жоғарғы деңгейде іске асырылуда. Осы орайда аудан жастары қандай да болмасын бағдарламалардың жүзеге асуына атсалысып, жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсетіп келеді. Бұның өзі жастар саясатының дұрыс бағытта дамығанын байқатады, -деді. Кеңес соңында жастар өкілдері Елбасы Жолдауының үндеуіне қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Жұлдыз АСҚАР


ЕЛБАСЫНЫҢ ХАЛЫҚҚА ЖОЛДАҒАН ЖОЛДАУЫ МЕН ҮНДЕУІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Күні: , 148 рет оқылды

16423101_238675126542383_6745107933559698372_o25 қаңтар күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға арнайы үндеу жасап, 30 қаңтар күні Жолдау жолдады. Елбасы, Президенттің бірнеше өкілеттігін Парламент пен Үкіметке беру туралы шешім қабылдағанын жариялады. Осыған орай 31 қаңтар күні Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы мен Үндеуін талқылауға арналған актив жиналысы өтті. Жиналысқа аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр, аудандық мекеме, бөлім басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, ардагерлер, қоғамдық кеңес мүшелері, аудан жастары қатысты. Жиналысты ашқан аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр еліміздің ертеңі үшін Жолдау мен Үндеудің маңызының зор екенін айтып, -Елбасы ұсынған жаңа бағыт мемлекеттігімізді одан әрі нығайтуға және биліктің барлық тармақтарының жауапкершілігін күшейтуге арналған. Сондай-ақ Президенттің биылғы Жолдауы ерекше болып отыр. Оның ерекшелігі, Президент өз Жолдауында жаңғыртудың үшінші кезеңіне көшетініміз туралы мәлімдеді, -деді. Жиында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішев, аудандық мәслихат хатшысы Еркін Ғазизов, облыстық мәслихат депутаты Мағауия Есмағұлов, К.Меңдәлиев орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Абылай Молдашев, «Нұр ана» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айсұлу Иманғалиева Елбасы Жолдауы мен Үндеуіне қатысты өз пікірлерін білдірді. -«Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлін күшейтеміз. Парламент сайлауында жеңген партия үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ететін болады. Бұл министрлер кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін арттырады.» -деді Елбасы өз Үндеуінде. Елбасының билік тармақтарының арасындағы өкілеттілікті қайта бөлу жөніндегі бастамасын біз де құптаймыз. Еліміздің жаңа демократиялық қоғам құрудағы, «Қазақстан – 2050» стратегиясын іске асырудағы және мемлекеттік басқару жүйесін тиімді өкілеттіктерін құрудағы бұл өте тың бастама және керек бастама деп білеміз. Сонымен қатар ел Прездиентінің кеше ғана халыққа жолдаған Жолдауын оқып шықтық. Ондағы айтылған ойлармен де толық келісеміз, -деді сөз сөйлеушілер. Жиын соңында айтылған мәселелер бойынша қарар қабылданды.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРҒА ҮЙДЕН КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

Күні: , 72 рет оқылды

16300219_238407789902450_8104831544995431904_o 16422598_238407999902429_1287370458975525327_oМүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамнан тыс қалмауына мемлекет тарапынан жіті көңіл бөліне бастады. Елбасы да өзінің әр Жолдауында мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс екенін айтқан болатын. Ең бастысы, олар да өздерін қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезінулері тиіс. Осы орайда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен аудандық орталық аурухана тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетудің кешенді шаралары жүзеге асырылуда. Соның айғағындай 30 қаңтар күні мүгедектерге көрсетілетін қызмет түрлерінің сапасын арттыру және қолжетімдікпен қамтамасыз ету мақсатында денсаулық сақтау және әлеуметтік сала қызметкерлері Қазталов ауылының мүмкіндігі шектеулі балалар, қозғалуы қиын I топ мүгедектерінің үйлеріне барып, кеңес беріп, қажетті емдік шаралар жүргізді. Әлеуметтік сала қызметкерлеріне I топ мүгедегі Марлен Нұрғазиев сыртқа серуендеуге шығатын қоларба керек деген ойын білдірсе, Ақболат Ғазизжанов кіріп-шығуға қолайлы үй алуға көмек қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар тегін массаж жасау, жеке көмекші қажеттігі, үйден ем-дом қабылдауға мүмкіндік керектігі туралы да айтылды.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.