АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: Февраль, 2017


АУЫЛ ІШІ ҚАРДАН ТАЗАРТЫЛУДА

Күні: , 166 рет оқылды

16804353_244763795933516_5396110082406360856_o«Қыстың көркі-қар» демекші, Жер ананы ақ мамыққа ораған осы бір мезгілдің өзіндік тосын жайттары мен еркешелігі жетерлік. Жас баланың мінезіндей үнемі құбылып тұратын күн райы әсте болжау мүмкін емес. Бірде көктен күн күлімдесе, бірде жапалақтап қар жауып, сәл жел көтерілсе соңы ақ түтек боранға ұласып жатты. Тура осындай, ауа райының тосын мінезі желтоқсан айында байқалды. Әрине қыс болғаннан кейін қардың да , үскірік аяз бен дүлей боранның болғаны да заңдылық. Дегенмен, аз уақыт ішінде үсті-үстіне төпелей жапалақтап жауған қалың қардан ауылдас ағайындар әбден мезі болды. Жақында аудан әкімі Нұрлан Бекқайырдың төрағалығымен көктемгі су тасқынының алдын алу барысы және төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында жиын өткен болатын. Сол жиында аудан басшысы тиісті мекеме басшыларына, округ әкімдеріне тапсырма беріліп, 15 ақпан күні Жалпақтал ауылындағы су басу қаупі бар аймақтардың қарлары шығарыла бастады. Бұған аудандық бюджеттен 1млн200 мың теңге қаражат бөлінді. -Су басу қаупі бар аймақтардың қарын тазартуға арнайы техника жұмылдырылып, бұл жұмыстарды Жалпақтал коммуналдық шаруашылық мекемесі атқаруда. Күні бүгін 350 тонна қар шығарылды,-дейді Жалпақтал ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Нұрлан Өтеғалиев. Сонымен қатар С.Датұлы көшесінің жол жиегіндегі арықтар қардан ашылып, су жүретін жолдар тазартылуда. Ауыл ішіндегі су басу қаупі бар аймақтардың қарларын шығару жұмыстары өз жалғасын табуда.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


ШАҢҒЫШЫЛАР ЭСТАФЕТАСЫ ӨТТІ

Күні: , 148 рет оқылды

16722436_244330985976797_1284271093656829299_o16 ақпан күні Алматы қаласындағы 28–інші қысқы Универсиадаға қатысқан жерлес жеңімпаздарды қолдау мақсатында ерлер және әйелдер арасында шаңғыдан эстафета жарысы өтті. Жарысқа А.Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектебі, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және дене шынықтыру бөлімі, аудандық балалар- жасөспірімдер туризмі және экология орталығынан шаңғышылар қатысты. Нәтижесінде әйелдер арасында өткен эстафетадан (1500 метр) 1 орынды Гүласыл Нұғманова, 2 орынды Назерке Нығметова, 3 орынды Ханшайым Ақсақова алса, ерлер арасында (3 шақырым) 1 орынды Нұрбек Шайдуллин, 2 орынды Қажымұрат Аяпов, 3 орынды Ержан Жұмалы иеленіп, алғыс хаттармен марапатталды.

Жұлдыз АСҚАР


«СКАНДИНАВСКАЯ ХОДЬБА» НЕМЕСЕ ТАУФИХ АҒАМЫЗДЫҢ СПОРТПЕН АЙНАЛЫСУЫ

Күні: , 96 рет оқылды

16722828_244261595983736_6695039444419719688_oҮйіміз бір бағытта болғандықтан ағаны күнде көремін. Қолында шаңғының таяқшасын ұстап, шаруасына бара жатады. Шаңғы таяқшасын ұстағасын аяғында шаңғы болу керек қой. Бірақ аяғында шаңғы жоқ. Бір күні әуестікпен,- Бұл қандай жүріс? -деп ойлап, ағаға жолықтым. Тауфих Мұқанов ағамыз ұзақ жылдар қаржы саласында қызмет еткен. Сонау ел экономикасының қиыншылық кезінде аудан әкімінің бірінші орынбасары қызметін де абыроймен атқарған. Сол уақытты көре қалғандар: -Басшы болсаң, Тәкеңдей болыңдар! Оның бойындағыдай адамгершілік, қарапайымдылық, үлкен-кішіні сыйлау кез келгеннің бойынан табыла бермейді ғой,-дейді. Расында да бүгінгі мемқызметшілерде осындай қасиеттер көп болса, халықтың сүйіспеншілігіне бөленер еді деп ойлаймыз. Енді негізгі әңгімемізге көшейік. Тауфих ағамыз айтады: -Бұл шаңғы таяқшасын ұстап жүруімнің себебін түсіндірейін. Бұны «Скандинавская ходьба» деп атайды. Бұл да спорттың бір түрі. Негізі сонау Финляндия елі жағынан тараған. Менің қолымда бұл спорт түрінің арнайы таяқшасы болмағандықтан, шаңғының таяқшасын ұстап жүрмін. «Скандинавская ходьба» таяқшасын пайдаланғанда адам денсаулығының жақсаруына үлкен әсер етеді. Мәселен стрессті түсіреді, жүрек-қан тамырларының қалыпты жұмыс жасауына, қимыл-қозғалысты арттыруға, ми қызметін реттеуге, қан айналымын жақсартуға және тағы басқа да денсаулыққа тигізер пайдасы көп. Осындай спортпен айналысу бүгінгі күнде түрлі демалыс, шипажай орындарында да пайдаланылып келеді. Жалпы бұл таяқшаны күн сайын кем дегенде 20 минут пайдаланған жөн,-деп әңгімелеп берді. Ағамыздың әңгімесінен кейін таң қалдым. Тауфих ағаның жетпістің төріне шығуына «бір баспалдақ» қалған екен. Ал ағамыз тың. Оның осындай тың болуы спортпен айналысуынан болар. Шындығы керек жасы үлкен адамдар арасынан ,-Аяғым сырқырайды, басым айналады, жүріп-тұра алмаймын, қарттық жетті ғой,-деген әңгімелерді жиі естіп жатамыз. Егер барлығы Тауфих ағадай спортпен айналысса, айналамызда дені сау адамдар көп болар еді. Елімізде адамдар арасында бұқаралық спорттың жандануы — осындай үрдістерден көрінеді деп білеміз.

Әсем БОЛАТ


БҮЛДІРШІНДЕР МӘЗ-МЕЙРАМ БОЛДЫ

Күні: , 96 рет оқылды

16586918_243981049345124_6190184025849144096_o15 ақпан күні аудандық мәдениет үйінде «Шоу лэнд» театры «Холодного сердца» атты өз қойылымын ұсынды. Қойылымда Ұлмаш Жұбанышкереева, Мержан Серіков, Арман Жүнісов, Әміржан Майданов, Әбілхайыр Оразғалиев ертегі кейіпкерлерінің рөлін шебер сомдап, балаларға көңілді кеш сыйлады.

Жұлдыз АСҚАР


ЖЕРЛЕСТЕРДІҢ ЖЕҢІСІ

Күні: , 106 рет оқылды

16797580_1739045516407024_3247344186339652078_o15 ақпан күні  Орал қаласында самбо күресінен спорт шеберлері арасында Батыс Қазақстан облысының чемпионаты өтуде Осы жарыста жерлестеріміз жеңіс тұғырынан көрінді. +100 келіде Ержан Абатов, 90 келі салмақта Айбар Мұғалбаев, 74 келі салмақ дәрежесінде Мəлік Төлегенов, 81 келіде Руслан Жақыпов, 74 келіде Абзал Сүндетов жеңіс тұғырынан көрініп, облыстық чемпионаттың жеңімпазы атанды. Ал 81 келіде Болат Мəліков пен Жанболат Нұрқашев ІІ-ІІІ орындарды бөлісті. Осы жарыста жасөспірімдер жəне қыздар арасында 80 келіде Айнажан Байганина чемпион атанды.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


БІР ШӨЛМЕК АРАҚ ҮШІН 22 МЫҢ 690 ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ ТӨЛЕДІ

Күні: , 136 рет оқылды

16602671_243918692684693_1128264247647209500_nӘлі есімізде, сонау 90-98-інші жылдардың ортасында қазіргідей дүкендер жоқ, болса да аз, сол дүкендерде қонақ келіп қалса, дастарханға қоятын жартылық та жоқ. Сол кезде үлкендер бейсауыт келіп қалған қонақтың алдына жартылық қою үшін «Точкаға» жүгіретін… Ал «Точка» дегеніміз үйінен жасырын түрде спирт сататындар. Баклажкаға құйып әкелінген спирт суға қосылғанда келген «қонақты» «қызартатын, көңілдендіретін» «сусын» болып шығатын еді. Бүгінде бұл келмеске кетті. Ағы бар, көгі бар дүкен толған ішімдік. Ақшаң болса «сәрмәңдата» бере-бер… Бірақ, сол дүкендерде арнаулы рұқсат алмай ішімдік сату фактілері әлі таусылып болмаған екен. Соның бір айғағы 2 ақпан күні 2017 жылы сағат 11:00 шамасында Болашақ ауылында дүкен иесі А.-ның қарауында жұмыс жасайтын сатушы Г. азамат К.-ге бір шөлмек 40 % ақ арағын сатып, дүкен иесі А. ӘҚБтК-нің 200-бабының 3-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасаған. Аудандық сот мәжілісі А-ны ӘҚБтК-нің 200-бабының 3-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп тауып, және осы бап бойынша оған 1 (бір) ай мерзімге алкоголь өнімін бөлшек саудада сату қызметпен айналасуға лицензиясының қолданысын тоқтата тұрып, 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 22 690 (жиырма екі мың алты жүз тоқсан) теңге көлемінде айыппұл салу туралы қаулы шығарды. Сөйтіп, бір шөлмек арақтың құны 22 мың 690 теңгеге шықты.

Әсем БОЛАТ


СПОРТШЫЛАРЫМЫЗ ОЛЖАМЕН ОРАЛДЫ

Күні: , 156 рет оқылды

16729170_243560876053808_8541492359820124243_n11-12 ақпан күндері аралығында Орал қаласында Классикалық және жабдықтырылған жатып көтеруден ерлер мен әйелдер арасында Батыс Қазақстан облысының Кубогіне жарыс өтті. Аталмыш жарысқа аудандық орталық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары мен оқушылары қатысып, олжамен оралды. Жарыс қорытындысы бойынша 32 келі салмақ дәрежесінде Оралхан Қабдолғазизов 1 орын, 36 келіде Әділжан Нұртаев 1 орын, 44 келіде Әділет Жүсіпов 1 орын, 59 келіде Әділхан Нығметов 1 орын, 66 келіде Айдын Елемесов 1 орын, 120 келі салмақ дәрежесінде Жасұлан Құлхайыров 2 орынға ие болып, спортшыларымыз Республикаға жолдама алды. Спортшыларымызға тек қана сәттілік тілейміз!

«Ауыл айнасы» ақпарат


ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН АШЫҚ БІРІНШІЛІК ӨТТІ

Күні: , 176 рет оқылды

16664886_243551866054709_8089375552193918697_o11 ақпан күні аудандық орталық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 2001-2003 жылғы жасөспірімдер арасында қазақ күресінен аудандық ашық біріншілік өтті. Біріншілікке Жалпақтал, Қараоба, Бостандық, Көктерек, Тереңкөл, Киров және Казталов аудандық орталық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі командаларының палуандары қатысты. Тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша 32 келі салмақ дәрежесінде Сұңғат Әдімбаев ( Жалпақтал) 1 орын, 35 келіде Ерназ Теміржанұлы (Жалпақтал) 1 орын, 38 келіде Қайсар Бисенов (Жалпақтал) 1 орын, 42 келіде Берсінбек Нұғманов (Тереңкөл) 1 орын, 46 келіде Армат Ерниязов (Қазталов) 1 орын, 51 келіде Еркебұлан Ерсайынов (Тереңкөл) 1 орын, 57 келіде Мұхамбет Ахмет (Қазталов) 1 орын, 64 келіде Бақтыгерей Табиғат (Тереңкөл) 1 орын, 64 келіде Айымбек Насибуллин (Қазталов) 1 орын, 32 келіде Зейнолла Мейрамбек (Казталов) 2 орын, 35 келіде Нұрлыхан Ғаббасов (Тереңкөл) 2 орын, 38 келіде Архат Эньгелсов (Бостандық) 2 орын, 42 келіде Қуаныш Қуанов (Жалпақтал) 2 орын, 46 келіде Манарбек Кенжин (Тереңкөл) 2 орын, 51 келіде Иманғазы Самигуллин (Қазталов) 2 орын, 57 келіде Дәулет Серіков (Тереңкөл) 2 орын, 64 келіде Әнуар Өтепов (Қазталов) 2 орын, 64 келі салмақ дәрежесінде Нұрбек Дәулеткалиев (Қазталов) 2 орынды иеленді. Сондай-ақ «Жеңіске деген жігерлігі» үшін номинациясы бойынша Сағыныш Мұратқалиев (Киров), Шапағат Тлеуғалиев (Тереңкөл), Батырбек Рысбек (Көктерек) марапатталды. Палуандарымызға алдағы уақытта да тек жеңіс тұғырынан көрінулеріңе тілекшіміз.

Әсем БОЛАТ


«ГҮРІЛДЕУІК» БӨГЕТІН БЕКІТУІМІЗ КЕРЕК

Күні: , 144 рет оқылды

16665684_243545229388706_2908818594041206597_o14 ақпан күні Жалпақтал ауылында көктемгі су тасқынының алдын алу барысы пысықталып, жиын өтті. Аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр төрағалық еткен жиынға жауапты мекеме кәсіпорын басшылары, ауылымыздың ақсақалдары қатысты. Жиынды ашқан аудан басшысы төтенше жағдайларды болдырмау, егерде бола қалған уақытта оларды жою, дала өрттері, көктемгі су тасқыны кезінде бірлесіп жұмыс жасау керектігін айтты. – «Шанаңды жазда, арбаңды қыста сайла» демекші, көктем уақыты жақындап келеді. Біз су тасқынын болдырмау бағытында жұмыстарды қолға алуымыз керек. Су тасқынының өте үлкен қаупі бар. Былтырғы күзгі ылғал, қыстағы қардың қалыңдығы мен ылғалдылығы. Біздің міндетіміз қолдағы бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, халыққа, ғимараттарға қауіп төнбеуін, экономикамызға шығын келмеуін қамтамасыз ететін бірлескен шешім қабылдауымыз керек Сондай-ақ қар жаппай еріген кезде елді мекендерде тұрғын үйлерге су кіріп, жол бұзылып жатады. Сондықтан қандай ма болсын төтенше жағдайға әзір болу қажет. Төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою жөніндегі комиссия мүшелері осы кезеңде ешқайда кетпей, өз жұмысына аса жауапкершілікпен қараған жөн, — деді Нұрлан Мағазұлы. Жиында «Қараөзен» өзенінің ерігін қар суын құятын жерлерді анықтап, қарларын ашып, ауыл ішіндегі су жүретін трубалардың қарларын ашу, тазарту керектігі сөз болды. Мұнан кейін еңбек ардагерлері Хамидолла Берғалиев, Нағым Ризуанов «Гүрілдеуік» бөгетін бөгеп, топырақ дайындау керектігін, биылғы қардың ылғалдылығын айтып, қар еріген уақытта көлдіктерге су шығару қажет екенін айтып, ақсақалдардың ұсыныс-пікірлері, ойларын тыңдады. Аудан басшысы облыс орталығындағы «Қазсушар» мекемесіне хабарласып, қажетті техникаларға сұраныс беру керек екенін айтты. Сонымен қатар аудан әкімнің орынбасары Нұретдин Құтқожин күні бүгін 16500 дана қапшық бара екені оның өзі жетіспейтіндігін айтып, тағы да 30-40 мың дана қапшық керек болатындығын жеткізді. Ал Қараөзен ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қабдолұлы «Гүрілдеуік» бөгетінің жағдайының шамалы екенін, 340 рейс «КаМАЗ» топырақ дайындау керек екенін, егерде «Гүрілдеуік» бөгетінен айырылса жағдайдың қиын болатындығын жеткізді. «Автобаза», «Құлақ», «Жиеш», «Ғайса», «Гүрілдеуік» көпірлері мен бөгеттеріне қажетті топырақ әзірлеуді жайы да айтылды. Сонымен қатар «Біз, біріншіден, ауылдарды, ондағы үйлер мен әлеуметтік нысандарды су басудан сақтауымыз керек,-деді Нұрлан Мағазұлы, — ал екіншіден, даладағы осы суды тоғандарға, бөгеттерге ұстап қалып, пайдаға асыруға тиіспіз. Көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында, су тасу қаупі бар деген округтер толықтай қапшықпен, қамыс плитамен толық қамтамасыз етуіміз керек. Тасқын судың алдын алуды қамтамасыз ету үшін аудан әкімінің орынбасары Нұретдин Ихсанұлына, аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдар бөлімінің басшысы Нұржан Ислямовқа, Жалпақтал, Қараөзен ауылдық округ әкімдеріне тарсырамын». Басқада мәселелер айтылып, жиынды аудан басшысы Нұрлан Бекқайыр қорытындылады.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


АУДАН ТАРИХЫНАН СЫР ШЕРТЕР ТАРИХИ ҚҰЖАТ ТАБЫЛДЫ

Күні: , 162 рет оқылды

16601586_243240219419207_4665076567670718718_oЕл мен жер тарихынан сыр шертетін тарихи деректер мен құжаттар қашанда құнды әрі бағалы. Мұндай құжаттардың ішінде көптеген пайдалы деректер молынан ұшырасады. Олай дейтін себебіміз, бұндай құжаттардағы деректердің өлке тарихын түгендеуде алатын орны ерекше. Осындай құнды құжаттардың бірін бізге аудандық қаржы және экономика бөлімінің басшысы Жанболат Темірғалиев таныстырды. 1930-1937 жылдары жазылған бұйрықтар кітабын ол жұмыс орнында қағаздар арасынан кездейсоқ тауып алған екен. Бұл бұйрықтар кітабының бір ерекшелігі – үш тілде толтырылғандығы. Араб, латын және орыс тілдерінде жазылған құжатта аудандық қаржы бөлімінің және салық комитетінің тарихы жатыр десек қате айтқандық болмас. Сондай-ақ тағы бір байқағанымыз бұл құжаттан сол кездегі Талов ауданындағы қаржы операциялары мен қаржы және салық саласында қызмет атқарған адамдар туралы толық мағлұмат алуға болады. Мысалы, сол кездегі аудандық қаржы бөлімінде Әзірбаев, Темірғали Нұрымбаев, Бисенғали Мұратов, Хұсайын Баткаев, Жұбан Бекқалиев сынды азаматтар 1930 жылдары түрлі дәрежедегі қызметтер атқарған. Ал Камал Айтқалиев деген азамат 1930 жылдың 16-шы сәуірінде қылмыстық іс қозғалуына байланысты тергеліп, жұмыстан босатылған екен. Бір өкініштісі, бұл кітаптағы көп мәліметтер араб және латын тілінде жазылғандықтан оқуға қиындық туғызып отыр. Осы құжатты оқып, аудара алатын маман болса аудан тарихының жаңа беттері жазылар еді. Керексіз тарих жоқ. Биыл 1937 жылдары орын алған жаппай қуғын-сүргінге 100 жыл толады. Мүмкін, осы құжаттан осы қуғын-сүргін құрбаны болған аудан азаматтары туралы тың деректер табылып қалар. Осыған орай араб, латын тілінде оқи алатындар болса редакцияға хабарласуларыңызды сұраймыз!

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.