АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 06.01.2017


ЖЕҢІС САРБАЗЫНА СЫЙ-ҚҰРМЕТ

Күні: , 94 рет оқылды

15874709_229554027454493_3159530573200845978_o5 қаңтар күні аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова Жалпақтал ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Жұмат Сәрсембиевтің отбасында болып, облыс әкімі Алтай Көлгіновтың жаңажылдық құттықтау хатын табыс етті. Аға буынның соғыста көрсеткен ұлы ерлігі мен тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне қосып отырған үлестерін ерекше атап, алғыс білдірген облыс әкімінің тілегін жеткізген аудан басшысының орынбасары майдангерге Жаңа жыл құт-береке әкеліп, арамыздан аман жүріңіз деген тілек білдірді. -Бүгінде біздің ұрпағымыздың бақытты ғұмыр кешуін көргенде тәубе дейміз. Сұм соғыс енді болмасын, еліміз тыныш, халқымыз аман болсын. Жастар тәуелсіздігімізді мәңгілік сақтау үшін білім алып, қажырлы еңбек етсін. Елбасымыз жаңа жетістіктерге, табыстарға бастай берсін,-деп ақжарма тілегін ағытқан Жұмат ақсақал келгендерге ас-дәмін ұсынып, Жаңа жыл дастарқанына шақырды. Сонымен қатар майдангерге «Самырұқ-Қазына» АҚ-ы атынан ақшалай сыйлық та табысталды. Кездесу соңында Жұмат атамыз облыс, аудан басшылығына ризашылғын жеткізіп, ақ батасын берді.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


«ӨЛЕҢНІҢ ТАУ ТҰЛҒАСЫ – ҚАДЫР АҚЫН»

Күні: , 76 рет оқылды

15936527_229528384123724_8261269835832360668_o5 қаңтар күні аудандық кітапхананың оқырмандар залында Қазақстанның халық жазушысы, ақын, сыншы, драматург Қадыр Мырзалиевке арналған «Өлеңнің тау тұлғасы – Қадыр ақын» атты поэзия кеші өтті. Поэзия кешіне ардагер-ұстаздар, кітапхана оқырмандары мен мектеп оқушылары қатысты. Шара Қадыр ақын туралы бейнефильмнен басталды. Кеште қатысушылар Қадыр ақынның «Қайсысы, даласы ма, қаласы ма?», «Терең десең терең-ақ, биік десең биік-ақ», «Бәрі де ана», «Күн шуақ», «Мекен-жұртым, жыр күтіп далам менің», «Махаббат поэзиясы» сынды өлеңдерін оқыды. Сонымен қатар ардагер-ұстаз Гүлжан Исмағұлова, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Нұрия Хабибуллина, балабақша тәрбиешісі Айжан Құспанқызы Қадыр ақын туралы ойларын айтып, оның жырларынан үзінділер оқып берді.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


ОН САУСАҒЫНАН ӨНЕР ТАМҒАН ЖАҢЫЛ АПА

Күні: , 78 рет оқылды

15873123_229470217462874_8123888099479976883_nБүгінде заман ағымына сай ой-өрісі жоғары, зерделі мұғалім болу — уақыт талабы. Мұғалім шеберлігі – бұл өте жоғары білімді сапалар жиынтығы, әрі ұдайы жетіліп отыратын тәрбиелеу мен оқыту өнері. Осындай асыл қасиеттерді бойына жинаған шебер де білікті ұстаздардың бірі — Алма Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің жоғары санатты технология пәнінің мұғалімі, «шебер қолдар» үйірмесінің жетекшісі Жаныл Айжарыхова. Жаныл Дюсембайқызы тек оқушыларға дәріс беріп қана қоймай, сонымен қатар мектептегі оқушылардың, биші қыздардың да киімдерін тігіп, халықтың ілтипатына бөленіп жүрген ұстаз. Жаңыл апамыздың айтуынша ұстаздық жолда 27 жылдан бері аянбай еңбек етіп келеді. Күнделікті сабақтан тыс қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Жуырда «Тәуелсіздікке тарту» облыстық жобасы аясында Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әлі мәдениет және өнер орталығында өткен аудан суретшілері мен бейнелеу және қолөнер шеберлерінің көрмесінде Жаңыл Айжарыхованың туындылары үздік деп танылып, алғыс хатпен марапатталды. Әрине, осының барлығы ұстаздың қажырлы еңбегінің арқасы. Сондай-ақ Жаңыл Айжарыхованың шәкірттері дайындаған «Гобелен», «Батик», «Макраме», «Қазақтың ұлттық ою-өрнектері» сынды қолөнер туындылары да ауданымызда «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына» орай өткізілген көрмелерде де орын тауып жүр. Технология, бейнелеу өнері, музыка және сызу пән бірлестігінің жетекшісі Жаңыл Айжарыховаға алдағы уақытта шығармашылық шабыт пен тың ізденістер тілейміз. Шежірелі Ақжайықтың даңқын асқақтатар тамаша туындыларыңыз көп болсын!

Әсем БОЛАТ


ХАДИША БӨКЕЕВАҒА 100 ЖЫЛ

Күні: , 134 рет оқылды

15826344_229142484162314_647419601737757076_nБиыл жерлесіміз, театр және кино актрисасы, Қазақстанның халық әртісі, КСРО халық әртісі Хадиша Бөкееваның туғанына 100 жыл толады. Осыған орай аудандық тарихи-өлкетану мұражайына барып, Назкеш Адаялиевамен тілдескен болатынбыз. — Хадиша Бөкеева 1917 жылы 21 ақпанда Қазталов ауылында дүниеге келген. Қазақстанның және Кеңес Одағының кино және театр актрисасы, театр қайраткері, профессор. КСРО және Қазақстанның халық әртісі. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Қазақстан Республикасының ең жоғарғы «Отан орденімен» марапатталған. Хадиша Бөкеева М.Әуезовтың «Еңлік-Кебегінде» Еңлік, “Қарақыпшақ Қобыландысы” мен “Абайында” Қарлыға, Әйгерімді, Ғ.Мүсіреповтің “Ақан сері-Ақтоқтысында” Ақтоқты, “Қозы Көрпеш- Баян сұлуында” Күнікей, А.Островскийдің “Кешіккен махаббатында” Людмила сынды көптеген рөлдерді сомдаған. Мұражайымызда Хадиша Бөкееваға арналған бұрыш әзірленді. Бұрышта Хадиша апамыздың Қазталов ауылына келген кездегі фотолары бар. Сондай-ақ халық әртісі туралы фотолардан стенд жабдықталуда, -деді мұражай меңгерушісі Назкеш Адаялиева. Ендеше, ауданымыздың атын әлемге асқақтатқан Хадишадай анамыздың 100 жылдық мерейтойын ел болып тойлауға атсалысайық, ағайын!

Гауһар ӘДІЛЖАН


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.