АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 04.10.2016


НӘСИБОЛЛА АҒА ГРАНТТЫҚ ҚОЛДАУҒА ИЕ БОЛДЫ

Күні: , 152 рет оқылды

14500195_193224691087427_772409076800237700_oЕлімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жақсарту әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының қатарынан орын алады. Мүгедек жандардың арасында қайсар мінезі мен өр рухы арқылы қиындықты еңсеріп жүргендері де жетерлік. Осындай санаттағы жандарды қолдау мақсатында «Құс жолы» қайырымдылық қоры «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен бірлесіп кәсібін жаңа бастаған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Жұлдыздарға қара» – «Посмотри на звезды» байқауын ұйымдастырған болатын. Осы байқауға Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы Қазталов аудандық филиалының қолдауымен Қазталов ауылының тұрғыны Нәсиболла Азаматов қатысып, 150 мың теңге көлемінде грант иегері атанып, оған тігін машинасы мен оверлокты машина сыйға тартылды. Нәсиболла аға көру қабілеті бойынша 2 топтағы мүгедек. Жұбайы Ғалия апаймен бірге көрпе жасаумен айналысады. Өткен жылы ресми түрде «Арай» жеке кәсіпкерлігін ашып, жүн түту станогын сатып алып, кәсібін алға дамытуда. Өнімге деген сұраныс жоғары. Енді міне Нәсиболла ағаға берілген тігін машинасы мен оверлок оның жұмысын жеңілдетіп, ісін алға жылжытары сөзсіз.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


«ҚАМҚОР» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Күні: , 94 рет оқылды

14468391_193205771089319_9133075031994093236_o 14481787_193205657755997_4594513632348749488_o 14500542_193205651089331_4001251918265339817_oЕлбасы арнаулы әлеуметтік қызметтердің баламалы үлгісімен жұмыс істеуді тапсырған болатын. Күні бүгінге дейін осы бағытта арнаулы қызмет көрсетуге жеке секторларды тарту жұмысы жүруде. Осы орайда 3 қазан күні аудан орталығында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен «Қазталов» қоғамдық ұйымымен келісім шартқа отырып, мүмкіндігі шектеулі балалар мен 18 жастан асқан психневрологиялық ауруы бар мүгедектерге қызмет көрсететін «Қамқор» орталығы ашылды. Орталықта 18 жасқа дейін және 18 жастан асқан адамдарға арналған екі кабинет жұмыс жасайды. Орталық қызмет алушыларға күндізгі жартылай стационарлық түрде 4 сағаттық қызмет түрі көрсетіледі. Арнайы мамандар мен әлеуметтік қызметкерлер жұмыс жасайтын орталықта жұмыс кестесіне сай арнаулы 8 түрлі әлеуметтік қызмет көрсету жолға қойылған.

Қайрат ЖАҚЫП


БАСКЕТБОЛШЫЛАР ЖАРАДЫ

Күні: , 123 рет оқылды

14500298_192991187777444_7052901364126188369_o28-29 қыркүйек күндері Орал қаласында өткен мектеп оқушылары арасында баскетболдан «Алтын доп» мектеп лигасы облыстық жарысында Қазталов орта жалпы білім беретін мектебінің оқушылары жүлделі 3 орынды жеңіп алды. Бұндай бәсекелі жарысқа алғаш қатысқан ойыншыларымыздың айды аспанға шығарып, жүлделі орыннан көрінулері аянбай төккен тер мен баскетбол үйірмесінің жетекшісі Жоламан Тасболатовтың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Жарысқа қатысқан оғландарымыз Нұрхан Ибрагимов, Ерхан Ибрагимов, Еркін Ерболат, Ербол Ғабділнасыр, Бекзат Ғабидуллин, Бекзат Ибрагимов, Армат Ибатов және Жәңгір Серікқалиды атап айтуға болады. Сондай-ақ осы жарысқа команданы бастап апарған және жанашырлық танытқан аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің әдіскері Нұрлан Мақсотұлы Нұрғалиетің де жеңіске қосқан үлесі зор екенін айта кеткеніміз жөн. Ауданымыздың намысын қоғаған команданың жеңісі құтты болсын демекпіз!

Қайрат ЖАҚЫП


НОВОУЗЕНСК ҚАЛАСЫНАН ЖҮЛДЕЛІ ОРАЛДЫ

Күні: , 158 рет оқылды

14589730_192927827783780_230894603170080280_o1-2 қазан күндері Ресей Федерациясының Новоузенск қаласында Саратов облыстық «Облводоресурс» унитарлық мекемесінің Новоузенск аудандық филиалының ұйымдастыруымен волейболдан қыздар арасында VII халықаралық турнир өтті. Осы турнирге ауданымыздан Қазталов орта мектебінің 2003-2004 жылдары туылған оқушылары қатысып қайтты. 14 команда қатысқан бұл жарыста аудан намысын қорғаған команда жүлделі 3-ші орынды иеленді. Сонымен қатар команда ойыншысы Махаббат Серікова «Үздік шабуылшы» атағын жеңіп алды. Қыздардың жеңіске жетуіне жаттықтырушысы Дәурен Қабдоловтың да еңбегі зор екенін айтқан жөн. Жарыстан жүлделі оралған команда мүшелерінің сайысқа баруға қолдау көрсеткен аудан әкімі аппараты, аудандық білім бөлімі, Қазталов орта мектебі мен көліктен демеушілік жасаған Пулат Сәлімовке айтар алғыстары шексіз.

Мөлдір ӘНУАРБЕК


«ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ — АСЫЛ ҚАСИЕТ»

Күні: , 117 рет оқылды

14525057_192922434450986_5812458745260659183_oҚайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. «Жанашырлыққа – жан риза» дегендей жетім, қамқорлыққа алынған балалардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске атсалысу әрбір адамның азаматтық парызы. Осыған орай 3 қазан күні аудандық психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінде қайырымдылық айлығына байланысты «Қайырымдылық – асыл қасиет» атты тәрбие сағаты өтті. Шараның мақсаты – балалардың санасына мейірімділік, қайырымдылық ұғымдарын қалыптастыру, әлеуметтік жағдайы төмен балаларға көмек көрсету, оқушыларды кішіпейілділілікке, бауырмалдыққа баулу. Шарада балалар «Мен қазақтың қызымын», «Қолшатыр», «Күзгі жапырақ» сынды әндерін орындап, осы шараға арнайы даярлаған балалардың шағын бейнетаспасы да ата-аналардың назарына ұсынылды. Сондай-ақ шарада «Дәуіт пен Қарлығаш» ертегісі қойылып, барша бүлдіршіндерге ерекше көңіл-күй сыйлады.

«Ауыл айнасы» ақпарат


НАРГИЗА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУҒА ЖОЛДАМА АЛДЫ

Күні: , 90 рет оқылды

14567978_192921211117775_8627007570456671067_nӘр адамның өзінің бойына ерекше біткен таланты болады. Соның бірі — өнер. Әсем әуенмен ән айту, тал шыбықтай мың бұралып би билеу немесе нақышына келтіріп күй тарту кез келген жанға бұйыра бермейді. Сол бойындағы талантын аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып дамытады. Сондай дарынды да талантты қызымыз Қазталов орта мектебінің 8 сынып оқушысы – Наргиза Мағжанова. Наргизаға аудандық саз мектебінің ұстазы Асхат Нығметовтің жетекшікшілігімен күні кеше ғана 26 қыркүйек күні Қазақстанның эстрада жұлдызы Индира Расылханның ұйымдастыруымен өткен «Дарын — 2016» республикалық байқауына қатысты. Байқауда «Қазақ елі», «Отанға ода» әндерін орындап, 1 орынды жеңіп алды. Енді Наргиза сіңіліміз қараша айында Астана қаласында өтетін республикалық байқауда бақ сынайтын болады. Наргиза сіңілімізге алдағы уақытта өнердің биік шыңдарын бағындырып, түрлі байқауларда жеңістерге жете берсін деген тілегімізді білдіреміз. Сонымен қатар тағы бір айта кетеріміз 30 қыркүйек күні ұстаздар күніне орай ұйымдастырылған облыстық байқауда Наргиза ұстаз туралы ән шырқап, 2 орынды иеленді.

Гауһар ӘДІЛЖАН


АРДАГЕРЛЕР СПОРТТЫҚ САЙЫСҚА ТҮСТІ

Күні: , 168 рет оқылды

14379962_192879624455267_7399699527676780992_o 14480614_192880224455207_3975894799529689305_o 14542400_192880081121888_1098943870315307168_o3 қазан күні аудандық спорт кешенінде аудандық жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Қариялар күніне орай «Ардагерлерді ардақтайық» атты спорттық сайыс өтті. Ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызы сөз алып, барлық қарияларды мейрамдарымен құттықтап, ардагерлер ұйымының мүшесі, ұзақ жылдар мәдениет саласында қызмет атқарған Ғалымжан Нығметовтың 70 жасқа толуына орай шапан кигізіп, естелік сыйлық табыс етті. Өнері мен өнегесі жарасқан ақылшы ақсақалдарымыз өздерінің спорттық жағынан да қырларынан танытты. Ең алғаш рет оздырылып отырған ақсақалдар арасындағы спорттық сайысқа 4 команда қатысып, 5 кезең бойынша жарысқа түсті. Нәтижесінде 1 орын «Ардагерлер», 2 орын «Зейнеткерлер», 3 орынды «Даналар» мен «Абыздар» командасы иеленіп, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Міне, ардагерлеріміз бұл жарыста өздерінің спортқа жақын екендіктерін көрсетіп, әннен бірге әрленген жарыста көңіл көтеріп, бір серпіліп қалғандай болды.

Жұлдыз АСҚАР


«АТАНЫҢ СӨЗІ – АҚЫЛДЫҢ КӨЗІ»

Күні: , 242 рет оқылды

14542355_192817327794830_6795779357043395139_oҚоғамның зерделілігі ардагерлерге қатыстылығымен де айқындалады. Қазақ халқының атадан балаға беріліп келе жатқан игі дәстүрі – үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу. Осы дәстүр 1 қазанда болатын Халықаралық қарттар күнінің мұраттарымен дөп келіп отыр. Осыған орай, жасөспірім бойына халқымыздың асыл қасиеттерін сіңіру, үлкенді сыйлау, жақсы мен жаманды ажырата білуге тәрбиелеу мақсатында аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен Қазталов орта мектебі жанындағы жатақхана оқушыларымен «Атаның сөзі – ақылдың көзі» атты кездесу кеші өтті. Кеште «Қайырымдылық іс» атты бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар ауызы дуалы, сөзі берекелі, ісі тыңғылықты, ойы терең, ақылы телегей қариларымызды құрметтеу, қайырымдылық жасау туралы ой-пікірлер ортаға салынды. Кешке қатысқан оушылар да өздерінің жасаған қайырымдылық істерімен бөлісіп, бір-бірін мейірімді болуға, үлкенге құрмет көрсете білуге шақырды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ӨЗЕНДЕРГЕ СУ ЖІБЕРІЛУДЕ

Күні: , 130 рет оқылды

14500282_192156661194230_6066724129415007014_o1 қазан күні аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр, аудандық мәслихат хатшысы Еркін Ғазизов Бостандық, Қараөзен, Көктерек ауылдық округтеріндегі Қайып, Қазталов-2, Қаракөл, Автобаза және тағы да басқа су қоймаларының жағдайымен танысты. Бастауын Ресейден алатын Қараөзен мен Сарыөзен өзендеріне қазіргі таңда су жіберілуде. Осыған орай олар жіберіліп жатырған суды тиімді пайдалану, бөгеттердің суды тиісінше жіберуі сынды жұмыстардың жәй-күйін бағдарлады. -Жалпы ауданымыз биыл судан таршылық көрген жоқ деп айтуға негіз бар. Шабындықтар мен мал жайылымының шөп шығымы да ойдағадай болды. Енді келер жылы да судан таршылық көрмеу үшін өзендерге жіберіліп жатырған суды тиімді пайдалана білуіміз керек, -деді аудан әкімі Нұрлан Мағазұлы.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


ЖАПЫРАҚ ЖҮРЕК ЖАС ҚАЙЫҢ… (ИНДИРА РАСЫЛХАННЫҢ ӘН КЕШІ)

Күні: , 127 рет оқылды

14480601_191813034561926_3071828794509490174_oЖапырақ жүрек жас қайың. Жанымды айырбастайын. Сен адам бола бастасан. Мен қайың бола бастайын Келісемісің жас қайың.

Сахнада жас қайыңдай майысып әнші Индира Расылхан ән салып тұр…Қайран, мұзбалақ, ақиық ақын Мұқағали ағаның осы өлеңге жазылған әннің бақытын ашқан, халқымызға таныстырған Индира десек қателеспейміз. Ән көп, оны орындайтын әнші де көп. Бірақ өздерінің талантымен әннің бағын ашатын әншілер болады. Міне, сондай әншілердің бірі – Индира Расылхан. 30 қыркүйек күні аудандық мәдениет үйінде Индира Расылханның ән кеші өтті. Осы кеште Индира «Ана, «Мұңайма», «Жан досым», «Жапырақ жүрек жас қайың» тағы басқа да әндерді орындап, тыңдармандардың жүрегін баурады.Сондай-ақ әнші қазақтың қара домбырасымен «Әдемі-ау» әнін шырқағанда, залда отырған көрерменнің ықылас қойып тыңдағандары соншалық, ән әлемінде әдемі күй кешкендей әсерде болды. Осы орайда Индира Расылхан қазақтың әнін бағалап, қошемет білдіріп жатқан көрермендерге ерекше ықыласын жеткізді. Кештің қонағы, жерлесіміз Еркін Өтегенов «Жайықтың жағасында» әнін орындау арқылы өнер сүйер жұртшылықты әдемі сезімге бөледі. Кеш соңында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Досжан Ахметов аудан әкімінің алғыс хатын табыс етіп, әншінің өнердегі жолына шығармашылық табыс тіледі. Жиналған көпшілік өнер жұлдызының орындаған әндеріне тәнті болып, көңіл-күймен тарқасты.

Жұлдыз АСҚАР


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.