АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 19.09.2016


ГҮЛГЕ ҒАШЫҚ ҒАРИФА

Күні: , 153 рет оқылды

14362517_187203158356247_2977069506191804443_oГүл өсірген жан сұлулыққа әуес болатыны, көңіл күйі көтеріңкі жүретін, жайдары мінезді болып келетіні бар. Оның үстіне бөлме гүлдерінің үйге жылулық сыйлайтын қасиеті де жоқ емес. Гүлді әдетте жаны нәзік, көбіне ой шығармашылығымен айналысатын, әдемілікке, сұлулыққа құштар, сырын сыртқа шашпайтын адамдар жақсы көреді екен. Осындай жаны нәзік, сұлулыққа жаны құштар жанның бірі — Бозоба ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ғарифа Мырзағалиева. Ғарифа Халесқызы өз әңгімесінде: -Мен гүлдерді, әсіресе, бөлме өсімдіктерін ерекше жақсы көремін. Ауыл кітапханасын безендіру мақсатында гүл өсіруді 2001 жылдан бастап қолға алдым. Қазір кітапхана бөлмесінде қытай гүлі, түйетабан шырмауық, лилия, барқытгүл, хош иісті гүл, хоя, рио, қарапайым шырмауық, хиорофитум, синадениум, долмар, әйел бақты, ақша гүл, фикус, драцена сынды түрлері өсіп тұр. Гүлдің адамның көңілін сүйсіндіретін, жаныңды жадырататын ерекше қасиеті бар. Үйде де, кеңседе де гүлдерім баршылық. Гүл нәзіктіктің, сұлулықтың, тіпті тазалықтың символы десе де болады. Кейде бір ғимараттарға барасың. Жап-жас, әп-әдемі қыздар сұп-сұр кеңседе сұп-сұр боп отыра береді. Ал сол жерге екі-үш құты гүл қойсаң, кеңсе қалай жарқырап кетер еді, — дейді. Егер аудандағы кітапханалар арасында бөлме гүлдері сайысын өткізсе, Бозоба ауылдық кітапханасы жүлде алары сөзсіз.

Мөлдір ӘНУАРБЕК


ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАР ИГІ БАСТАМАНЫ ҚОЛҒА АЛДЫ

Күні: , 88 рет оқылды

14379867_187085085034721_753007951218721475_oБарыңды да нарыңды да сал соған Ата-бабам осы тойды аңсаған Баласына бір той жасап бере алмай Бұл өмірден өтіп кетті қанша адам.

Иә, әр ата-ана сәби шыр етіп өмірге келгеннен бастап алдымен аман-есен ержетіп, содан соң шаңырақ көтеріп, отау құрғанын қалайды. Тереңкөл ауылының 75 жастағы тұрғыны Нәзира әжеміздің арманы да сол еді. Жасқайыңдай ардақты ұлының үлкен ұлы Райымбектің қолына қондырған ақ құсың асыға күтті. Нәзира әжеміздің және Жасқайың әкеміз бен Ардақ анамыздың арманы орындалды. Бүгін, яғни 18 қыркүйек күні «Ақниет» мейрамханасында дүбірлі той өтіп жатыр. Хайрушевтер отбасының үлкен қуанышына ортақтасып, қол ұшын созған аудандық жастар ресурстық орталығы, аудандық жастар кеңесі, аудандық мәдениет демалыс орталығы, Қазталов орта жалпы білім беретін мектебін атап кеткенді жөн санадық. Себебі «100 нақты көмек» аясында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына және Отбасы күніне орай ұйымдастырылып жатқан қуаныш Тәуелсіздіктің құрдасы Райымбекке жылы жүректі жалынды жастардың тартуы. Бұл да мына жалған өмірде бір-бірімізге жасаған қайырымдылық іс деп білеміз. — Жастар ресурстық орталығы жанынан «100 нақты көмек» жобасы аясында іске асырылып жатқан игі бастама басқа аудандарда да қолға алынып жатыр.Әрине, қуантарлық жәйт. Әр ата-ананың байлығы асып-таспаса да, бар жиған-тергенін баласының бақыты жолында жояды. Біз Жасқайың ағамыз бен Ардақ апамызға қолдау көрсетіп, мейрамханаға 150 орындық адамға тегін тапсырыс беріп, той жүргізетін асаба, музыкант, фото мен видео монтаждаушыны т.б жағдайлардан көмек қолымызды созып жатырған жағдайымыз бар. Осындай бастамаға қолдау білдірген «Ақниет» мейрамханасының иесі Рая апамызға ризашылығымызды жеткіземіз. Біздің мақсатымыз – қайырымдылық аясында игі істерді қолға алып, жылы жүрекпен қол ұшымызды созу еді, -деді аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрлан Кенжин. Бүгінгі қуаныштың басты кейіпкері, Тәуелсіздіктің құрдасы Райымбек бүгінде Ақтау қаласында Отан алдындағы борышын өтеп жатыр.Жаңа өмірге қадам басқан тұрған жас жұбайлар ақ некенің ақ жүзігін қолдарына тағып, өмірлеріндегі ең маңызды құжатқа қол қойды. Ендеше, Райымбектей азаматтың Аягүлдей аппақ аруымен үлкен өмірге басқан қадамы құтты болсын демекпіз!

Жұлдыз АСҚАР


ОТБАСЫЛАРМЕН БОЛҒАН КЕЗДЕСУ

Күні: , 82 рет оқылды

14352284_186149635128266_1347667559042941204_o16 қыркүйек күні аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен Отбасы күніне орай «Бақытты жанұя – бақытты ел» атты кездесу кеші өтті. Кездесуде сөз алған аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері Гүлжан Базартаева,- барша қатысушы отбасыларды мерекемен құттықтап, жанұяларына бақыт, береке тіледі. Шараға қатысқан Сәлімовтер, Мерғалиевтер және Қажымұратовтар отбасы өздерінің отбсылары, өмір деректері туралы айтып өтіп, барша жаңадан шаңырақ көтерген жанұяларға ақыл-кеңестерін айтып, тілектерін білдірді. Сондай-ақ шарада жуырда Астана қаласында өткен «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, «дипломант» атанған жерлестеріміз Бегалиевтер отбасыларының ыстық сәлемдерін бейнекөрініс арқылы көрсетті. Кездесуде аудандық АХАТ бөлімінің маманы Айгерім Ерболатқызы, аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік полициясы Нұркен Берікқалиұлы және аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Нұрлан Кенжин сөз алып, айтулы мерекемен құттықтады.
Шараға қатысқан отбасылар жанұя бақыты туралы ойларын ортаға салып, осындай көрсетілген құрмет үшін аудандық кітапхана ұжымына алғыстарын білдірді.

Әсем БОЛАТ


ЖАС ОТБАСЫЛАР ШЫҚТЫ САЙЫСҚА

Күні: , 162 рет оқылды

14289909_186122118464351_8840012829087606983_o 14379656_186121841797712_910148668522781914_o16 қыркүйек Отбасы күніне орай спорт кешенінде аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Біз бақытты отбасы» атты спорттық сайыс өтті. Бұл байқаудың мақсаты — отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасының әлеуметтік белсенділігін дамыту және отбасында адамгершілік мәдениет пен ұлттық рухани тәрбиесінің рөлін сақтау болатын. Байқауға Қараоба, Көктерек, Жалпақтал, Қазталов, Қараөзен, Бірік ауылдық округтерінен жас отбасылар келіп қатысса, қалған округтер ауа-райының қолайсыздығына байланысты сайыс төрінен табылмады. Сайыста «Таныстыру», «Қосаяқ», «Кім жүйрік», «Ептілік», «Алиядай мерген, Зередей дана-келіндер», «Ерсұлтан» сияқты кезеңдерден бақтарын сынап, спортқа деген икемділіктерін көрсетті. Сайыс нәтижесінде 1 орынды көктеректік АМАНЖОЛ СҮЛЕЙМЕНОВТІҢ отбасы, 2 орынды әжібайлық МОЛДАҒАЛИЕВТЕР отбасы, 3 орынды жалпақталдық ҚИЯСОВТАР мен қараөзендік ЖАРЫЛҒАСОВТАР отбасы иеленсе, отбасылық спорттық сайысқа келген жас отбасылардың ішінде ептілігі мен зерделілігін, шапшаңдылығын танытқан қазталовтық АЙДЫН ЕЛЕМЕСОВТІҢ отбасы мен қараобалық ДҮЙСЕКОВТЕР, бостандықтық ҚОШИЕТОВТЕР отбасы да алғыс хатпен, естелік сыйлықтармен марапатталды. Аудандық жастар кеңесінің ұйымдастырумен өткен бірқатар шаралар жоғарғы деңгейде оздырылып келеді. Бүгінгі байқау сол жұмыстың нәтижесі деп білгеніміз жөн.

Жұлдыз АСҚАР


ТАЛДЫАПАНДЫҚТАР ӨЗ КҮШТЕРІМЕН ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАРТУ ЖАСАУДА

Күні: , 70 рет оқылды

14289830_185781585165071_2567231535401868414_oАуданның округтері ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі тойына жақсы тартулармен келуде. Олар мемлетке алақан жаймай, өз қолдарынан келгендерін жасап жатыр. Талдыапан ауылы да көп істің ұйытқысы болуда. СОның айғағындай ауыл тұрғындары өз қаражаттарымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған монумент және саябақ жасауда. Бұл халықтың ауызбіршілігінің арқасы және жас та болса жігерлі ауыл әкімі Асқар Есқалиевтің де ұйымдастыру қабілетінің мол екенін байқатады. Асқар тек осындай жұмыстарды ұйымдастырып қана қойып жүрген жоқ, ол рухани азық мерзімді басылымдарға халықты жаздыртуға да үлкен үлес қосып келеді. Еңбектерің жемісті болсын, талдыапандықтар!

«Ауыл айнасы» ақпарат


КҮЗ КЕЛДІ. МАЛ ЖОҒАЛУ ЖИІЛЕЙ БАСТАЙДЫ

Күні: , 96 рет оқылды

14372107_185767598499803_2531416266555992932_o15 қыркүйек күні №2036 әскери бөлімінің штаб бастығы, полковник Айдар Қаженов және Қазталов шекара заставасының бастығы, капитан Қайсар Досмамбетов Қазталов ауылдық округі әкімдігінде тұрғындар өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында шекараның 25 шақырым ендігіндегі Қазталов ауылдық округінде шекарадан өту заңының орындалуы жөнінде әңгімеледі. Әрине, бұл жерде көрші елмен шекара тәртібін бұзу фактілері болып жатқан жоқ. Негізгі мәселе – малдардың шекарадан өтіп кетуі болып отыр. Бұл орайда шекара бойында тұратын шаруа қожалықтарының немесе жеке тұрғындардың малдары бағусыз жүреді де, шекарадан әрі асып кетеді. Нәтижесінде бұл мәселеге тиісті құзырлы органдар немесе шекара қызметкерлері араласуға тура келеді. Әскери бөлімнің штба бастығының әңгімесінде, -біздің қызметіміз – мемлекеттің шекарасының мызғымастығын қадағалау. Ал, бағусыз малдарды қарау, болмаса оны кері қайтару жұмыстарымен айналыспаймыз. Сонымен қатар бағусыз жүрген малдар шекара бағандарын бүлдіріп, мемлекеттік мүддеге зиян келтіріп жатады. Бұның өзі де заңды бұзғандық. Енді күз айы басталды. Малдардың жоғалуы да осы мезгілдерде көп болады. Бағусыз жүрген малдардың иелеріне атқарушы органдар тиісті талаптар қоюға тиіс. Өйтпейінше, қайталанып жүрген жағдайлар алда да бола береді, -деді. Сондай-ақ Қазталов ауылының тұрғындары мына мәселеге де назар аударулары тиіс. Қоныс елді мекенінен 2 шақырым шамасында күре жолдың бойында шекаралық аймақ деген арнайы белгі тұр. Ал, ол белгі тұрғындардың тиісті шекара заңдылықтарын сақтауын талап етеді деген сөз. Көп жағдайда Қазталов ауылының тұрғындары өздерімен бірге куәліктерін алып жүрмейді. Бұның өзі заңды бұзғандық болып табылады. Міне осы мәселелер кездесуде әңгіме өзегіне айналды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ

Күні: , 86 рет оқылды

14352068_185292818547281_9152987220559850996_o14 қыркүйек күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр азаматтарды жеке өтініштері бойынша қабылдады. Қабылдауда болғандардың дені көпшілігі тұрғын үй және жұмыс орындарын табу мәселесі бойынша өтініштерін білдірді. Қабылдауда болғандарға тұрғын үй мәселесі рет-ретімен шешілетіні, ал жұмыс орнын табу — бұл әр адамның өзіне байланысты екендігі және басы артық жұмыс орындарының жоқ екендігі түсіндірілді.

Әсем БОЛАТ


ҰЛЫҚ МЕРЕКЕДЕ ЖАСАЛҒАН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ

Күні: , 80 рет оқылды

14324295_185267168549846_1405675376302841398_oҚұрбан айт мерекесі пендені Алла тағалаға жақындатып қана қоймай, адамдар арасындағы өзара қарым-қатынасты жақсартатын және ынтымақ-бірлігін арттыратын ұлық мереке екені сөзсіз. Осыған сай, әрбір шамасы келген мұсылман баласы Алла жолында құрбандық малын шалып, игілікті іске үлестерін қосып, мұсылмандық мінез танытады. Қайыңдылық құрбан шалушылар да құрбандық еттерінің бір бөлігін мешіт арқылы мұқтаж отбасыларына таратып, қайырымдылыққа өз үлестерін қосты. Атап айтсақ, «Дархан» шаруа қожалығының жетекшісі Асхат Құсайынов ірі қара малын құрбандыққа шалып, аз қамтылған 11 отбасына таратып берді. Ендеше баршамыздың шалған құрбандықтарымызды, мұқтаж жандарға созған көмек қолдарымызды, жасаған аз да болса жақсылықтарымызды Алла Тағала қабыл етсін дейміз.

Қайрат ЖАҚЫП


ЖӘДІГЕРЛЕР ТАПСЫРЫЛДЫ

Күні: , 176 рет оқылды

14362437_184937595249470_220413503175991162_oАудандық мәслихат депутаты Гүлфия Көшбаева өз округі Қошанкөл ауылындағы «Сәйгүлік» жылқы мұражайының жабдықталуына молынан үлес қосып келеді. Көрші аудандарға барып, жәдігерлер және жылқы тарихы туралы жинап қайтса, өткен тамыз айында Ақтауда да болып қайтты. Сонда Маңғыстау облыстық ат спорты түрлері клубының директоры, Қазақстанға еңбек сіңірген жатттықтырушы Қанағат Қабиұлы Сүйебаевпен кездесіп, сонда ақтаулықтар ашылғалы жатырған мұражайға жылқы тарихы туралы кітаптарды сыйға тартқан болатын. Міне осы кітаптарды және шыңғырлаулық оқушылар жасаған жылқы мүсінін, сонымен қатар 1948 жылы 100 шақырымдық бәйгеге қатысып, рекорд жасаған «Тышан» атты бәйге аты туралы Г.Көшбаеваның «Алдан. Алагер. Аламан» әңгімесі жарияланған «Орда жұлдызы» газеті данасын да тапсырды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ЖАСАНДЫ ЖАМЫЛҒЫЛЫ ФУТБОЛ АЛАҢЫ. ӘЖІБАЙЛЫҚТАР ЕНДІ ТОЙДЫ ӨЗ АУЫЛДАРЫНДА ӨТКІЗЕТІН БОЛАДЫ

Күні: , 112 рет оқылды

14352012_184934318583131_1365858617094441087_o13 қыркүйек күні аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр Әжібай ауылында болып, Ерболат Исмурзин жеке кәсіпкерінің күшімен салынып жатырған жасанды жамылғылы футбол алаңының және кәсіпкер Достық Жорасов салып жатырған 200 орындық мейрамхананың құрылыс жұмыстарымен танысты. -Әжібай ауылында тұрғындардың тұрмыс жағдайына қолайлы нысандар бар. Таза су кіріп тұр, енді футбол алаңы салынса, балалар үшін үлкен қуаныш болары сөзсіз. Сондай-ақ 200 орындық мейрамхана күні ертең іске қосылғанда, ауыл халқы аудан орталығындағы мейрамханаға келіп, әуре-сарсаңға түспейді. Міне, осының барлығы біздің Тәуелсіздігіміздің арқасы. Еңбектеріңе табыс тілеймін, -деді аудан әкімі.

«Ауыл айнасы» ақпарат


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.