АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 06.09.2016


ІСКЕР ӘЙЕЛДЕРМЕН БОЛҒАН КЕҢЕС

Күні: , 152 рет оқылды

14241454_182119285531301_4954997969687901806_o6 қыркүйек күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық кәсіпкерлік палатасының ұйымдастыруымен іскер әйелдер кеңесі өтті. Кеңесті аудандық кәсіпкерлік палатасының төрағасы Аманжол Нығметов кіріспе сөзбен ашты. Кеңесте іскер әйелдердің экономикалық құзіреттілігін көтеру және олардың арасындағы іскерлік байланысты нығайту туралы әңгімелер өрбіді. Сондай-ақ аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева, аудандағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Рая Сұпығалиева, «Леди-Лиза» жеке кәсіпкер жетекшісі Елизавета Қайбушева, қазіргі күнде кәсіпкерлікпен айналысатындардың дені нәзік жандылар екенін айта келіп, қандай да болмасын істі дөңгелетіп алып кететін іскер әйелдердің арасында кәсіпкерлікті кеңейту үшін қолдау қажет екендіктерін айтып өтті. Сонымен қатар Елизавета Қайбушева мынандай бір деректі келтіріп кетті. Аспаз, тігінші, визажист тағы басқа мамандықты алып келгендер кәсіптерін дұрыс білмейді. Бірақ қолдарында арнайы куәліктері бар, -деді. СОНДА МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚАРЖЫСЫНА ОҚЫП КЕЛГЕН АСПАЗ – ТАМАҚ ПІСІРЕ АЛМАСА, ТІГІНШІ – ИНЕ САБАҚТАЙ АЛМАСА, ВИЗАЖИСТ – АДАМ БЕТІН КЛОУН ЖАСАП ҚОЙСА, ОНДАЙ МАМАНДЫҚТАН НЕ ҚАЙЫР? — деген заңды сұрақ туады. Осы орайда кеңеске қатысушы кәсіпкер нәзік жандылар аудан орталығындағы кафе, тігін, сұлулық салондарына өз ісін жетік меңгерген мамандар тапшы екені айтылды. Ауданымызда қолөнермен шұғылданатындар жетіп артылады. Ал, олардың бұйымдары белгілі бір аудандық деңгейдегі көрмелерде көрсетіледі де, ол жұрт сұранасына ие болатындай саттыққа шығарылмайды. Міне осындай қолөнер шеберлерінің бұйымдарын сататын арнайы орын неге болмасқа? Кеңесте сөз алған аудандық мәслихат депутаты Гүлфия Көшбаева, — үйде отырып түрлі нан өнімдерін дайындайтын нәзік жандылар жетерлік. Енді осылардың өнімдеріне мейрамханалар неге сұраныс бермеске? Сонда олардың өнімдері халыққа жетеді, әрі пайда да табады, -деді. Нәзік жандылармен болған кеңесте олардың кәсіпке деген белсенділіктерін одан әрі арттыру, қала берді қолдау көрсету жөнінде тұшымды ойлар айтылды.

Жұлдыз АСҚАР


«НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНДА

Күні: , 128 рет оқылды

14231895_182109452198951_1548229438137516665_o6 қыркүйек күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында «Отбасы күні» қарсаңында азаматтарды арыз-шағымдары бойынша кезекті қабылдау өтті. Қабылдауды «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының сектор меңгерушісі, аудандық мәслихат депутаты Гүлфия Көшбаева жасады. Сондай-ақ қабылдауға ауданның мекеме-ұйым жетекшілері, мектеп психологтары қатысты. Қабылдауға келген жалғызбасты, төрт баланың анасы Райхан Байназарова жұмыссыз отырғанын налып жеткізді. Ал, Райгүл Мұсахова, Гүлстан Сұлтангереева, Нұргүл Бекалова, Сандуғаш Берікқалиевалар тұрғын үйден қиыншылық көріп жүргендерін айтты. Біз білетіндей осындай жалғызбасты аналарды түрлі қоғамдық ұйымдар қабылдап жатады. Бірақ нақты шешіліп жатырған мәселе жоқ. Төрт баланың анасы жұмыссыз отырса, көзі жәудіреген балалар күнделікті тамақты қайдан тауып ішуде? Мардымсыз жәрдемақылар жыртыққа жамау бола ала ма? Бала киім-кешегінің құны үлкендер киімінің құнынан асып түсіп жатқанда жұмыссыз ана оларға не көмек көрсете алады? АЩЫ БОЛСА ДА, ОЙЛАНАРЛЫҚ СҰРАҚ Ал, Нұргүл Бекалованың тұрғын үйі құлау қаупінде. Жылу жүйесі жоқ. Бұл үйдегі балалардың барлығы да мектеп жасындағылар. Осы өсіп жатырған сәбилер өздерінің шаңырақтарындағы жылулықты сезініп отыр деп айта аламыз ба? БҰЛ ДА ОЙЛАНАРЛЫҚ СҰРАҚ Міне осы мәселелерді тыңдай келіп, қабылдауға қатысушылар бір шешімге келетіндерін жеткізді.

Әсем БОЛАТ


«ПАЙ-ПАЙ, ШІРКІН, ҚАЗАҚТЫҢ КЕЛІНДЕРІ-АЙ!» БАЙҚАУЫ

Күні: , 260 рет оқылды

14241639_181686488907914_7813619329659760437_o 14242463_181686165574613_7050184767034873547_o 14249836_181688275574402_8892772542752528551_o 14257470_181684148908148_1202412075231373126_oҚазақ отбасы тәрбиесіндегі мәдени құндылықтар. Әр халықгың өзіндік ерекшелігіне қарай отбасы тәрбиесінде де ерекшеліктер болады. Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы сол халық отбасы тәрбиесінің де өзіне ғана тән мәдени құндылықтары қалыптасады. Ақын Қадыр Мырза Әлидің » Алмас жерде қалмас» кітабында «Келін,келін кердеңдеме,Сен өзің де- ертеңгі ене» деген сөзі бар. Әрі ата-анаңның атына кір келтірмей,жақсы қыз тәрбиелепті деген секілді алғыс еститіндей етіп тәрбиелі келін деп аталғанға не жетсін.Отбасының ұйытқысы болу қашанда ел мен елдің арасын жалғап отырған келіндердің міндеті іспеттес. Осыған орай 5 қыркүйек күні аудандық мәдениет үйінде Отбасы күніне арналған «Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай!» атты келіндер байқауы өтті. Келіндер байқауына ауданымыздың Талдықұдық, Бозоба,Жұлдыз, Талдыапан, Қошанкөл, Қайыңды, Ақпәтеп, Жалпақтал,Әжібай, Ащысай, Бостандық, Көктерек ауылдарынан үміткерлер қатысты. Бұл жерде округ атауымен атамай, әр ауылдың атын атап өтуіміздің өзіндік себебі бар.(Мақала соңында айтылады) Байқауда ұлттық салт-дәстүр, ене мен келін арасындағы сыйластық, шеберлік және өнерден сайысқа түсті. Байқауға қатысқан 12 келіннің қай жағынан алып қарағанда да отбасының «алтын келіндері» саналатыны көрініп тұрды. Олар байқауда өздерін әр қырларынан көрсете білу арқылы көрермендердің көңілінен шықты. Нәтижесінде 3 орынды қошанкөлдік АЙҒАНЫМ ҚАУДАНОВА, ақпәтерлік АҚЖҮНІС ҮСЕНБАЕВА, бозобалық БАЛАУСА САПАРОВА, 2 орынды қайыңдылық СӘНДІГҮЛ МАЙШИНА, бостандықтық АЙСҰЛУ ҚАДЕРОВА, 1 орынды жалпақталдық НҰРГҮЛ ҚАДЕРОВА иеленсе, ал,БАС жүлдені талдыапандық ДАНАГҮЛ РАЛИТОВА жеңіп алды. Осындай байқаудың ұлттық құндылықтарымызды насихаттау үшін өте қажетті дейміз. Бірақ, тағы да әттеген-ай жіберілді. Көрермендер аз болғаны былай тұрсын, сонау алыс ауылдардан байқауға келгендерді (келіндер байқауының қатысушылардың арасында болашақ сәби күтіп жүргендер де бар) бір құзырлы органнан құттықтаушылар немесе оларға лебіз айтушылар болған жоқ. Бұны не деуге болады? Байқаудың болатыны жөнінде аудандық ішкі саясат бөлімі хабарсыз болып шықты. Біз ішкі саясат бөліміне сын айтқалы тұрған жоқпыз. Бұны ұйымдастырушы аудандық мәдениет үйі құзырлы органдарға хабарламаған деп санаймыз. Сонда аудандық мәдениет үйі өткізіп жатырған шарасын тиісті орындарға ресми хабарлауын (хабарландыру көшеге ілініп қойылса да) ұмытып кеткен сияқты. Бұл кемшілік. Енді осы байқауға 5 мыңға жуық тұрғыны бар аудан орталығынан бір келін қатыспауын қалай түсінеміз? Әлде аудан орталығының келіндері «КЕЛСАПҚА» айналып кетті ме?… Аудан орталығында мекеме мен ұйымдардан көп нәрсе жоқ. Сонымен қатар мектептер де бар. Міне осылардан байқауға бірде-біреуінің қатыса алмауы өкінішті. Со-о-о-о-онау Қарасудың Ащысайынан қатысып отырғанда, іргеде отырып қатысатын келін жоқ деуге кім сенеді?… Біз жыл сайын «Отбасы күні» деп шулап жатамыз. Ал, сол отбасының ұйытқысы, шаңырақтың ұрпағын өсіруші КЕЛІНДЕР емес пе? Енді келіп келіндер арасындағы байқауға осындай көзқараспен қарау — Елбасы белгілеп берген «Отбасы күні» мерекесіне немқұрайлықпен қарау…

Әсем БОЛАТ


Жалпақталда көпшілік жүгіру өтті

Күні: , 118 рет оқылды

14249875_1653054458339464_4186635325656188659_oКеше Жалпақтал ауылында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған марафон жүгірісі өтті. 3 шақырымға созылған аталмыш марафонға ауылымыздағы мекеме-кәсіпорын қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты. Шара барысында Жалпақтал ауылдық округі әкімінің орынбасары Мұрат Рахметуллин спорт сүйер қауымды Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, марафонға қатысушыларға алғысын білдірді. Марафоншыларымыз С.Датұлы, С.Ақсыйқов, Байқоңыр, Д.Фурманов көшелерімен жүгіріп өтті.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


«АТТЫҢ ЕМЕС ДӘЛ БҮГІН, АТБЕГІНІҢ СЫНАҒЫ»

Күні: , 144 рет оқылды

14195252_181528322257064_468992422300594997_o 14242480_181528412257055_3607437765566837301_oҚазақ халқының ұлттық спорт ойынының бірден-бір көп тарағаны — бәйге мен аламан бәйге. Спорттың бұл түрінің өзгеше бір ерекшелігі сол — жарыс тек жазық жерлер мен ипподромдарда ғана өтіп қоймайды, спортшының өзі мен оның атына жоғары талап қойылатын ойлы-қырлы, жасанды, бөгесінді жерлерде де өткізіледі.Жарыстың үлкен шаруашылық, тәрбиелік мәні де бар. Олай болатын себебі — жарысқа қосатын атты таңдап алып, оны баптап бәйгеге жаратуға дейінгі ұзақ мерзімге бәйге атына мініп шабатын бала үнемі басы-қасында болып, бапкермен бірге еңбек етеді. Бапкер бәйгеге шабатын атты ғана баптап қоймайды, оған мініп шабатын баланы да қоса әзірлейді. Бала бәйге атына берілетін жем-шөп, судың мөлшеріне дейін біледі, оның терін алудың, аттың артықшылығы неде, қандай қабілеті бар және жарыс үстінде оны қалай пайдалану керектігін бәйге атына мінетін бала жарыс басталмастан әлдеқайда бұрын қанығып, біліп алады. Осы бір дәстүрімізді жалғастыру мақсатында, ауданымыздың бетке ұстар атбегіміз «Екпін» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлан Нұғманов ағамызбен бірлесе атбегілер басын қосу мақсатында Бостандық ауылдық округіне қарасты Қамыстыкөл қыстағында құнан, тай жарысын ұйымдастырған болатынбыз. Бұл шарамызды Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арнаған едік. Жалпы, бұл додамыз облыс көлемінде өтті десек қателеспеспіз, Орал қаласы, Жәнібек, Бөкей орда, Қазталов аудандарының атбегілері тұлпарларын сайлап дүбірге қосты. Нәтижесінде тай жарысыннан 1 орынға Көктерек ауылдық округінің сәйгүлігі «Победа» иесі Нұрболат Шоқпаровтың тайы келсе, Бөкей орда ауданының Саралжын ауылының «Боян» атты тұлпары мәрені 2ші болып аяқтады. Ал, 3 орынды Саралжын (Киров) елді мекенінің «Сұңқар» атты жүйрік аяқтады. Дүбірлі өткен тай жарысына 10 тай қосылған болатын. 14231298_181528408923722_627676862007274302_o 14207659_181528395590390_7950119488899095039_oҚұнан бәйгесінен 1 орынды Орал қаласыннан келген «Бөкен қасқа» атты Берік Есенғалиевтің құнаны оза иеленсе, 2 орынға Бөкей орда ауданының Саралжын (Құрманғазы) ауылының атбегісі Асқар Мұқанғалиевтің «Жирен» атты құнаны жеңіп алды, Ал, жүлделі 3 орынды Жәнібек ауданы, Жақсыбай ауылы атбегісі Нартай Насеновтің «Асемай» атты құнаны тізгіндеді. Бәйгеден кейін Бостандық ауылдық округінің азаматтары Абзал Нұғыманов пен Абзал Хайруллиндер ұйымдастырған спорттық шаралармен жалғастырды. Шара соңында атбегілерге арнап дастархан жайылды.

Жоламан ЕСЕТОВ,

жеке кәсіпкер


КӨПШІЛІК ЖҮГІРУ ӨТТІ

Күні: , 154 рет оқылды

14196123_181135902296306_4109120853268118406_o4 қыркүйек күні «Достық» саябағында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «көпшілік жүгіру» акциясы өтті. Акцияны аудандық орталық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Руслан Шәріпқалиев ашып, барша қатысушыларды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтады және шара қатысушыларға ризашылығын жеткізді. Акцияда аудандық орталық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары, А.Оразбаева және Қазталов орта мектептерінің оқушылары мен дене шынықтыру пәні мұғалімдері, мекемелер қызметкерлері ауданның бас көшелерімен жүгіріп өтті.

Гауһар ӘДІЛЖАНҚЫЗЫ


ТУРИАДА БАСТАЛДЫ

Күні: , 130 рет оқылды

14138128_180745682335328_855397019068348866_o 14188339_180745355668694_303527508612419001_o 14206168_180745489002014_7704873538682491145_o2 қыркүйек күні Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай аудандық білім беру бөлімінің, балалар жасөспірімдер туризмі және экология орталығының аудандық жастар кеңесі, жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Көктерек тоғайында жаяу туризмі техникасынан мемлекеттік қызметкерлер арасында туристік жарыс өтті. Жарыста аудандық әкім аппаратының басшысы Артур Берденов, аудандық балалар жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Нұрлан Жасқалиев, жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Райымбек Нұрекешов сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Жарысқа мекеме қызметкерлерімен әр округтен келген қатысушылар топтарын таныстырып, өнерлерін ортаға салды. Кешкі күздің салқын самал желімен соққан әсем әуендер жалындаған жастармен бірге туған елдің кең даласына жаңғырып жатты…

Жұлдыз АСҚАР


«ТЕРЕЗЕ СЫНДЫРҒЫШ» 1 ТӘУЛІККЕ ҚАМАЛДЫ

Күні: , 168 рет оқылды

14199621_180408149035748_8205949485777177883_nҚазталов ауылының тұрғыны Ш. түнімен «сілтеді». Бойдағы қызу оны ұйықтатқан жоқ. Сол қызумен таңғы сағат 6:18-де көршісінің есігін қақты. Ол көрші қалың ұйқыда жатқандықтан және беймезгіл мазалаушыға есігін аша қойған жоқ. Бірақ Ш. кете қоймай терезені соққылауға кірісті. Ақырында терезе сынып тынды. Сынғаны былай тұрсын, көршісіне әдепсіз сөзбен «сыйлық» та жасап жіберді. Бұндай «сындырушыны» кім арқасынан қаға қойсын? Көршісі сотқа жүгінді. Қазталов аудандық соты Ш.-ны ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп тауып, осы баппен 1(бір) тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы қаулы шығарды.

Мөлдір ӘНУАРБЕК


«ИТ ПЕН МЫСЫҚ СИЯҚТЫ»

Күні: , 166 рет оқылды

14211979_180401235703106_2660121247856456906_n«Ит пен мысық сияқты» қырқыспаңдар, -деген мәтел сөзді жиі ауызға алып жатамыз. Иә, расында да адамдар арасында ренішті жағдайлар орын алғанда осы мәтел ойға оралады. Дұрысы керек, мына бір жеткізбейтін уақытта, қымбатшылық кеңірдектен алғанда адамдар жиі шекісіп жатады. Тіпті көріп жүрміз ағайындылардың өздері болмашы дүниеге таласып, сотқа жүгінуде. Есіктері бір-біріне қарама-қарсы тұрса да шірік дүние үшін сәлемдеспейтіндер көбейді. Сонда жоғарыда айтқан «ит пен мысық сияқты…» мәтелді амалсыз ауызға аламыз. Ал, мына суретті қарап отырып, осы мәтел мағынасын жойған сияқты көрінеді. Жақында әріптесім Жұлдыздың үйіне бардым. Есіктің босағасында сүп-сүйкімді күшік пен мысықтың марғауы қойындасып ұйықтап жатыр. Жұлдыз айтады: -күшікке, -әрі кет, -деп ұрыссам, ол марғауды мойнынан тістеп сүйреп, басқа жерге барады. Ешқандай бір-бірінен тіпті айырылмайды. Татулықтарына таң қаламын, -дейді. Осындай татулықты көріп отырып, осы сүйкімді күшік пен мысыққа тіл бітсе, олар өздерінің ағайындарына, -«екі аяқтылар сияқты» қырқыспаңдар, -деп айтар ма еді?!.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


АҚПӘТЕРДЕ ЗАМАНАУИ МОНША ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Күні: , 140 рет оқылды

14114996_180402305702999_700012351071694764_o14188100_180402382369658_781022735983331879_oБілім күні Ақпәтер мектебінің жанындағы интернатта тәрбиеленушілер үлкен қуанышқа кенелді. Ауылдағы шаруа қожалықтарының жетекшілері Самат Хасанов, Бауыржан Мұқанғалиев, Жасұлан Дүйсенғалиев, Бейбіт Өтеғұловтардың демеушілік жасауымен интернат жанынан заманауи монша салынды. Бұл монша құрылысының жүргізілуіне мектеп ұжымы да белсене қатысты. Мектеп жанындағы интернатта елді мекендерден келіп оқитын 25 бала енді жұма сайын «жеңіл бу» қабылдайды. Моншаның адам денсаулығына пайдалы екенін ескерсек, бұл интернатта тәрбиеленушілердің денсаулығының да мықты болары сөзсіз. Жоғарыда айтылғандай басқа жерлерде де «атымтайлар» болса, шалғай ауылдарда халыққа қызмет ететін орындар көбейер еді.

Әсем БОЛАТ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.