АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 03.08.2016


ОПЕРА ӘНШІСІ ДИНА ХАМЗИНАНЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Күні: , 90 рет оқылды

13886857_1634024900242420_8168996623321252695_n2 тамыз күні Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Самиғолла Ақмурзин Жалпақтал өңірінде кіндік қаны тамған, әлемге әйгілі опера әншісі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Дина Мерекеқызы Хамзинаны қабылдады. Жүздесу барысында ауылымыздың мәдениет қызметкерлері мен ардагерлері жерлесіміз Дина Мерекеқызына өздерінің жүрек жарды изгі тілектерін жеткізсе, округ әкімі С.Ақмурзин барша ауылдастар атынан тілегін білдіріп, «ЖАЛПАҚТАЛ» атты кітапты естелікке сыйға тартты.

Гауһар ӘДІЛЖАН


АУЫЛҒА «АҚБҰЛАҚ» КЕЛДІ

Күні: , 144 рет оқылды

13886224_1634018433576400_3480041236433135748_n 13912485_1634018783576365_4680679120234663505_n 13935067_1634017226909854_9179938468082766212_nТаза ауыз су – адам денсаулығының кепілі. Үкімет соңғы жылдары халықтың әл-ауқатын, білімі мен денсаулық жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар мақсатты бағдарламаларды қабылдап, жүзеге асырып келеді. Соның ең өзектісі – ауыз су мәселесі болып табылады. Бұл мәселені Мемлекет басшысы Н. Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған әр жылдардағы Жолдауының басым бағыттарының бірі ретінде қарастырып жүр. Сондықтан да осы мәселені шешудің маңызды бір жолы ретінде елімізде Елбасының тапсырмасымен «Ақбұлақ» бағдарламасы қабылданған болатын. Бұл бағдарлама өзінің алдына қойылған міндеттерді орындап, халықтың қолын орталықтандырылған таза ауыз суға жеткізу барысында бірқатар түйінді мәселелердің оңды шешілуіне ықпал етті. «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында ауданымызда да тиісті жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсақ, Қазталов және Нұрсай ауылдарына осы бағдарлама арқылы таза су тарту жұмыстары басталып кетті. «БатысГазСтрой» ЖШС жүргізіп жатырған жұмыстарға Қазталов ауылы бойынша 61 млн. 74 мың 700 теңге, ал Нұрсай ауылына 61 млн 617 мың 300 теңге қаржы бөлінген. Қазіргі күнде Қазталов ауылының Тәуелсіздік және С.Сейфуллин, Қ.Жақыпов, Б.Момышұлы атындағы көшелеріне құбырлар тартылып, құдықтар орнатылуда. Ал Нұрсай ауылында «Апандыой» жер асты су бассейінен 11 шақырымдай құбырлар тартылып, ауылға су кіргізу жұмыстары жүруде. Сондай-ақ «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы су тарту жұмыстарына халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 4 адам жұмысқа тартылған. Енді міне, жақын арада қалалықтар секілді қазталовтықтар мен нұрсайлықтар да үйде отырып-ақ мұздай және ыстық судың игілігін көретін болады.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ


«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫНЫҢ БАСТАЛУЫНА АРНАЛҒАН БРИФИНГ

Күні: , 108 рет оқылды

13901334_1633878283590415_1536939407857623565_n1 тамыз күні аудандық білім беру бөлімімен ұйымдастырған «Мектепке жол» жалпы республикалық ациясының басталуына арналған брифинг өтті. Брифингке аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова мен білім беру бөлімінің бас маманы Жадыра Қажиекова қатысып, «Мектепке жол» акциясы туралы, былтырғы жылы акцияға үлес қосқан кәсіпкерлер мен мекеме ұжымдар туралы және биылғы жылғы өзгерістер туралы айтып өтті. Сондай-ақ брифингте 1сыныпқа арналған мектеп формасы 2015 жылы 1 552 731 теңге (653 балаға) ұтып алған кәсіпкер: қыздарға «Агнязова» ЖК, ұлдарға «Стом»ЖК, 2016 жылы 2 265 615 теңге (597 балаға) ұтып алған кәсіпкер: «Паняева ОВ» ЖК, 1 дана мектеп формасының құны 2015 жылы қыздарға -2487 теңге, ұлдарға-2289 теңге, 2016 жылы қыздарға-3795 теңге, ұлдарға-3795 теңге, оқулыққа бөлінген қаржы 2015 жылы-35 686 000 теңге, 2016 жылы-35 432 000 теңге екені де айтылды. Брифинг соңында аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызы,- Биылғы жылғы өткізілетін «Мектепке жол» акциясына жергілікті депутаттар, кәсіпкерлер, мекеме ұжымдарды атсалысуға шақырамын,-деді.

Әсем БОЛАТ


АҚПӘТЕРЛІКТЕР ЖЕРЛЕСТЕРІН ЕСКЕ АЛДЫ

Күні: , 90 рет оқылды

13876265_1632594467052130_8331353382818755518_n 13891820_1632594620385448_2442430846002824401_n 13900143_1632594310385479_3055265866256520466_n30 шілде күні Ақпәтер ауылының мәдениет үйінде самбо және дзюдо күрестерінен ҚР спорт шебері, Азия чемпионатының қола жүлдегері Алпамыс Бисенбаевты еске алуға арналған дзюдо күресінен 1999-2000 жылы туылған жасөспірімдер арасында ІІ аудандық ашық турнир оздырылды. Бұл турнирде облысымыздың Қазталов, Жаңақала, Сырым, Теректі аудандарынан және Орал қаласынан 6 салмақ бойынша 50-ге тарта дзюдошылар белдесті. Жарыстың ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, БҚО туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Әскербек Нұрмұханов, БҚО дзюдо күресінен бас жаттықтырушы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Сайын Ерғалиев және мәртебелі қонақтар, ауыл тұрғындары қатысты. Салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызы, БҚО, туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Әскербек Нұрмұханов сөз сөйлеп палуандарға сәттілік тіледі. Ал Алпамыс Нәсіпқалиұлының жұбайы Үміт Русланқызы барша ауылдастарға ризашылығын білдіріп, рахметін айтса, Ақпәтер ауылдық округінің әкімі Есенгелді Айсағалиев жерлесі Алпамыс бауырымыз туралы сыр шертіп, жарысты ұйымдастыруда ұйымшылдық танытқан ауыл кәсіпкерлеріне, шаруа қожалық жетекшілеріне, ауылдастарына ризашылық сезімін жеткізді. Тартымды да, тартысты өткен додада палуандар іріктеліп, жеңімпаздар анықталды. Нәтижесінде 50 келі салмақта қазталовтық Асылхан Салыхов, 55 келі салмақ дәрежесінде Орал қаласының палуаны Сырым Шақолов, 60 келіде Қазталов ауданының дзюдошысы Сержан Шаяхметов, Орал шаһарының палуаны 66 келіде Бауыржан Ғалиев, Қазталов ауданынан 73 келіде Елнұр Хамзин, 81 келі салмақта жаңақалалық Саламат Сүндетов жеңіс тұғырынан көрініне білді. Сонымен қатар «Жеңіске деген жігерлігі үшін» Темірлан Найманов, «Үздік техникасы үшіне» Амандық Қадіров, «Үздік шеберлігі үшін» Ерлан Уналов жекелей номинациялар ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегер палуандар естелік сыйлықтар, медальдармен, дипломдармен марапатталды.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ,

Ақпәтер ауылы


ЕСКЕ АЛУ ТУРНИРІ ӨТТІ

Күні: , 100 рет оқылды

13892204_1632418920403018_7192383715202615415_n 13680722_1632419817069595_4727934294080374715_n 13879210_1632418687069708_452576154779904016_n30 шілде күні шағын футболдан және шахматтан ауыл тұрғындары арасында спорт саласының майталманы, шахматтан республикалық, облыстық додалардың бірнеше дүркін жүлдегері, ұзтаз болған, марқұм Бекжан Жұмағазиеті еске алу турнирі оздырылуда. Турнирді ағамыздың ұл-қызы мен ағайын-тумалары IV мәрте ұйымдастырып отыр. Турнирдің ашылу салтанаты Қайрат футбол алаңында өтіп, салтанатта сөз алған Бекжан ағамыздың замандас достары және ұлы барша қатысушыларға сәттілік тіледі. Қайрат алаңында өткен шағын футбол жарысына Қазталов ауылының 4 көшесінің командалары қатысып, нәтижесінде Ш. Шарафутдинов көшессінің командасы 3 орынды, М.Маметова көшесінің командасы 2 орынды, ал С.Жақыпов көшесінің командасы 1 орынды жеңіп алды. Жарыста үздіктер ойнаған Мейрам Ғиляжев “Үздік қорғаушы”, Дархан Құттыбаев “Үздік қақпашы” және Бағдат Меңдіханов “Үздік ойыншы” танылды. Ал аудандық жастар демалыс орталығында өткен шахмат ойнының қорытындысы бойынша жасөспірімдер арасында Ринат Смарқанов пен Дамир Сәлімовтар 3 орынға, Әсет Тұрарбеков 2 орынға, Ернар Ермеков 1 орынға ие болды. Сондай-ақ ересектер арасында Жасұлан Ниталиев және Амантай Жолдыбаевтар 3 орынды, Қайырбай Алтаев 2 орынды және Сисенғали Нығметов 1 орынды өз қанжығаларына байлады. Шахмат ойынында шебер ойын өрнегін көрсеткені үшін Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Сағынғали Бекжанов марапатқа ие болды.

Қайрат ЖАҚЫП


ОПЕРА ӘНШІСІ ҚАЗТАЛОВ ТОПЫРАҒЫНДА

Күні: , 74 рет оқылды

13892316_1632233253754918_6866078888535236704_n 13895069_1632232200421690_8478682841934019869_nСарыөзен мен Қараөзен киелі өнерді бағындырып, әлемге әйгілі болған талай саңлақтардың кіндік қаны тамған өңір екенін мақтанышпен жеткізе аламыз. Сондай саңлақтардың бірегейі — меццо-сопрано, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының әншісі, жерлесіміз Дина Хамзинаны атап айтуға болады. Әлем сахналарын мойындатып жүрген әйгілі әнші 29 шілде күні Қазталов ауылына ат басын тіреді. Қазталов ауылына арнайы келген атақты әнші аудандық мәдениет үінде өткен мегажоба кешінің қонағы болып, қазталовтық ағайынмен жүздесті. Жүздесу барысында Дина ханым сахна төріне көтеріліп қонақ кәде ретінде Жорж Бизенің «Кармен» операсынан үзінді және әнші, ақын, композитор Естай Әлікееевтің «Қазақстан» әнін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Жүздесуде сөз алған Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова Дина Мерекеқызына жерлестері атынан шынайы алғысын білдіріп, аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті.

Қайрат ЖАҚЫП


ЖАЛПАҚТАЛДЫҚТАР ТАМАША КЕШ СЫЙЛАДЫ

Күні: , 82 рет оқылды

13876578_1632208347090742_6523287382768993173_n 13882152_1632207747090802_4669625682023940036_n 13882644_1632208300424080_7244440166690835879_n29 шілде күні Қазталов аудандық мәдениет үйінде «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы аясында Жалпақтал ауылдық округінің көркемөнерпаздары қазталовтық ағайындарға өз концерттік бағдарламаларын тарту етті. Қонцерттік бағдарламада жаңаша стильде әрленген күйлермен қатар «Миллион раушан гүл», «Әгугай, домбыра», «Қамыссамар», «Жалпақталым» әндері және Ретро әндерден попурри орындалып, жиылған көпшілікті бір серпілтіп тастады. Ал, Бағдат Жәнібекова жетекшілік ететін «Аққу» би тобының мың бұрала билеген сан алуан билері және Талғат Нығматуллиннің жеке орындауындағы «Робот» биі көрерменнің қошеметіне бөленді. Бұл концерттік бағдарламаның ерекшелігі Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Самиғолла Ақмурзин мен аудандық мәслихат депутаты Дулат Ихсанов киелі сахнадан табылып, «Надежда» әнінін өз деңгейіне жете орындап, жұртшылықты таң-тамаша қылды. Кеш соңында сөз алған Қазталов ауылдық округінің әкімі Сәрсенбай Молдашев Самиғолла Сафиоллаұлы бастаған жалпақталдықтарға осындай тамаша кеш сыйлағандары үшін қазталовтықтардың атынан алғысын білдіріп, мегажобаның кітапшасын қабылдап алды. Сондай-ақ сахна төріне көтерілген «Нұр Отан» партиясы Қазталов аудандық филиалының сектор меңгерушісі, аудандық мәслихат депутаты Гүлфия Көшбаева осындай әсерлі де, тамаша кешті тарту еткен көркемөнерпаздарға «Нұр Отан» партиясы және халық қалаулылары атынан ризашылық лебізін жеткізді.

Қайрат ЖАҚЫП


САРЫҚҰДЫҚТАҒЫ ҚОС ҚУАНЫШ

Күні: , 82 рет оқылды

13654393_1631983180446592_9102965087159728753_n 13882205_1631983450446565_6848904851315428208_n 28 шілде күні ауданымыздың Талдыапан ауылдық округіне қарасты 330 тұрғыны бар Сарықұдық елді-мекені қос қуаныштың куәсі болды. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша балалар ойын алаңы мен шағын футбол алаңы ашылды. Оған 1.280.000 теңге қаражат жұмсалды. Сарықұдықтық балалары үшін бұл қуанышты жаңалық болды. Балалар ойын алаңы мен шағын футбол алаңы өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында іске қосылды. Бұл құрылыс жұмыстарын Бекнұр Қыдырашев жетекшілік ететін «Бөкейхан» жеке кәсіпкерлігі жүргізген. Салтанатты ашылуында Талдыапан ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Бауыржан Үмбетқалиев, аудандық мәслихат депутаты Нұрлыбай Жолдыбаев, жеке кәсіпкер Еркебұлан Ержанұлы, ауыл тұрғыны Айбек Майжанов өздерінің құттықтау лебіздерін білдіріп, осындай жақсы істердің куәсі бола берейік деген тілектерін айтты. Сонымен қатар жеке кәсіпкер Еркебұлан Ермұханов өз атынан балаларға футбол добын сыйға тартты. Ашылу салтанатынан кейін Талдыапан, Сарықұдық жастары арасында шағын футболдан жолдастық кездесу оздырылып, жеңімпаздар сыйлықтармен марапатталды. Мінеки, бұдан былай Сарықұдық ауылының жасөспірімдері, балғын бүлдіршіндері өз футбол және балалар ойын алаңдарында асыр салып, құмарлары қанғанша ойнайтын болады.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ,

Талдыапан ауылы


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.