АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 21.07.2016


ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСЫНЫҢ АЯҚТАЛУ МЕРЗІМІ – 25 ТАМЫЗ

Күні: , 172 рет оқылды

13661869_1627608004217443_874920727928795343_o 13734986_1627608070884103_1390816647123283068_o 13737464_1627607910884119_3119315511267539561_oАуданымыздағы Тереңкөл ауылдық округінің орталығы Нұрсай ауылығындағы жалпы білім беретін орта мектеп 30 жылдан астам уақыттан бері күрделі жөндеуден өтпеген еді. Осы жылдар аралығында облыс, аудан басшылықтарының алдына талай рет мәселе етіп те қойылды. Түрлі себептермен күрделі жөндеу жұмысы кейінгіге ысырылып қалып жүрді. Биыл аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр халық алдындағы есепті кездесуінде қалайда үстіміздегі жылы бұл мектепті күрделі жөндеу жоспарына енгізетінін уәде еткен болатын. Қазіргі күнде бұл жұмыс атқарылып жатыр. Құрылыс жұмыстарына бюджеттен 162 млн. 636 мың теңге қаражат бөлініп, «Батыс Строй» ЖШС жөндеу жұмысын жүргізуде. Құрылыс жұмыстарына 60-қа жуық жұмысшы тартылса, соның 27-сі «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша жұмысқа тартылып отыр. Бір айдан бері атқарылып жатырған жұмыстардың сапасын бақылау мақсатында 20 шілде күні аудандық қоғамдық кеңес және «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының фракция мүшелері Нұрсай ауылында болып қайтты. Өкілдердің байқағанындай жөндеу жұмысы қарқынды жүруде. «Батыс Строй» ЖШС жетекшілерінің айтуынша жөндеу жұмыстары тамыздың 25- не дейін бітетін болады. Көзіміз көргендей жөндеу жұмыстары сапалы атқарылуда. Сондай-ақ құрылыс материалдарының да сапасы жақсы екені көрініп тұр. Қоғамдық ұйымдардан барған өкілдер жөндеу жұмысын жүргізіп жатырған құрылысшыларға өз кеңестерін берді.

Әсем БОЛАТ


ШАХМАТТАН ЖАРЫС ӨТТІ

Күні: , 162 рет оқылды

13690939_1627606700884240_688233617671305655_o20 шілде күні аудандық жастар демалыс орталығында дүниежүзілік шахмат күніне орай ересектер мен жасөспірімдер арасында шахматтан жарыс өтті. Адамның ойлау логикасына құрылған бұл спорт түрі — кімді болмасын өзіне тартары анық. Ауданымызда да шахматқа құмарлар көптеп саналады. Осындай жарыстар жастарымыздың салауатты өмір салтына қарай бұрылуына ықпал етері сөзсіз. Жарыс қорытындысы бойынша жасөспірімдер арасында 1 орынды Сұлтан Ақынбасов, ал ересектер арасында Мирлан Жұмағазиев 1 орынды иеленді. Қыздар арасында Айсұлу Жұмағазиева 1 орын, Эльмира Хайруллина 2 орынды иеленіп, алхыс хаттармен марапатталды.

Әсем БОЛАТ


«ГРАНТ» КӨҢІЛДІ КЕШ СЫЙЛАДЫ

Күні: , 154 рет оқылды

13693015_1627251167586460_3791283226587722288_oКТК — әзілдің Отаны. Шын таланттар мен өрендердің өнерін көрсететін де, бағалайтын да нағыз өнердің ордасы. Міне, осы өнердің Отанын да, әзілдің ордасында кең қанаттарын жайған оралдық «Грант» командасы бүгінде талай белестерді бағындырып келеді. Елжан, Бекжан, Серғазы. Үшеуі қаладағы мектептерде оқып жүргенде асқақ армандарға қол жеткізуді ойлады. Олардың арманы жоғарғы оқу орнына грантқа түсіп, «Грант» деп аталатын құрама команда құру еді. Міне, сол армандары уақыт өте келе орындалды. Биік мақсаттары балалық шақтан бастау алған азаматтардың алар асулары да биік болатын. Сөйтіп ойлаған армандары орындалып, топқа басқа да оқу орындардан өнерлі жолдастарын жинап, 2013 жылы әзіл өнеріне жаңа бір таланттарды өмірге әкеледі. Содан бері қағылтпа қалжың, астарлы әзіл сыйлай білген «Грант» құрама командасы өз өнерлерін еліміздің киелі сахналарында көрсетіп келеді. Бүгінде жерлесіміз Елжан Халиолла өз еліне келіп, аудан тұрғындарына көңілді кеш сыйлады. Қазталовтық ағайындар аудандық мәдениет үйінде өткен әдемі кештің куәсі болды. Құрама мүшелері Елжан, Арсен, Мерей, Бекжан, Серғазы өмірдің шынайы тұстарын астарлы әзілдерімен әдемілеп жеткізіп, әсерлі әндер де орындап шықты. Сондай-ақ бір кешті өздерінің әзілдерімен сыйғызып қана қоймай, өнерді бағалай білген көрермендермен де ойын ойнатып, залға жиналған жұртшылықтың қошеметіне ие болды. Кеште аудандық мәслихат депутаты, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрлан Кенжин сөз алып, керемет кеш сыйлаған «Грант» құрама командасына аудан тұрғындары атынан ризашылығын жеткізді. «Грант» құрама командасының капитаны, жерлесіміз Елжан Халиолла, — Өзімнің кіндік қаным тамған туған жеріме келіп жатқаныма өте қуаныштымын. Әрине, алыста жүргенде туған жердің жусан иісі аңқыған ауасын да сағынады екенсің. Осы туған еліміздің киелі сахнасында өнер көрсетіп, ауасынан нәр алу мен үшін қымбат. Сондықтан да біздің құрама команданы да ең алғаш рет туған жеріме әкелуімнің де себебі осы еді, -деп, туған елге деген сағынышын жасыра алмады. Жерлес Елжандай ініміздің осындай биік сахналарды бағындырып жүргеніне біз де қуаныштымыз. Сондай-ақ Елжанның туған елдің топырағында бүгінгі туған күнінің өтуі де тұспа-тұс келіп отырған жағдай. Туған күнің құтты болсын, Елжан! Біз сені мақтан тұтамыз. Өнер сахнасында жүзген кемең тоқтамасын!

Жұлдыз АСҚАР


ЖҰРТШЫЛЫҚ ҚОЛДАСА, МАЛ «ҚЫСТАҒЫНЫҢ» ОРТАЛЫҒЫ ЕМЕС, МӘДЕНИЕТ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛАР ЕДІ…

Күні: , 160 рет оқылды

Халқымыз ежелден мал өсірумен айналысқан ғой. Атакәсіптің арқасында қазақ халқы өсіп-өркендеп бүгінгі дамыған заманға жетті. Қандай ма істер атқарсын, барлығын да төрт түлік малмен байланыстырып отырған. Тіпті қазақ халқы бір-бірімен амандасқанда, -Мал-жан аман ба?, -деп хал сұрасқан. Бұның өзінде үлкен мән жатыр. Яғни, халқымыздың малсыз тұрмысын елестету мүмкін емес. Сондықтан да мал өсіру – біздің басты тұрмысымыздың кілті болып табылады. Ерте кездерде халқымыз ен даланы малға толтырып, қыста қыстаққа, жазда жайлауға көшіп отырған. Бұл нені көрсетеді? Бұның себебі –алты ай қыстақтың орнын демалдыру, яғни, сол ортаны сауықтыру болған. Осындай алма-кезек орын ауыстырып, мал баққан соң халқымыздың мекендерінің айналысы да, ауасы да, қазіргі тілмен айтқанда, экологиясы да таза қалыпта сақталған. Осы мәселені неге қозғап отырмыз?-деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Қазіргі күнде айналамыз, жалпы қоршаған ортамыз жылдан-жылға төмендеп барады. Бүгінгі атом емес, электроника ғасырында техникалық жетістіктерге жетіп жатқан уақытта осылай болары да сөзсіз. Бұны әлемде ғалымдар да жиі айтуда. Былайша айтқанда, қоршаған ортаны, экологияны барынша қалыпты ұстауға өзіміздің қолымыздан да келетін шаруалар бар екенін білген жөн. Соның бірі – халық жиі қоныстанған ауылдың экологиясын, қоршаған ортасын барынша сақтау. Мәселен, Қазталов ауылында 5 мыңдай тұрғын халық бар. Шарбақ саны -1205. Енді осы шарбақтан 2600 –ірі қара, 9392 – қой, 1221 – ешкі, 477 – жылқы малдары шығады екен. Былайша айтқанда ауыл тұрғындарының тұрмыстары жақсарып келеді. Жылқы малы далада жүретіні сөзсіз. Осы малдар 11 бағытта жайылымға шығады көрінеді. Ал, жаңағы айтқан ірі қара мен қой-ешкі таңертең қорадан шығып, кешке қарай ауылға келеді. Яғни таңертеңгі және кешкі мезгілдегі өрістен малдың келген уақытында ауылдың ішін қалың шаң басады. Бұл онсыз да шөлейтті аймаққа орналасқан ауылымыздың экологиясын одан сайын бүлдіре түсуде. Біз мына бір жағдайды естен шығарып алатын сияқтымыз. Әрбір шаңырақтағы өсіп келе жатырған бүлдіршіндер осы бүлінген ауамен тыныстап жатқан жоқ па?! Сонда болашағымыз, -деп жүрген өз балаларымыздың денсаулығын өздеріміз бұзып жатырмыз. Бұл – ақиқат. Енді не істеу керек? Қазіргі күнде өңіріміздің кей аудандарында халық көп қоныстанған ауылдардың малдарын жаз айында ауылдың шетінде ұстауға жағдай жасалуда. Мәселен, осындай шаруа Шыңғырлау ауданында іске асырылған. Сол ауданда болып, көзімен көргендер, Шыңғырлау ауылының (аудан орталығы) тап-таза, экологиясының да қалыпты екенін айтып жүр. Біздің аудан орталығында да осындай істі неге қолға алмасқа? Сонда аудан орталығы мал «қыстағының» орталығы емес, мәдениет орталығына айналар еді. ОСЫ МӘСЕЛЕГЕ ОРАЙ АУДАН ӘКІМІ НҰРЛАН БЕКҚАЙЫР ҚАЗТАЛОВ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМДІГІНЕ АРНАЙЫ ТАПСЫРМА ЖҮКТЕДІ. БҰЛ ТАПСЫРМА ЖАЛҒЫЗ ОКРУГ ӘКІМДІГІНІҢ АТҚАРАТЫН ЖҰМЫСЫ ЕМЕС. МАЛДЫ АУЫЛ СЫРТЫНА БАҒУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУДА АРНАЙЫ ОРЫН ӘЗІРЛЕНЕДІ. МАЛ БАҒУҒА ЖӘНЕ ОНЫҢ ЖОҒАЛМАУЫНА ЖАУАПТЫ АДАМДАР ТАРТЫЛАДЫ. ОСЫ ЖҰМЫСҚА ҚАУЫМДАСТЫҚ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМ МҮШЕЛЕРІ БЕЛСЕНДІ ЖҰМЫС ЖАСАУЛАРЫ ТИІС. Әрине, бұны ауыл тұрғындары өздері қолдау қажет. Халық болып, бір пәтуға келсе, бұл шаруа іске асары сөзсіз. Сондықтан елдің ертеңгі болашағын ойлайтын ағайындар осы бір ұсынысқа қолдау білдереді, -деп сенеміз.

Жұлдыз АСҚАР


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.