АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 11.07.2016


ЖЕРЛЕСІМІЗ МАРАТ ЕЛЕУСІНОВТЫҢ ЖҮЛДЕСІНЕ АРНАЛҒАН БОКС ТУРНИРІ ӨТТІ

Күні: , 104 рет оқылды

IMG_1170 IMG_1301 IMG_13657 шілде күні «Достық» саябағында КСРО спорт шебері, Қазақстан Респуликасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазталов ауданының «Құрметті азаматы» Марат Елеусіновтың жүлдесіне арналған бокстан жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі IV-ші Республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Нұретдин Құтхожин, — Жарысқа қатысушы барлық спортшылар Қазталов еліне қош келдіңіздер! Жерлесіміз Марат Елеусіновтың жүлдесіне арналған турнирге қатысып жатқандарыңызға аудан әкімшілігі атынан ризашылығымды жеткіземін. Сіздерге алдағы өтетін жарыста әділ төрелік, шынайы жеңіс тілеймін, -деді. Сондай-ақ Марат Елеусіновтың шәкірті Е.Бегжанов (Ақтөбе облысы), Кеңес Одағының спорт шебері Т.Ғаббасов (Александров-Гай ауданы) Марат Елеусіновтың жүлдесіне арналған Республикалық турнирді ұйымдастырып жатырған аудан әкімшілігіне және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және дене шынықтыру, спорт бөліміне ризашылықтарын жеткізіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Марат ағамыз бұл турнирге қатыса алмаса да, веб-желі арқылы ыстық лебізін жолдады. Төрт күнге созылған бұл байрақты бәсекеге көрші Ресейдің Саратов облысы Александров-Гай ауданы, Орал қаласы, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарынан және Қазталов ауданының 140 –қа жуық былғары қолғап шеберлері қатысты. Александров-Гай ауданының спорт мектебінің директоры, бокстан I дәрежедегі төреші Ербол Бажеков — Қазақстанға, соның ішінде Қазталов ауданына келгеніме өте қуаныштымын. Қазталов аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтаймын. Осындай елді басқарып, көркейтіп отырған аудан әкімі Нұрлан Мағазұлына шексіз ризашылығымды білдіремін. Астана күнін аудан тұрғындары тамаша көңіл-күймен қарсы алуда. Сіздердің отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілей отырып, аудандарыңыз әрқашан жасарып, жаңара берсін! Марат Елеусіновтың жүлдесіне арналған турнирде  біздің де боксшыларымыз бақтарын сынап, жарысқа қатысуда. Сіздерге тек жеңісті күндер тілейміз, -деді. Дәурен мен Даниярдай мықты боксшыларды тәрбиелеп, жаттықтырған Марат Елеусіновтың құрметіне өткізілген бұл турнирде тек мықтылар ғана жүлделі орындарды сарапқа салды. Нәтижесінде 2006-2007 жылғы жасөспірімдер арасында 26 келі салмақта Ә.Набиев  (Орал), 28 келі салмақта Б.Қабдолла (Қайыңды), 32 келі салмақта Т.Сатаев (Зеленов), 2004-2005 жылғы жасөспірімдер арасында 30 келі салмақта Т.Темірғалиев (Ақтөбе), 32 келі салмақта Б.Қабдолла (Қайыңды), 34 келі салмақта А.Хасанов (Қазталов), 38 келі салмақта Б.Қабдолла (Қайыңды), 50 келі салмақта А.Жалмұханбет (Ақтөбе), 2002-2003 жылғы жасөспірімдер арасында 30 келі салмақта М.Қайырбай (Маңғыстау), 32 келі салмақта С.Марксов (Қазталов), 36 келі Ә.Мұрат (Ақжайық), 40 келі салмақта М.Ораш (Орал), 42 келі салмақта А.Нәсіпқалиев (Қайыңды), 50 келі салмақта Ә.Балтабаев (Орал), 2000-2001 жылғы жасөспірімдер арасында 42 келі салмақта  А.Жұматаев (Қайыңды), 44 келі салмақта Т.Қалиев (Қазталов), 52 келі салмақта Н.Ақбала (Ақжайық), 57 келі салмақта Б.Амангелді  (Қайыңды), 52 келі салмақта Д.Шарипов (Қайыңды), 56 келі салмақта  Н.Здан (Ақтөбе), 60 келі салмақта Н.Бақтығалиев (Қайыңды) 1 орынды иеленіп, алғыс хаттар мен гүл шоқтары табысталды. Даниярдай ағаларының жолын қуған осындай жас боксшылардың жігерін көріп, олардың бүгінгі жеткен жетістіктері алдағы өтетін олимпиада кезінде жерлесіміз Данияр Елеусіновтың жеңіс тұғырынан көтерілуіне демеу болады деп сенеміз.

Жұлдыз АСҚАР


АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ БАСТЫ НАЗАРДА

Күні: , 260 рет оқылды

13584896_1621792031465707_2878917054169377891_o7 шілде күні Қазталов ауданының әкімі Нұрлан Бекқайыр Жаңажол ауылдық округінің Әбіш, Көмекші, Қарасу ауылдық округінің Жұлдыз, Бостандық, Ащысай және Көктерек ауылдық округінің Оразғали, Сатыбалды ауылдарын аралады. Бұл іссапары барысында аудан әкімі ауылдардағы басты мәселелермен танысып, 6 ай қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстарды саралап шықты. Сонымен қатар іссапар кезінде аудан басшысы сол ауылдардың тұрғындарымен кездесіп, ауылдағы ағайындарды мазалап жүрген кейбір мәселелер жөнінде әңгімелесті.

Қайрат ЖАҚЫП


Қазталов ауданы әкімі тұрғындарды қабылдады

Күні: , 340 рет оқылды

13585081_1621433138168263_5590264700952203343_o7 шілде күні аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр Жалпақтал ауылында болып, жекелеген сұрақтар бойынша ауыл тұрғындарын қабылдады. Қабылдау кезінде жұмыс мәселесі бойынша Флора Сағындықова, Аманғали Ғиниятов, ІІ топ мүгедегі Мереке Урахаев сынды тұрғындар көмек сұрай келді. Сонымен қатар Нұргүл Кәрімқызы немересінің балабақша кезегінде тұрған кезегі жылжымайтынын тілге тиек етті. -Бұған дейінде қабылдауға келген тұрғындар көбіне жұмыс сұрап келген болатын. Күні бүгін ауылымызда әзір тұрған жұмыс орындары жоқ. Бірақта мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетуге, жұмысқа орналастыруға қолдан келгенше көмегімізді көрсетеміз,-деген аудан басшысы Нұрлан Мағазұлы аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Жүсіп Шакуов пен округ әкімі Самиғола Сафиоллаұлына Мереке Урахаевты тұрақты жұмыс табылғанша уақытша қоғамдық жұмысқа алуды тапсырды. Естеріңізге сала кетейік, бекітілген кесте бойынша, әр айдың үшінші жұмасы күні аудан әкімі Жалпақтал ауылында болып тұрғындардың жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізеді.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


ЕЛДІҢ ТЫНЫШТЫҒЫ МЕН ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНА БАСА МӘН БЕРІЛДІ

Күні: , 110 рет оқылды

13580508_1621424244835819_5681217554030140323_o7 шілде күні Қазталов ауданы әкімі Нұрлан Бекқайыр Жалпақтал ауылында болып, мекеме басшылармен, қоғамдық келісім кеңестің мүшелерімен кездесті. Жалпақтал ауылдық округі әкімі аппаратының мәжіліс залында өткен бас қосуда округ әкімі Самиғолла Ақмурзин алты ай ішінде атқарылған жұмыстардан және ауылдағы діни ахуал туралы хабарлама жасады. Хабарламашы ауылдық жерде діни ахуалдың тұрақтылығын тілге тиек етіп, К.Меңдәлиев атындағы орта мектеп жанындағы өнер бөліміне статус беру, саябақ ауласындағы «Модуль» кафесін күрделі жөндеу, ет комбинаты бағытына техникалық су тарту секілді басқа да ұсыныстарын жеткізді. Мұнан кейін аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысы Артур Айтжанов жер реформасы туралы айтып, жан-жақты түсіндіріп өтті. Ал аудандық білім бөлімінің басшысы Ерболат Бекмулдин: -Тіл мәселесі елімізде қызу талқылануда. Ал, біздің ойымызша, оларды былай қоя тұрып, алдымен біздер, ата-аналар, өзара пікір алысып, ортақ түсініктің жолын өздеріміз іздегеніміз дұрыс сияқты. Өйткені, түптеп келгенде, тек біздер – ата-аналар өз перзенттеріміздің келешегіне тікелей жауаптымыз. 2016-2017 оқу жылында 1 сыныпқа жаңартылған білім мазмұны енгізілсе, 2017-2018 оқу жылдарында 2, 5, 7 сыныптардың оқу құралдарын жаңарып, дайындық жұмыстарын жүргіземіз,-деді білім бөлімінің басшысы. Сонымен қатар кездесуде аудандық мәслихат хатшысы Еркін Ғазизов жергілікті қоғамдастықтың жұмысын ұйымдастыру туралы хабарлама жасады. Кездесуде облыстық мәслихат депутаты Мағауия Есмағұлов, «Ертегі» бөбекжайының әдіскері Салтанат Ғаббасова өздерінің ұсыныс пікірлерін айтып, тұшымды жауаптар алды. Басқосуда сөз алған аудан басшысы: -Қазіргі таңда әлемнің алпауыт мемлекеттері көп тілді, әсіресе халықаралық тілдерді меңгеруді маңызды міндет деп санайды. Сондықтан біз де өз халқымыздың қарыштап дамып, өркениеттен кенже қалмау үшін көп тілді меңгеруіміз қажет. Үш тұғырлы тіл саясатын дұрыс түсінбей, тек қана қазақ тілін қолданайық деп даурыға берудің қажеті жоқ. Одан да біз мемлекеттік тілді дамытып, орыс тілі мен ағылшын тілін қажетіне қарай үйренеміз керек. Бүгінде ағылшын тілі бастауыш сыныптардан бастап оқытыла бастады. Бұл, өте дұрыс нәрсе. Себебі, бала жастайынан тілді базалық деңгейде білсе, болашақта кәсіби деңгейде үйреніп алуына мүмкіндік туады. Қазақ мектебінде оқыған жас қалада тұрғаннан кейін орыс тілін де білетіні айдан анық. Сонымен қатар, ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылғаны құптарлық дүние. Қазіргі кезде мектеп бағдарламасынан ағылшын тілін еркін меңгерген көптеген бітірушілер шет елдерде білімін дамытып, тәжірибесін молайтуда. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев республикамыздың барлық өңірінде қоғамдық келісім кеңестерін құруға тапсырма берген болатын. Бұл кеңестің қоғамдағы рөлі өте зор. Себебі біздің ортақ Отанымыз – Қазақстанның бүгінгідей қарыштап дамып отырғаны тұрақтылық, ұлтаралық, дінаралық келісімнің нәтижесі. «Бірліксіз ел тозады, бірлікті ел озады», «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген халық мәтелі бәріңізге белгілі. Ең басты ұстаным – бірлік, келісім болған жерде ғана даму бар екенін түсіндіру. Ауылдағы қандай да мәселе болса халықпен бірлесіп шешу қажет. Елдің тыныштығы мен тұрақтылығына баса мән беру керек,-деп жиынды қорытындылады Нұрлан Мағазұлы.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.