АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 15.06.2016


ЖОЛЫҢ БОЛСЫН, ЖОЛАУШЫ!

Күні: , 114 рет оқылды

13391507_1610779389233638_4480921461463452648_o14 маусым күні аудан әкімінің орынбасары Сағынғали Бегжановтың төрағалық етуімен аудандағы жолаушылар тасымалымен айналысушы жеке тұлғалармен жиналыс өткізді. Жиналыста жолаушылар таситын жеке көлік иелерінің тиісті заң талаптарына сәйкес арнайы тіркеуден өту, жол ережесін сақтау, көліктерінің техникалық байқаудан үнемі өткізіп отыру, жалпы алғанда жолаушы өміріне бірден-бір жауапты екенін сезіну қажеттігі айтылды. Жиналысқа қатысқан аудандық коммуналдық тұрғын үй, автомобиль жолдары бөлімінің және аудандық МАИ қызметкерлері жолаушылар тасымалдаудағы кемшіліктер мен оны реттеудің мәселелері туралы ойларын ортаға салды. Сондай-ақ жолаушылар тасымалдаумен айналысатын көлік иелері де өздерінің ұсыныстарын білдірді.

Жұлдыз АСҚАР


ЗЕЛЕНОВТЫҚТАР ҚАЗТАЛОВТА

Күні: , 112 рет оқылды

13458502_1610386359272941_1423189235678212237_o 13443326_1610387789272798_1285265305704118686_o 13417017_1610308915947352_816712333547568153_o 13403956_1610339315944312_8231020209829935756_o 13403951_1610395305938713_3379877170961526376_o 13403223_1610387959272781_99066540289797186_o 13391423_1610386332606277_8478803143049792153_o13 маусым күні «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажоба аясында Зеленов ауданы әкімі Кәрім Жақыпов бастаған делегацияны аудан шекарасында акудан әкімі Нұрлан Бекқайыр бастаған өкілдер қарсылады. Көк туды желбіретіп, ат үстінде батырлар болып киінген қазталовтықтар сайын далаға өрлік қасиет бергендей болса, Б.Қабиеваның Әжелер ансамблі дәм ұсынып, зеленовтықтарға қуаныш, қонақ кәде жасады. Сондай-ақ емен-жарқын кездесуде ән- күйге де кезек берілді. Қонақтар аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Нұрлыбай Жолдыбаевтың дәмханасынан дәм татты. Жалпақтал ауылында болған Зеленов ауданы әкімінің орынбасары Асылұлан Досжанов аз қамтылған көп балалы Гауһар Нұрмұханбеттің, Эльмира Тұрманованың, мүмкіндігі шектеулі жандар Венера Рамазанованың, Қанатқали Машировтың, тыл ардагері Дариға Мырзағалиеваның шаңырақтарында болып, азық-түлікпен қамтыды. Шаңырақтарында болған кездесуде Зеленов ауданы әкімінің орынбасары Асылұлан Тұрсынұлы отбасыларына амандық, береке-бірлік тіледі. Тыл ардагері Дариға әжей осындай қамқорлықтары үшін зеленовтықтарға аналық жүрегімен алғысын айтып, ақ батасы берді. Сонымен қатар  соғыс және еңбек ардагері Жұмат Сәрсенбиевтің шаңырағында  да болды. Қазталов аудан орталығына келген зеленовтық қонақтар Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлестердің, қуғын-сүргін құрбандарына орнатылған ескерткіштерге және өнер қайраткері Сағит Садықовтың кеудемүсініне гүл шоқтарын қойды. Аудандық мәдениет үйінде екі ауданның делегация өкілдері «Рухани келісім мен тұрақтылық кепілі» атты дөңгелек үстел басында бас қосты. Дөңгелек үстелде Қазталов және Зеленов аудандарының әкімдері Нұрлан Бекқайыр мен Кәрім Жақыпов екі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде әңгімеледі. Сондай-ақ дөңгелек үстел басында Переметный ауылдық округі қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Николай Анципрович, «Мария» этномәдени бірлестік жетекшісі Роза Самарцева, «Қазталов» несие серіктестігінің төрағасы Абай Багисов, өнегелі ұстаз Баян Қабиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішев, аудандық мәслихат депутаты Гүлфия Көшбаева аудандарда атқарылып жатырған жұмыстар туралы ойларын ортаға салды.  Дөңгелек үстелде БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов еліміздің 25 жылдық тәуелсіздігі жолында ұлттар достығы арасында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Сонымен қатар зеленовтықтар үздік оқушыларға сыйлықтар табыс етті. Аудандық мәдениет үйінде «Бірлігі жарасқан ел – Қазақстан!» атты Зеленов ауданы көркемөнерпаздарының концерті өтті. Концерттік бағдарлама өте тартымды болды. Түрлі ұлт өкілдері ән мен биден шашу шашып, қазталовтықтарды таң-тамаша қалдырды. Концерт шымылдығы белгілі журналист, бүгінде «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Дүзбатыровтың «Мой край» әнімен жабылды. Концерт соңында Зеленов ауданының әкімі Кәрім Жақыпов «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега-жобасының эстафетасын Қазталов ауданының әкімі Нұрлан Бекқайырға салтанатты түрде табыстады. Аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр зеленовтарға аудан халқы атынан ыстық ықыласын жеткізді.

«Ауыл айнасы» ақпарат


АСҚАРДЫҢ КӨҢІЛ-КҮЙ СЫЙЛАҒАН КЕШІ

Күні: , 104 рет оқылды

13412151_1609933172651593_1034425362297000126_o12 маусым күні Қазталов және Жалпақтал мәдениет үйлерінде «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», актер Асқар Наймантаевтың шығармашылық кеші өтті. Өнерімен халық құрметіне бөленіп жүрген талант иесі театр сахнасында көптеген қойылымдарда басты рөлдерді сомдады. Ж.Тәшенов, И.Саввинннің «Көшеде жүрген пақырды, әкім бол деп шақырды» спектаклінде Нұртаза рөлін, Ш.Айтыматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклінде Сәбитжан рөлін, М.Мақатаевтың «Қош махаббатында» Қасым, Ж.Аймауытовтың «Ақбілегінде» Балташ рөлдерін ойнап, Әзірбайжан Мәмбетов, Асанәлі Әшімов, Болат Атабаев, Әубәкір Рахимовтай дарынды режиссерлармен қызмет атқарды. Сахнаға шыққан өнер жұлдызы ауданымызға келгенін ерекше сезіммен айтты. Оның себебі – қазақ өнерінің анасы атанған Хадиша Бөкееваның туған ауылына келгенін және оның шәкірті болғанын мақтанышпен жеткізді. Кеште өнерде артынан ерген Қазбек Ыдырысовпен бірге ойлы әзілдерімен қатар әннен де шашу шашты. Әсіресе, «Әпитөктің күйеуі» әзілі жиналған жұртшылықты қыран-топан күлкіге қалдырса, астарлы әзілдері бүгінгі күннің және кешегі өткен дәуірдің өмір суреттерін көз алдымызға әкелгендей болды. Былайша айтқанда, күле отырып, ойланасың… Кеште аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр өнер иесіне аудан тұрғындарының ықыласын жеткізе отырып, алғыс хат табыстады.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ҚАРАӨЗЕНДІКТЕР САЯБАҚТЫ ӘНГЕ БӨЛЕДІ

Күні: , 152 рет оқылды

13433102_1609150219396555_9114560318684595568_oҚараөзеннің атын ұрпақ атасын. Ақсақалдар бере берсін батасын. Қос өзеннің бірі болған Қараөзен, Жылдарды емес, ғасырларды жасасын. Иә, жергілікті айтыскер ақын Жібек Болтанова апамыз жырлағандай тарихы тереңде жатқан қасиетті Қараөзен елі бірлік пен береке, татулық пен ынтымақтастық ұйысқан қазақ жері. 10 маусым күні «Достық» саябағында аудан тұрғындары Қараөзен өнерпаздарының концертін тамашалады. Кеште көңілді де, сазды әндер шырқалып, саябаққа жиналған жұртқа әдемі кеш сыйлады. Гүлдей жайнаған «Гүлім» бишілер тобы әр түрлі билер орындап, кештің ажарын аша түсті. Аудан тұрғындарына ақшаңқаң киіз үйде әзірленген қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып жатса, қолөнерден де көрме көрсетілді. Кеш соңында Қазталов ауылдық округінің әкімі Сәрсенбай Молдашев аудан тұрғындары атынан ризашылығын жеткізді.

Жұлдыз АСҚАР


ҚОШАНКӨЛДІКТЕР ЖАЛПАҚТАЛДА

Күні: , 104 рет оқылды

13433114_1609129852731925_4558323102350717794_o10 маусым күні «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега жобасы бойынша Қошанкөл ауылының делегациясы Жалпақтал ауылына ат басын тіреді. Жалпақтал ауылының орталық саябағында қошанкөлдік көркемөнерпаздарының концертін ауыл тұрғындары тамашалады. Өткен аптада басталған мегажоба Қошанкөл ауылдық округінің жоғары дәрежеде ұйымдастырылған концертте көрініс тапты. Мәдени бағдарламада қошанкөлдік ағайындар екі ауылдың татулығын тілеп, салт-дәстүрі мен өнерін паш етті. Жоғары деңгейде оздырылған концертте Руслан Ерболатұлы сахна шымылдығын Ж.Сұпышевтың сөзіне жазылған әні Қ.Ақбатыровтың «Қошанкөл менің ауылым» әнімен ашты. Ауыл өнерпаздары Серікбай Сариев, әжелер ансамблі, Айсая Адаялиева, Оксана Қуанғалиева, Марина Бигалиева, Әйгерім Битебаева, облыстық «Мерейлі отбасы» конкурсының жеңімпазы, халықтық «Бигалиевтер» жанұялық ансамблінің жетекшісі Марат Бигалиев, Рая Набиоллақызы, Жанар Тасқалиқызы тамылжыған ән-күйден шашу шашып, әсем бимен көрерменнің қошеметіне ие болды. Мәдени шара соңы Е.Хасанғалиевтің «Атаменкен» әнімен аяқталды. Шараға қатысқан Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Самиғолла Ақмурзин елдің бірлігін тілеп, Жалпақтал жұртшылығы атынан алғысын айтса, Қошанкөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Радж Шәріпов эстафеталық кітапшаны салтанатты түрде табыс етті.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ!

Күні: , 84 рет оқылды

13392265_1608936636084580_1873579728626738576_o10 маусым күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен, — «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның талаптарын түсіндіру бойынша семинар-кеңес өтті. Кеңесте аудандық әділет басқармасының басшысы Эльмира Қайсағалиева, -«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңынан туындайтын міндеттер туралы хабарлама жасады. Семинар кеңесте аудан прокуроры Дәурен Медетбеков, аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызмет бөлімінің жетекшісі Қайыржан Өмірәлиев, -осы Заң талаптары сияқты демократиялық негiздердi, мемлекеттi басқарудағы жариялылық пен бақылауды кеңейтуге халықтың мемлекет пен оның құрылымдарына деген сенiм нығайтуға, бiлiктi мамандарды мемлекеттiк қызметке кiруге ынталандыруға, мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын адамдардың риясыз адалдығы үшiн жағдайлар жасауға да бағытталған. Барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар үшін өз құзіреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге міндетті және оны іс жүзінде іске асуына жауап беруіміз қажет. Сонда ғана Елбасының «100 – нақты қадам» бағдарламасындағы айтылған міндеттер жүзеге асатын болады, — деді. Семинар кеңесте осы Заң талаптарының мәдениет саласында орындалуы жөнінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Досжан Ахметов хабарлама жасап өтті. Семинарға қатысқан мекеме, ұйым жетекшілері ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.

Жұлдыз АСҚАР


АССАМБЛЕЯ МҮШЕСІН ҚАБЫЛДАДЫ

Күні: , 88 рет оқылды

13392278_1608930809418496_7601607192789765880_oБүгін Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Самиғолла Ақмурзин қырғыз ұлтының өкілі, ҚХА мүшесі Бахрам Рахмановты қабылдады. Кездесу барысында округ әкімі Самиғолла Сафиоллаұлы Бахрам Жұмаұлына үстіміздегі жылдың 20 наурызында кезектен тыс өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихатттар сайлауын ұйымдастыру мен өткізуде белсенділік танытып, айтарлықтай үлес қосқаны үшін ҚР Президенті, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының атынан алғыс хатты табыс етіп, деніне саулық, отбасына амандық тіледі. Сонымен қатар қабылдауда облыстық мәслихат депутаты Мағауия Есмағұлов, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ғалия Ахметова өздерінің игі тілектерін айтып құттықтады. -Мұндай марапатты алу — мен үшін үлкен абырой. Елбасы басқаратын билік партиясы алған қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін біз аянбай еңбек ететін боламыз,-деді кездесу барысында қырғыз ұлтының өкілі, ҚХА мүшесі Бахрам Рахманов

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


ОЛАРДА ЕШҚАНДАЙ ҰЛТТЫҚ ТА, ДІНИ ДЕ СЕНІМ ЖОҚ

Күні: , 182 рет оқылды

13418396_1608442916133952_8467262936015347828_o9 маусым күні аудандық ішкі саясат және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Экстремизм мен терроризмге қарсы күрес – баршаның міндеті» тақырыбында дөңгелек үстел оздырылды. Дөңгелек үстелде аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Абзал Садықов және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының кеңесші маманы Әліби Жангерей бұл мәселенің мәні мен мазмұнына терең тоқталып өтті. Адам – жаратушының ғажап жаратылысы. Әлемдік және дәстүрлі діндердің негізгі өсиеттерінің бірі – кісі өлтіруге тиым салу болып табылады. Террористер мен экстремисттердің қандай да діни мәтіндерді пайдаланып, адамдардың бейбіт өміріне қауіп төндіруде. 5 маусым күнгі болған Ақтөбедегі қайғылы оқиға адамдарға келген орны толмас зардап деп білуге болады. Дөңгелек үстел басында сөз алған аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалының төрағасының бірінші орынбасары Марат Тоясов,- барша қазақстандықтар үшін ең қасиетті құндылық саналатын тәуелсіздік, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім, еліміздің өсіп-өркендеуі мен гүлденуіне бағытталған саясатының берік іргетасы екендігін әрқашан ұмытпауымыз керек ,- десе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішев,- лаңкес жасайтындарда ешқашан ұлттық та, діни сенім де болмаған. Олар өздерінің қанды әрекеттерін жалған діни ұрандармен ақтағысы келеді. Сондықтан мұндай дінімізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын әрекеттерді батыл айыптауымыз қажет,- деді. Сондай-ақ еңбек ардагері Теміртай Нұғманов, аудандық мәслихат депутаты Гүлфия Көшбаева жастардың теріс ағымдарға ілеспеуі үшін оларды неғұрлым жұмысқа тарту, бос уақыттарын тиімді өткізу қажеттігіне тоқталып өтті. Сонымен қатар «Қазталов мешітінің» бас имамы Жандосбек Құсайынов, «Ауыл айнасы» газетінің тілшісі Әсем Халиуллина,- нағыз мұсылман үшін ислам – әрдайым бейбітшіліктің, мейірімділіктің, төзімділіктің және өзара құрметтің діні болып табылып келеді. Сондықтан лаңкестер әрекетін басқа себептерден де іздеу қажет деген пікірлерін ортаға салды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ЖЕКЕ КӘСІПКЕР АУЫЗАШАР БЕРДІ

Күні: , 140 рет оқылды

13392014_1608307822814128_3039147965534636584_oҚасиетті айда Аллаһқа құлшылық етуді, көпшіліктің ризашылығын, батасын алуға ниет білдірген Ақтөбе қаласының тұрғыны, жерлесіміз, жеке кәсіпкер Берік Құрманғалиев Алла Тағаланың парызын орындап, ораза ұстап жүрген адамдарға ниеттерінің қабыл болуын тілеп, кеше 8 маусым күні «Ақниет» мейрамханасында ауызашар берді. Мейрамханада өткізілген ауызашарға Жалпақтал мұсылмандар мешітінің имамы Тілепберген Нұралиев, ауыл ардагерлері мен қонақтар қатысты. Алдымен Жалпақтал мұсылмандар мешітінің имамы Тілепберген Ахмеджанұлы ата-бабалар рухына Құран бағыштап, жерімізге тыныштық, елімізге амандық, болашақ жастардың жүрегіне иман нұры ұялай беруін тілеп дұға қайырды, құран оқылды. Жеке кәсіпкерге игі бастамаларына орай бата берілді. Ауызашар барысында кезектесіп сөз алған азаматтар ризашылығын білдірумен қатар, халқымыздың қонақжай, мейірбан, ізгі қасиеттерін дәріптеп, жастардың бойына сіңіру, ауызашар дәстүрінің олардың береке-бірлігін арттыру, ұйымшыл, қоғамшыл, кешірімшіл болып тәрбиеленуіне орасан мол ықпал ете алатыны жайлы ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, асыл дініміз Исламның құндылықтары, қасиетті Рамазан айының хикметтері мен ораза ұстаудың және ауызашар беру, ауыз аштырудың сауабы туралы кең көлемде уағыз-насихат айтылып, ақсақалдар алғыс-баталарын берді. Ауызашар ұйымдастырушылардың асыл дініміздің құрметіне орай, қасиетті Рамазан айының қадір-қасиетін ұлықтап, Алла ризашылығы үшін көрсеткен жақсы ниеті, жылы қабағы, ақ пейілдеріне келушілер де қош көңілмен риза болып тарқасты.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.