АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 12.04.2016


ТАҒЫ ДА БАС ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Күні: , 126 рет оқылды

12916734_1575177262793851_7261878819191389413_oЖалпақталдық өрендер Астана қаласында өткен халықаралық «Ақкөгершін» фестивалінен тағы да жүлделі оралды. Астана қаласында өткен халықаралық «Ақкөгершін» фестиваліне 10 жыл толуына орай ұйымдастырылған байқауда Жалпақтал ауылының өнерлі балғындары жүлдемен оралды. Бүгін осы балғын бүлдіршіндерді аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ғалия Ахметова, Жалпақтал мәдениет үйінің директоры Жанат Қалиұлы, К.Меңдәлиев атындағы орта мектебінің директоры Салтанат Өтеғұлова және осы мектептің ұжымы, ата-аналары Жалпақтал ауылының шетінен салтанатты түрде қарсылап алды. Аталмыш шараға Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және алыс-жақын шетелден және елімізден 2 мыңға тарта өнерлі балғындар қатысты. Соның ішінде «Дәстүрлі ән» аталымы бойынша Жалпақтал өнер мектебінің Баян Құбайқызы жетекшілік ететін дүбірлі дода «Қыз Жібек» термеші ансамблінің үлкен тобы «Сыпыра жыраудың термесін» және ұлт өкілдері әндерінен попури, «Тәуелсіз елім жасасын», Б.Тәжібаевтың «Туған жер» әндерін орындап, бас жүлдені жеңіп алды. Ал Асылхан Бултановтың «Қыз Жібек» термешілер ансамблінің кіші тобы «Шегенің», «Естайтың» термелерін, халық әндері «Абай көк», «Халаулым-ай», «Гүлдерайымды» орындап І орынды иеленді. Сонымен қатар жекелей орындауда Лунара Асқарова «Махамбеттің термесін», халық әні «Ақайшаны», Мөлдір Нұғыманова «Өмір термесін», Ажардың әні «Әмірханды» орындап бас жүлдеге қол жеткізді. Ал «Құмар термесін», халық әні «Бозбаланы» орындаған Аида Оразова І орынды иеленді. І дәрежелі дипломант атанған Әлішер Құбаев халық әні «Дударайым», ІІ дәрежелі дипломант Бибігүл Шерниязова «Сартайдың термесін», халық әні «Қарагөзді» орындады. Лауреат атанған Камиля Рамазанова Ғ.Құрманғалиевтің «Әнші даусы», халық әні «Желкілдекті» орындады. Ал өнер мектебінің ұстазы Айдар Досқалиевтің шәкірттері Бекзат Қайратов «Желкілдекті» орындап лауреат атанса, Азамат Мәліков Ғ.Құрманғалиевтің «Еңбек термесін» орындап лауреат атанды. Бұл бүлдіршіндеріміз ұстаздарының үмітін тағы да ақтады. -Ендігі жерде демеуші табылып жатса алыс-жақын шет мемлекеттерде өнер көрсетулеріне бүлдіршіндеріміздің ел намысын қорғауларына жол ашық,-дейді бүлдіршіндердің ұстазы Баян Құбайқызы. Тағы да жүлделеріңің құтты болсын. Биік белестерден көріне беріңіздер демекпін.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


…КӨЗІНДЕ КӨРКЕМ ӘЛЕМІ, АҚИҚАТ ОЛ, ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫЗЫ ӘДЕМІ! «ҚАЗТАЛОВ АРУЫ-2016»

Күні: , 160 рет оқылды

981170_1574466302864947_8134180665178534029_o 12513941_1574466312864946_616485973614271574_o29 наурыз күні аудандық мәдениет үйінде «Қазталов аруы — 2016» байқауы өтті. Байқауға ауылдық округтерден 9 ару қатысты. Байқаудың ашылу салтанатында сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Абзал Садықов, -Байқаудың басты мақсаты – қазақ қыздарына тән әдептілік, инабаттылық, ізеттілік қасиеттерді қалыптастырып, жастардың рухани талғамын кеңейту болып табылмақ. Осыған орай бүгінгі байқауға қатысып отырған ару қыздарымызға сәттілік тілейміз, -деді. Қазақ қызы –тамсандырған талайды, Тоғжан болып ғашық қылған Абайды, Қазақ қызы күлкісі күн, тілі бал, Ай секілді асқақ ару арайлы! дегендей қазақ қыздары көркіне ақылы сай екені бесенеден белгілі. Қос өзеннің ортасындағы қалың елде де арулар көптеп саналады. Олар Сарыөзен мен Қараөзеннің қыратында өскен қызғалдақтай желбіреген сұлулар. Байқауға қатысушылар өздерін таныстыру, өнерлерін ортаға салу, қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына қатысты сұрақтарға жауап беру, қазақи нақыштағы сән үлгісін көрсету бойынша сайысқа түсті. Нәтижесінде бүкіл сыннан сүрінбей өткен ақпәтерлік ару Нұржиян Хасанова Бас жүлдені жеңіп алды. Ал, 1 орынды жалпақталдық ару Аида Сапиева, 2 орынды қазталовтық ару Әсем Бекжан, 3 орынды талдыапандық ару Аягөз Есенова иеленді. Ақпәтерлік ару Нұржиян Хасанова «Қазталов аруы -2016» нағыз лайық арудың өзі болып табылады. Ол өзінің оқыған монологында балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің жан күйзелісін, ішкі сезімін оларға бір нәрсе жетпей тұрғанын табиғи тебіреніспен жеткізе білді. Монологты тыңдап отырып сол балаларға ешбір алтынға айырбастай алмайтын Анаға деген сағынышты сезесің. Сезе отырып осы бір заманда көздерін жасқа толтырып, немесе қоқысқа лақтырып кететін өзінің жүрегінен бөлініп шыққан кішкентай жүректі қиып кететін сайқалдарға лағнет айтасың. Міне, ару Нұржиян осыны жеткізе білді. Сонымен қатар басқа да кезеңдерден өз әріптестерінен озық болды. Ал, жалпақталдық арулар Аида мен Асылзада (орын алмаса да) оқыған үзінділер және көріністермен бүгінгі қоғамның көлеңке жағын ашып берді. Қазталовтық Әсем мен талдыапандық Аягөз көрермендердің қошеметіне бөленгенін айтқан жөн. Жалпы байқауға қатысушылардың барлығы да нағыз қазақ аруына лайық жандар. Сайыс болған соң жүлделі орын санаулы болады. Сондықтан осы байқауға қатысқан барлық аруларымызға өз замандастарына үлгі болып жүрсе екен дейміз.

Жұлдыз АСҚАР


МЕДИАТОРЛАРМЕН БАС ҚОСҚАН КЕҢЕС

Күні: , 112 рет оқылды

12901276_1574414366203474_817008934236619950_o29 наурыз күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қазталов аудандық сотының төрағасы Райбек Қайырбеков, аудандық прокурор Дәурен Медетбеков ауылдық округ әкімдерімен және медиаторлармен кеңес өткізді. Сот төрағасы,- медиатор — бұл сот жүйесіне жатпайтын және сот көмекшісі болып табылмайтын кәсіби делдал. Медиаторға жанжалдарды реттеуге азаматтардың өздері жүгінеді. Ол өз кезегінде олардың дауларын талқылау барысында тараптарды өз кезегінде шешім табуға көмектеседі. Осындай медиаторлар ауданымызда да жұмыстар жасауда,- деді. Сонымен қатар сот, әкімшілік, медиаторлар арасында меморандум жасау жөнінде де әңгіме қозғалды. Кеңеске қатысушылар өзара пікірлер алмасып, түрлі сауалдарға жауаптар алды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ШЕКАРА ТӘРТІБІН САҚТАУ ЖӨНІНДЕ ОЙ БӨЛІСТІ

Күні: , 116 рет оқылды

12885768_1574153116229599_909026836778441951_o29 наурыз күні Қазталов ауылдық округі әкімдігінде шекара, құқық қорғау қызметкерлері шаруа қожалықтары жетекшілерімен кездесу өткізді. Кездесуде Қазталов ауданы бойынша ҰҚК өкілі Бауыржан Иденов, Қазталов ауданы бойынша учаскелік шекарашы Әсет Сембин шекаралас аудандағы жағдай туралы хабарлама жасады. Оның айтуынша Қазталов ауданы Ресейдің Александров-Гай ауданымен шекаралас жатыр. Екі елдің арасында достық тығыз байланыс жасалып келеді. Дейтұрғанмен аудан тұрғындары арасында шекара тәртібін сақтау кей жағдайларда бұзылатын да фактілердің бар екенін жасыруға болмас. Әсіресе жайылымдағы жүрген малдың бағусыз шекарадан өтіп кетуі немесе тұрғындар арасында да тиісті заңдылықтарды сақтамаушылық бар. Нәтижесінде шекарадан әрі қарай асып кеткен малды қайтару үлкен әурешілікке салуда. Бұл жағдайда тиісті заңдылықтарға сәйкес көп құжаттарға сүйенуге тура келеді. Сондай-ақ жеке адамдар шекара аймағына барғанда өздерімен бірге жеке куәліктері немесе рұқсат анықтамаларының болмауы да көп қиындықтар әкелетінін түсіне бермейді. Міне осының салдарынан екі елдің арасындағы шекара тәртібін сақтауда қиыншылықтар туындайды. Осы мәселелер төңірегінде кездесуге қатысушылар өзара пікірлер алмасып, көкейлерінде жүрген сауалдарға жауаптар алды.

Жұлдыз АСҚАР


..БІР ЖОЛ БАР ЖАҚЫН, ЖАҚЫН БОЛСА ДА АЛЫС

Күні: , 162 рет оқылды

12495060_1573668849611359_1428791365894113909_nҚазақ «Бір жол бар жақын, жақын болса да алыс. Бір жол бар алыс, алыс та болса жақын» дейді. Мұның мәнісі — жол нашар болса, жақын болса да жолаушы жол азабын тартып, жетер жеріне сағаттап жүріп баруы мүмкін. Сондай «жақын да болса алыс» жолдың бірі Чапаев-Жалпақтал-Қазталов-Жәнібек республикалық маңызы бар күре жолдың 127-158 шақырымы аралығы (Серік, Жалпақтал). Көктем мезгілі басталып, жауын-шашынның көп түсуінен Серік елді-мекенінің шамасындағы жолдың бөлігі көлік қатынасына қиындықтар туғызғаны белгілі. Лайсаң күндері аутокөліктер жүре алмай, жүргізушілер де, жүргіншілер де бірталай азап көрді. Енді міне, бұл қиындық та артта қалмақ. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға бұл жолдың 18 шақырымына асфальт төселмекші. Яғни, қатты табанды жол Жалпақтал ауылына жетеді деген сөз. Бұл жұмыстарды «ЮНИСЕРВ» ЖШС-ы атқармақ. Ал, Жалпақтал ауылынан аудан орталығы Қазталовқа дейінгі 12 шақырым жолдың жобалық құжаттары да жасақталу үстінде. Бірақ ол келер жылдың еншісінде. Сонымен қатар айта кетер бір жәйт, «ЮНИСЕРВ» ЖШС-ның материалдық-техникалық базасы мен асфальт бетон қоспасын шығару цехы Серік ауылына көшірілмек. Демек, Серік ауылының азаматтары жұмыспен қамтылып, екі қолға бір күрек табылмақшы. Аудан тұрғындарының түйткілді мәселесінің бірі – жол мәселесі шешімін тапқаны жақсы-ау. Дегенмен, осы келе жатқан қара жамылғы жолда кейбір әумесер аутокөлік жүргізушілер қатты жылдамдықпен қазалы жағдайға ұшырап, адамдарды қара жамылтпаса екен дейміз.

Мөлдір ӘНУАРБЕК


СУ ҚОЙМАЛАРЫНЫҢ ЖӘЙІМЕН ТАНЫСТЫ

Күні: , 124 рет оқылды

12419332_1573665896278321_8485162049388879597_o28 наурыз күні аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр Қараөзен, Жалпақтал, Көктерек, Қарасу ауылдық округтеріндегі Автобаза, Гүрілдеуік, Маламбай, Қожандай, Жырықөткел, Көмекші арналарындағы судың жәйімен танысты. Аудан әкімі алдымен Қараөзен ауылы жанындағы Автобаза су қоймасымен жағдайымен танысты. Көршілес Ресей елінен келетін судың кірісі қазіргі уақытта секундына 9 текше метр. Басқа су қоймаларында да жағдай бірқалыпты. Жалпы, аудан аумағында көктемгі қар суынан төніп тұрған қауіп жоқ деуге болады. Өзен, көл-тоғандарға судың түсуі де өткен жылдармен салыстырғанда аз. Дегенмен, жыл басталғалы жауын-шашынның мол болуынан, жердің ылғалы жақсы. Осыған орай шабындықтар мен мал жайылымына шөп шығымы ойдағыдай болады деп күтілуде. Су қоймаларының жағдайымен танысқан аудан әкімі төтенше жағдайларға дайындық шаралары кешенді түрде жүру керектігін айтып, су деңгейінің әрдайым қадағаланып отырылуы керектігін ескертті.

Мөлдір ӘНУАРБЕК


ТОҒАН СУДАН ТОЛЫП ТҰР

Күні: , 120 рет оқылды

12890863_1573616059616638_1530526282234544512_oӨткен жылы Бозоба ауылы мал үшін судан қиындықтар көрген болатын. Тек бозобалықтар емес, көп ауылдар осындай қиыншылықтарға тап болды. Соны көре білген атқарушы орган өткен жылы Бозоба ауылы жанындағы тоғанды тазарту үшін арнайы қаржы бөлген болатын. Бұл жұмысты Нұрлыбек Хайруллин жетекшілік ететін «Қуан құрылыс» ЖШС тоғанды өткен күз айында терендетіп, қазып, жұмысты сапалы орындап шықты. Нәтижесінде бүгінгі күнде тоған қар суымен лық толып тұр. Енді бозобалықтар жаз айында малға қажетті су үшін қиналмайтын болады. Сонымен қатар бұл жұмысқа аудандық мәслихат депутаты Жұмабек Хайруллиннің да үлесі бар екенін айтуға тиіспіз. Бозобалықтар атқарушы органға да, Хайруллиндерге де ризашылық білдіруде.

Гүлфия Көшбаева


АСЛАНБЕКТІҢ ОҚУШЫЛАРЫ ЖАРАДЫ!

Күні: , 151 рет оқылды

12901007_1573598886285022_4046805797840553652_oБостандық орта мектебінде оқушыларды салауатты өмір салтын ұстану мақсатында алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Асланбек Сармалаев бокс үйірмесін ашып, жас жеткіншектерге оқып-білгенін үйретіп келеді. Еңбегінің жемісіне орай шәкірттері барлық республикалық, облыстық, аудандық жарыстардан қанжығаларын алтын, күміс, қола медальдарға толтырып жүр. Сондай жарыстардың бірі 14-16 наурыз аралығында Орал қаласында 2002-2003 жылы туылған жасөспірімдер арасында бокстан облыс біріншілігі өткен болатын. Жарысқа қатысқан боксшылар жүлдемен оралды. Жарыс қорытындысы бойынша 42 келі салмақта Айхан Қадырбеков 3 орын, 32 келі салмақта Санжар Марксов 1 орынды жеңіп алды. Санжар Марксов жарыстың «үздік боксшысы» атанып, Маңғыстау облысында өтетін Қазақстан Республикасының аймақтық біріншілігіне жолдама алды. Осындай талапты шәкірттер тәрбиелеп жатырған Асланбек Сармалаевқа артыңыздан ерген шәкірттеріңіз жеңістің шыңдарынан көріне берсін деген тілегімізді жеткіземіз. Ал, былғары қолғап бокшыларына сәттілік серік болғай дейміз.

Гауһар ҚҰРМАНҒАЗИЕВА


ЖАН САРАЙЫМЫЗДЫҢ ШЫРҚАУ БИІГІ – ТЕАТР

Күні: , 128 рет оқылды

12891756_1573017106343200_2190038449587859864_o27 наурыз – халықаралық театрлар мерекесі. Бұл театр қайраткерлерінің кәсіби мейрамы ғана емес, барша өнер сүйер қауымның төл мерекесі секілді. Осы орайда М.Ғұмаров атындағы Жалпақтал халық театры, әрі өздерінің кәсіби мерекесі күні көрермендерге Сұлтанәлі Балғабаевтың «Аспирант. Әйел. Жын» атты бір актілі комедиялық қойылымын тарту етті. Дыбыс, жарық, сахна, көрермен. Бір сағаттың көлеміндегі қойылым. Көрермен актерлердің ойынына қанық болды, сенді. Бұдан асқан бақыт жоқ шығар режисерде. Ал бұл қойылымның бас режиссері Нұрлан Шаканаев. Аты облыс, аудан көлеміне таныс өнер иесі. Өнер — ауыр жол. Ал, сол өнердің өрісін келтіріп, шыңына шығу бірегейлердің қолынан келер ғибыратты іс. Нұрлан Шаканаев өз өнерінің шебері. Мұхаметжан Ғұмаровтың шәкірті, ізбасары. Енді біз осы қойылым төңірегінде әңгіме өрбітсек. Диссертация жазуға құлқы жоқ. Әйтеуір қатардан қалмаудың қамымен жүрген аспиранттың диссертация қорғап оңдырмайтынын сезген әйелінің: «Шіркін-ай, бір демеуші күш болып, күйеуім диссертация қорғап, кандидат болса, одан доктор, одан профессор, академик болса» деген қиялынан туған көріністер сахнада оқиға болып өріледі. Мұның күйеуінің басты қарсыласы Айранбайдың талантын түсінген әйел қиялында да күйеуін Айранбайдан асыра алмайды. Тіпті қиылындағы «Жын» да бұл жерде қауқарсыз болып қалатындай. Байлықты, айналасының алды боуды, қымбат киім киіп, қымбат жиһаз жинауды қалайтын әйел қиялынан айыққанда күйеуінің әлі аспирант күйінде екеніне шыдай алмай талап құлайды. Бұл туынды М.Ғұмаров атындағы Жалпақтал халық театырының режиссері Нұрлан Шаканаевтың алғаш қойылымы емес. Бұған дейін тырнақ алды туындылары М.Хасановтың «Пай-пай, жас жұбайлар-ай», «З.Ақышевтың «Келіндер», С.Адамбековтың «Алтын табақтағы жылан», Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуі», Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», Қ.Сатыбалдиннің «Аягөз ару», О.Бодақовтың «Ойбай күйеу керек», «Бажалар мен балдыздар», «Терісқақпай», С.Жүнісовтың «Жаралы гүлдер», «Қыз махаббаты», «Г.Хугаевтың «Андро мен Сандро», Б.Ұзақовтың «Жандауа», С.Асылбековтың «Бір түннің оқиғасы», С.Жұматтың «Вампир күйеу», М.Томановтың «Сыйланбаған сезім» пьесасы бойынша «Ұмытпаңдар бізді» секілді тағы да басқа ірілі-ұсақты 35 қойылымның режиссері бола біліп, көрермен назарына ұсынды. Бұған дейін осынау қара шаңырақта қаншама қойылымның тұсауы кесіліп, киелі сахнада қаншама саңлақтар өнер көрсетті. Бүгінде солардың біразы өмірден өтсе, кейбіреулері зейнет жасына жетіп, көрермен ретінде қойылымды тамашалауда. Мәдениет киім ілінетін орыннан басталатын театрға келген көрермен әрбір спектакльден салиқалы ой түйіп, рухани шабыт алатынын сөзсіз. М.Ғұмаров атындағы Жалпақтал халық театры бүгінде жас буын өкілдерімен толығуда. Сондықтанда әлі талай өміршең туындылардың көрерменге жол тартары анық. Кереметтей комедиялық қойылымда аспирант рөлінде Азамат Дүйсеков, әйелді сомдаған Гүлхан Елемесова, жын рөлінде Жандос Жексенбаев болатын. Сонымен қатар музыкамен жабдықтаған Ерлан Аманжолов, декорациясын және жарық беруші Серік Сахиов, суретші Талғат Неғматтулиннің де еңбектері зор. Осынау тамаша кешке қатысқан Жалпақтал ауылдық округі әкімінің орынбасары Мұрат Рахметуллин халықаралық театр күнімен құттықтап, М.Ғұмаров атындағы Жалпақтал халық театрын алғыс хатпен марапаттады.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ БІРІНШІ ҰЙЫМДАСТЫРУ СЕССИЯСЫ

Күні: , 114 рет оқылды

12890984_1571580506486860_6789166581621076749_o25 наурыз күні аудандық мәслихаттың алтыншы шақырылымындағы бірінші ұйымдастыру сессиясы өтті. Сессияда «2016 жылғы 20 наурызда өткен аудандық мәслихат депутаттарын сайлау қорытындысы туралы» — аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Нұретден Құтхожин хабарлама жасады. Сессияда сайланған мәслихат депутаттарына куәлік табыс етілді. Сессияда ұйымдастыру мәселесі қаралды. Қазталов аудандық мәслихат хатшысы болып №13 Қарасу сайлау округінен Еркін Ғазизов сайланды. Сессияда сонымен қатар аудандық мәслихаттың …бюджет, экономика және әлеуметтік мәселелер мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиялар құрылып, оның мүшелері сайланды. Сессияда облыстық мәслихат депутаттығына сайланған Мағауия Есмағұловқа аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр лебізін білдіріп, аудан экономикасының дамуына үлес қосуына және жаңадан жасақталған аудандық мәслихаттың депутаттар корпусына да жұмыстарына сәттілік тіледі. Сонымен қатарбесінші шақырылымның бұрынғы бір топ мәслихат депутаттарына алғыс хаттар табыс етілді. Қазталов аудандық мәслихат депутаттары: 1. Мейірбек Мұстахимұлы Рамазанов — №1 Қазталов сайлау округі; 2. Жұмабек Қуанұлы Хайруллин — №2 Мерғалиев сайлау округі; 3. Марат Харесұлы Тоясов — №3 Бостандық сайлау округі; 4. Жанар Сырымқызы Какимова — №4 Тереңкөл сайлау округі; 5. Гүлфия Иванқызы Кушваева — №5 Қараоба сайлау округі; 6. Қайырбай Ердосбайұлы Алтаев — №6 Болашақ сайлау округі; 7. Салтанат Кәрімқызы Өтеғұлова — №7 Ақпәтер сайлау округі; 8. Мұрат Болатұлы Ахметжанов — №8 Жаңажол сайлау округі; 9. Нұрлыбай Жолдыбайұлы Жолдыбаев — №9 Талдыапан сайлау округі; 10. Надежда Васильевна Нигимова — №10 Жалпақтал сайлау округі; 11. Дулат Хайырлыұлы Ихсанов — №11 Орталық сайлау округі; 12. Нұрлан Серікұлы Кенжин — №12 Көктерек сайлау округі; 13. Еркін Ғазизұлы Ғазизов — №13 Қарасу сайлау округі;

«АУЫЛ АЙНАСЫ» АҚПАРАТ


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.