АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар


«ЖОМАРТ ЖҮРЕК» СЫЙЛЫҒЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Күні: , 14 рет оқылды

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу — шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп атап көрсетті. Аталмыш бағдарлама туған жерге деген ықылас пен патриотизмді қалыптастыру, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті ынталандыру, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жағдай жасау мақсатында жүзеге асуда. Осы орайда 12 қыркүйек күні аудандық мәдениет үйінде Қазталов ауданы бойынша «Жомарт жүрек — 2018» сыйлығының лауреаттарын салтанатты құттықтау рәсімі өтті. Арнайы шақырылған қонақтарға көрме ұйымдастырылып, ауданымыздағы «Рухани жаңғыру» бағдарлама аясында жыл басынан атқарылған жұмыстар, жүзеге асқан жобалар, кітаптар презентациясы (жер-су атаулары, сазгерлер жинағы) мен 2017 жылы өткен жерлестер форумының бейнефильмі көрсетілді. Еңбек ардагері, Қазталов ауданының «Құрметті азаматы», Ақпәтер ауылындағы өлкетану музейі мен «Ана мен бала» монументінің меценаты Кәрім Өтеғұлов «Нұрсай» кіреберіс жол белгісін орнатқан Тереңкөл орта мектебін 1998 жылы бітірген түлектеріне, Қарасу ауылындағы мектеп ауласын абаттандыру жұмыстарын жүргізген Қарасу орта мектебін 1998 жылы бітірген мектеп түлектеріне, Ғ.Молдашев және К.Меңдәлиев мектептеріне светодиодты табло орнатқан 2008 жылы бітірген мектеп түлектеріне, Қараөзен ауылында саябақты абаттандыру жұмыстарын жүргізген Қараөзен мектеп — лицейін 2008 жылы бітірген мектеп түлектеріне, сонымен қоса «Жаңажол» кіреберіс жол белгісін орнатқан Жаңажол орта мектебінің 1993 жылы бітірген мектеп түлектері мен «Менің жүрегім – Талдықұдық» светодиодты композициясын орнатқан Талдықұдық орта мектебін 2003 жылы бітірген мектеп түлектеріне «Жомарт жүрек» сыйлығы мен алғысхат табыстады. Мотивациялық медиа-жоба жетекшісі, «История успеха» журналының редакторы Альбина Байқонақова А.Хұсайынов орта мектебінің ауласына орнатылған субұрқақ үшін А.Хұсайынов атындағы орта мектептің ұжымына, «Қайынды» кіреберіс жол белгісін орнатқан Қайыңды 1998 жылы бітірген мектеп түлектеріне, «Атамекенім – Қошанкөл» светодиодты композациясы орнатқан Ғ.Бегалиев атындағы орта мектебін 1993 жылы бітірген мектеп түлектеріне, «Менің жүрегім – Қарасу» светодиодты композиция орнатқан Қарасу орта мектебін 2003 жылы бітірген мектеп түлектеріне. Қарасу мектебінің ауласына субұрқақ орнатқан Қарасу орта 1993 жылы бітірген мектеп түлектеріне және «Менің жүрегім – Жаңажол» светодиодты композициясын орнатқан Жаңажол орта мектебін 1988 жылы бітірген мектеп түлектеріне «Жомарт жүрек» сыйлығы мен алғысхатын табыстады. Батыс Қазақстан облысы өңірлік-жобалық офистің менеджері Гүлсім Ұсағалиева «Менің жүрегім – Әжібай» светодиодты композиция орнатқан Бірік орта мектебін 1998 жылы бітірген мектеп түлектеріне, «Менің жүрегім – Көктерек» светодиодты композиция орнатқан Көктерек орта мектебін 2008 жылы бітірген мектеп түлектеріне, балалар ойын алаңан сыйға тартқан Қараөзен мектеп-лицейін 1998 жылы бітірген мектеп түлектеріне, «Жұлдыз. Қош келдіңіздер!» жол белгісін орнатқан А.Хұсайынов атындағы орта мектебінің 2008 жылғы мектеп түлектеріне, Қазталов ауылындағы «Жеңіс» саябағына балалар ойын алаңын салған жеке кәсіпкер Светлана Ғұбашеваға және «Бостандық» кіреберіс жол белгісі орнатқан Бостандық орта мектебін 1998 жылы бітірген мектеп түлектеріне «Жомарт жүрек» сыйлығы мен алғысхат табыстады. Аудандық мәслихат хатшысы Сәрсенбай Молдашев Көктерек ауылына балалар ойын алаңын саябағын салған Қазталов аудандық мәслихатының депутаты Руслан Сарбаев пен Көктерек орта мектебін 1998 жылы бітірген мектеп түлектеріне, Бостандықтағы «Өлкетану» мен Қабира Салықова арналған музей ашқан құқық қорғау саласының ардагері Салықов Ғинаят және ауыл кәсіпкерлеріне, Нұрсай ауылында тарихи-өлкетану музейін ашқан «Береке» шаруа қожалығының жетекшісі Құрманбек Шынәлиев және жеке кәсіпкер Сағадат Ахметовқа, «Асыл домбыра» монументі Көктерек орта мектебін 1988 жылы бітірген мектеп түлектеріне және Жалпақталда «Жастар» саябағын ашқан мектепті 1978 жылы бітірген мектеп түлектеріне, Нұрсай ауылында «Мәңгі ұмытылмас есімдер» монументін орнатқан “Кеңдала” шаруа қожалығының жетекшісі Әбуғали Ғұмаров және жеке кәсіпкер Дамир Балмулдинге т«Жомарт жүрек» сыйлығы мен алғысхат табыстады. Аудан әкімі Абат Шыныбеков «Алтыбақан» алаңын ашқан «Асқар» шаруа қожалығының жетекшісі Дархан Аябалиевті, Қошанкөлдегі «Шаңырағы биік ел бірлігі, ел теңдігі» жол белгісін орнатқан Ғ.Бегалиев атындағы орта мектебін 1998 жылы бітірген мектеп түлектерін, Ақпәтерде орталық саябақ ашқан Ақпәтер орта мектебін 1998 жылы бітірген мектеп түлектерін, Жалпақталға «STREET WORKOUT» орнатқан мектепті 1998 жылы бітірген түлектерді, Қазақстандық қылқалам шебері, суретші Сәкен Ғұмаровтың құрметіне ескерткіш орнатқан «Казком» банкінің БҚО филиалының төрағасы Мирғат Ахметов, С.Ғұмаров атындағы қордың тең төрағасы, техника ғылымдарының докторы, академик Талант Оразғалиевке, Жалпақталда «Батырлар» аллеясын ашқан 1983 жылы бітірген мектеп түлектері мен күні бүгін Әжібайда ашылу салтанаты өткен фельдшерлік-акушерлік пунктті халық игілігіне берген ағайынды Сыралиевтерді «Жомарт жүрек» сыйлығымен марапаттап, алғысхат табыстады. Туған жерге деген патриотизм мен сүйіспеншілікті нық қалыптастырып, жетістіктерге жеткен жерлестеріміздің туған өлкелеріне деген сый-құрметі өзінің емес, өзгенің қамын ойлап, тынымсыз еңбекпен танылған азаматтар мен азаматшалардың құрметіне әулетіп ән шырқалып, мың бұралып би биленіп, көркемөнерпаздар өз өнерлерін паш етті. Гүлнұр ҚАЗБЕК

АҒАЙЫНДЫ СЫРАЛИЕВТЕРДІҢ ТАРТУЫ

Күні: , 16 рет оқылды

12 қыркүйек күні Қазталов ауданы Әжібай ауылында қуанышты жағдай орын алды. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осы елдің төл перзенттері, ағайынды Асқар, Нұрлан, Ақылбек, Мейрам, Абзал Сыралиевтер туған ауылына фельдшерлік-акушерлік пунктті сыйға тартты. Әжібай аулында өсіп-өнген, бүгінгі күнде облыс орталығында құрылыс жұмыстарымен айналысатын ағайынды жігіттер өз қаражаттарынан 15 млн. теңге жұмсап, нысанның құрылыс жұмыстарын екі айдың ішінде бітірді.

Нысанның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков Әжібай ауылының тұрғындарын фельдшерлік пункттің ашылуымен құттықтап, жомарт жанды азаматтарға ел атынан алғысын білдірді. Салтанатты шарада Асқар Сыралиев фельдшерлік-акушерлік пункттің кілтін аудандық орталық аурухананың директоры Қайырбай Алтаевқа табыс етті. Айтулы шараға арнайы келген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнара Абдрахманова жомарт жігіттерге алғысхат пен естелік сыйлықты тарту етті. Ал осындай игі іске ризашылықтарын білдірген әжібайлықтар ағайынды жігіттерге шапан жауып, сәйгүлік мінгізді. Салтанатты шарада жаңадан салынған нысанның лентасы кесіліп, жиналған көпшілік фельдшерлік-акушерлік пункттің ішін аралап көрді. Бүгінгі заманға сай салынған бұл нысанға қажетті коммуникациялар жүйесі тартылып, фельдшерлік кабинет, екпе бөлмесі, акушерлік кабинет, күндізгі емхана бөлмесі де бар. Кабинеттердің бәрі де толықтай жаңа қондырғылармен жабдықталып, білікті мамандар ауыл тұрғындарының барлығына да қажетті медициналық көмек көрсетуге әзір.
Асқар Сыралиев – кәсіпкер: — Біз осы жерде оқып, білім алдық. Еңбекке араластық. Өзіміздің туған аулымызға көмек жасап, осындай бір игі істі бастауды көптен бері жоспарлап жүрдік. Сол жоспарымызды орындауда қолдау көрсеткен және кеңестерін берген аудан, округ әкімі және ауыл азаматарына ризашылығымыз зор. Елге көмек көрсету әрбір азаматтың борышы деп білемін. Меңсұлу Батырханова – зейнеткер, ауыл тұрғыны: — Мен бұл азаматтардың ата-анасымен жақсы араластым. Елге сыйлы отбасы еді. Енді, міне, олардан тараған ұрпақтары туған ауылдарына үлкен тарту жасап жатырғанына куә болып отырмыз. Ел атынан аналық алғысымды білдіріп, ақ батамды бердім. Гүлзира Төлегенова – Әжібай ауылдық фельдшерлік-акушерлік пунктінің фельдшері: — Ауылымызда ораналасқан бұрынғы ФАП-тың тозығы жетіп, ескіріп тұрған еді. Бұл мәселенің шешімін тауып, өз қаражаттарына осындай тамаша ғимарат салып берген ағайынды жігіттерге ризамыз. Жаңа ғимарат ауыл халқының денсаулығының жақсаруына үлкен үлес қосады даган сенімдеміз.

Қайрат ЖАҚЫП


«ӘДІЛЕТ КЕҢЕС БЕРЕДІ»

Күні: , 14 рет оқылды

Жалпақтал ауылдық округінің мәжіліс залында «Әділет кеңес береді» атты республикалық акция өтті. Шараға «Нұр Отан» партиясы Жалпақтал бастауыш партия ұйымының кеңесшісі Ләззат Абуханова, БҚО адвокаттар алқасының адвокаты Әміржан Нұғыманов, Жалпақтал полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің міндетін атқарушы, полиция майоры Дастан Есқалиев №2 аудандық соты және аудандық халықты жұмыспен орталығының және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалары бөлімінің, ауылдық округі әкімшілігінің мамандары қатысты. Акцияның басты мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылық деңгейін көтеру, азаматтарға құқықтық көмек көрсету. Жиын барысында тұрғындар тарапынан жылжымайтын мүлік, уақытша тіркеу, әкімшілік айыппұлдар, сот актілерін орындау, оның ішінде алимент төлемдерін өндіру мәселесі бойынша сұрақтар қойылып, мамандар тарапынан жауаптар берілді. Кездесу соңында мамандар ауыл азаматтарын жеке-жеке қабылдады.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ


БАСПАСӨЗ БРИФИНГІ ӨТТІ

Күні: , 30 рет оқылды

4 қыркүйек күні аудан орталығында аудандық ішкі істер бөлімі, жергілікті полиция қызметі басшылары және аудандық білім бөлімінің мамандарының қатысуымен баспасөз брифингі өтті. Брифингке қатысқан қоғамдық ұйым өкілдері, мекеме қызметкерлерінің алдында аудандық ішкі істер бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы полиция полковнигі Амангелді Убишев, жергілікті полиция қызметінің бастығы полиция майоры Әділ Ғазизовтар құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ауданымыз бойынша 8 ай ішінде атқарылған жұмыстары туралы айтып өтті. Қысқаша тоқталып өтсек, ауданымыз бойынша 8 айдың ішінде 177 қылмыс фактісі тіркелген. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 2 пайызға төмендеген. Тіркелген қылмыстардың ашылу көрсеткіші 91,5 пайызға жетіп отыр. Негізінен алаңдатушылық туғызып, ашылмай отырған қылмыстардың қатарында мал ұрлығының фактілері. Бұл қылмыстармен қоғам болып күресу керектігі туралы айтылды брифингте. Сонымен қатар баспасөз брифингінде аудандық балалар тәрбие орталығының директоры Нұрлан Жасқалиев балалардың жазғы демалысы туралы хабарлама жасады. Оның сөзіне де тоқталсақ, ағымдағы жылдың 1 маусым — 9 тамыз аралығында ауданымызда балаларға арналған 4 жазғы демалыс лагері жұмыс жасап, бұл лагерьлерде 804 оқушы демалған екен. Оқушыларға әр түрлі бағыттарда қызықты делалыстар ұйымдастырылған. Брифинг барысында айтылған мәселелерге қатысты сұрақтар қойылып, тиісті жауаптар берілді.

Қайрат ЖАҚЫП


«СӘЛЕМ САҒАН СҮЙІКТІ, АЛТЫН ҰЯМ МЕКТЕБІМ»

Күні: , 8 рет оқылды

1 қыркүйек — Білім күні Бостандық орта мектебінде «Сәлем саған сүйікті, алтын ұям мектебім» атты салтанатты жиын өтті. Білім күні мерекесінде Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Гүлнәр Әлжанова, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева, Бостандық ауылдық округі әкімі Манарбек Сүндетов, Нұр Отан бастауыш партия ұйымының төрайымы Алтын Ақбаева, ардагер ұстаз Ақсұлу Жаулап өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, жаңа оқу жылына табыс тіледі. Мектеп биылғы оқу жылын 297 оқушымен бастап отыр. Оның жиырмасы бітіруші түлектер болса, 26 оқушы мектеп табалдырығын аттап отыр. Ал 1,2,3,6,7,8 сыныптар жаңатырылған білім мазмұнына көшкен. Салтанатты жиынға қатысқан қонақтар жиыннан соң тәрбие сағаттарына қатысып, тілдерді дамыту басқармасының бөлімі басшысы оқушылармен Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын кейбір түйткілді мәселелерге тоқталып, әңгіме өрбітті. Соның бірі ономастикалық атаулардың маңыздылығы, ұлттың өзіндік ерекшелігі болу тиіс аты-жөні, адам есімінің өміріне әсері жөнінде бөлісіп, қазақ елінің саналы, білімді ұрпақ болуына тілектестігін білдірді.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


ЖАЛПАҚТАЛ КОЛЛЕДЖІНДЕГІ БІЛІМ КҮНІ

Күні: , 10 рет оқылды

Қыркүйектің 1-і күні Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжінде «Білім күні» аталып өтті. Салтанатты мерекеге колледждің ұстаздары, ата-аналар, студенттер қатысты. Салтанатты шараны колледжі басшысы Мағауия Есмағұлов ресми құттықтауымен кешті ашып берді. «Біздің еліміз дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуда ең алдымен адами капиталды дамыту, оның ішінде халықты сапалы біліммен қамтамасыз ету басты міндет», дей келе, өткен оқу жылында жеткен жетістіктерін саралап, бірақтар ұстаздар мен студенттер қауымын Білім және Ғылым министрлігінің құрмет грамотасы мен облыстық білім басқармасының алғыс хаттарымен марапаттады. Ал Жалпақтал колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жасұлан Ғұмаров, жеке кәсіпкер Гүлбану Шукаева, Жалпақтал аналар кеңесінің төрайымы Гүлнар Сапахова студенттерді білім күнімен құттықап, жылы лебіздерін білдірді. Салтанатты жиыннан соң студенттер мен ата – аналар әр курс бойынша ұйымдастырылған топ жетекшілері мен өндірістік оқыту шеберлерінің «Рухани жаңғыру – ұлт жаңғыруы» атты тақырыбында жоспарланған тәрбие сағаттарына қатысты.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


АУДАНЫМЫЗДА АЛҒАШҚЫ РЕТ ІТ СЫНЫБЫ АШЫЛДЫ

Күні: , 30 рет оқылды

«Нұр Отан» партиясы Қазталов аудандық филиалы Елбасының «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асырылуына атсалысуда. Осыған орай 1 қыркүйек білім күнінде Жалпақтал ауылының К.Меңдәлиев атындағы орта мектебінде ІТ-сыныбының ашылу салтанаты өтті. Аталмыш сыныптың тұсаукесеріне «Нұр Отан» партиясы Қазталов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұрлығали Дүйсеков арнайы келіп, ұжымды, оқушылар мен ата-аналарды сыныптың ашылуымен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі. Мақсаты – оқушылардың ІТ технологияға қызығушылығын арттыру және жазғы демалыстарын тиімді өткізу. Балаларға арналған тегін IT- сыныбында 8-16 жас аралығындағы балалар еуропалық білім беру стандарты негізінде, факультативті пән ретінде тереңдетілген білім алатын болады. Білім беру жүйесін цифрландыру талаптарына бейімдеу қажеттілігін ескерсек, бұл міндетті жүзеге асыруда «IT – сыныптан» үлкен көмек болмақ. -Облыс бойынша 15 ІТ сыныбы ашылу керек болса, соның бірі ауданымызда алғашқы рет К.Меңдәлиев атындағы орта мектепте ашылып отыр. Бұл сынып балаларды мектеп табалдырығын аттап, бітіріп шыққан уақытта үлкен бір мамандық иесі болып шығу үшін жасалып жатыр,-дейді Ерболат Мұратқалиұлы. Ал К.Меңдәлиев атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Назерке Наурызғалиева мектеп оқушылары үшін үлкен қуаныш екенін, ел ағаларына шексіз ризашылығын білдірді. Ауылымызда ашылып жатқан алғашқы ІТ-сынып жөнінде: «Бұл ІТ сыныбымыз өте маңызды. Қазіргі жыл өткен сайын заманның қойылып жатқан талаптары да өзгеше. Облыста «Нұр Отан» партиясының бастамасымен бірнеше ІТ-сыныптар ашылып жатса, міне, бүгін өзіміздің алғашқы ІТ-сыныбымыз К.Меңдәлиев атындағы орта мектепте ашылып отыр. Бұл біздің балаларымызға үлкен мүмкіндік» — дейді мектеп басшысы Салтанат Өтеғұлова. Айта кетсек, «IT- технологиялар» кабинетін ашу мектеп түлектерінің қолдауы арқылы жүзеге асқан. Жаңа технологиялармен жабдықталған кабинет жастардың цифрлы технологияның тілін жетік меңгеріп, инженерлік-технология, химия-биология бағытында ғылыми-зерттеулермен айналысуларына, шәкірттердің дарынын ұштап, сандық технологиялар бағытындағы білімін арттыруға жол ашпақ.

Тұрарбек АҚМЫРЗА


Ғ.МОЛДАШЕВ МЕКТЕБІНДЕГІ БІЛІМ КҮНІ

Күні: , 6 рет оқылды

Арайлы жаздың үш айын қызықты да, мазмұнды өткізіп, армандарын арқалап, жиған білімдерін одан әрі тереңдете түсу үшін Ғ.Молдашев атындағы орта мектептің барша оқушылары сағынышпен алтын ұя мектептеріне оралды. Еліміздің тірегі мен көркі – білімді де білікті, ұлттық тәрбиені бойына сіңірген саналы ұрпақ. Қыркүйек айының бірінші жұлдызы, Жалпақтал ауылындағы Ғ.Молдашев атындағы орта мектебі білім күнін жақсы дайындықпен қарсы алды. Ортаға Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы әкелініп, мерекелік жиын ашық деп жарияланысымен, әуезді Әнұранымыз орындалды. Мерекенің алғы сөзі мектеп директоры Гүлмайра Абуғалиева сөз сөйлеп «Мектебімізде сапалы білім мен саналы тәрбие беруге барлық жағдай жасалған. Жаңа оқу жылына білім ордасы сақадай сай»-дей келе, барша жиылған ауыл тұрғындарын қуанышқа толы мерекемен құттықтап, жаңа оқу жылына жаңа табыстар, биік белестер тіледі. Сондай-ақ мерекелік шараға аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұрлығали Дүйсеков оқушылардың жеткен жетістіктерін сарпалап, оқушылар мен ұстаздар қауымын, ата-аналарды мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді. Мектеп атты кемеге кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері елжіреп жүрген ойын балалары, қасиетті ұғым «оқушы» ретінде алғашқы ұстазы Данагүл Ермекова бүлдіршіндерге сәттілік тіледі. Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған кішкентай бүлдіршіндер ұстаз, алтын ұя мектеп туралы тақпақтарынан шашу шашты. Мерекелік шараның ең маңызды сәті – алғашқы қоңырау соғу рәсімі жаңа ғана мектеп табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршіндер Расул Бақтығали, Мейірбек Гайсин, Көркем Алим, Нұрдана Қайратоваға табыс етілді. Білім теңізіндегі үлкен сапарларыңда талмай ізденіп, «Мектеп» атты кеменің желкенін биік те нық ұстаңдар, ақ жол, сапарларың сәтті болсын деген ниетпен 1-сынып оқушылары білім ордасына бастап кірді. Салтанатты мереке білім күніне арналған «Мен – өз Елімнің патриотымын» тақырыптарындағы тәрбие сағаттарымен жалғасын тапты.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ


К.МЕҢДӘЛИЕВ МЕКТЕБІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ ҮНІ

Күні: , 8 рет оқылды

Жайдары жаз мезгілі межесіне жетіп, міне күз айы да келіп жетті. Күзбен бірге кезекті оқу жылы басталып, бала біткен мектепке қарай асығады. 1 қыркүйек – Білім күні мерекесі республикадағы барлық өңірлердегі секілді, біздің Жалпақтал ауылында да өзіндік сән-салтанатымен аталып өтілді. 25 жылдық тарихы бар К.Меңдәлиев атындағы орта мектепте 63-ке тарта ұстаз қызмет етіп келеді. 2017-2018 оқу жылын 24 түлек тәмамдаса, биыл қасиетті қара шаңырақтың табалдырығын 42 бала аттағалы отыр. Қолдарына гүл ұстаған сол жасөскіндердің қатысуымен өткен іс-шарада алдымен Мемлекеттік Ту ортаға шығарылып, Әнұранымыз шырқалды. Онда сөз сөйлеген аудандық «Нұр Отан» партиясы филиал төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин: -Сапалы білім алу – әр адамның маңызды мақсаты. Қоғамда бұған мүдделі. Әрбір ұжым күнделікті жұмысында уақыт талабына, қоғам сұранысына, заманның ырғағына сай келетін әдіс-тәсілдерді, технологияларды қолдана огтырып, сапалы білім беретін болса, біз уақыт үрдісіне сай биік деңгейде көрінетін боламыз. Жаңа оқу жылында шығармашылық ізденістерге толы еңбектеріңізге толағай табыстар тілеймін. Мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған соғылғалы тұрған алғашқы қоңырау мерекесі құтты болсын,-деп игі тілегін арнады. Мұнан кейін мектеп басшысы Салтанат Өтеғұлова барша мұғалімдерді, оқушыларды, олардың ата-аналарын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Аталмыш білім ордасында қызмет етіп жүрген білікті мамандардың ықпалымен өнерлі, оқуда озат жастардың жетіліп келе жатқанын келешектің келісті болуы үшін саналы да, сапалы ұрпақ тәрбиелеу керектігін, бұл жолда ұстаздар қауымының талмай еңбек етуі қажеттігін атап өтті. Білім күнінде 1 сыныпқа қабылданған Алина Ерболқызы мен Дастан Серіков алғашқы қоңырауды соқты. Салтанатты жиын соңында «Мен — өз Елімнің патриотымын» тақырыбында білім сабағы өтті.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


«МЕН — ӨЗ ЕЛІМНІҢ ПАТРИОТЫМЫН»

Күні: , 10 рет оқылды

Ұстаздар мен оқушылардың аңсап күткен 1 қыркүйек – Білім күні де келіп жетті. Құшақ-құшақ гүлдері мен кітап толған сөмкелерін арқалаған балалар мектепке қарай ағылуда… 1 қыркүйек күні Қазталов ауданы орталығындағы 150 жылдық тарихы бар білім ордасында да Білім күніне арналған «Мен — өз елімнің патриоты» атты салтанатты шара оздырылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Абат Шыныбеков, осы мектептің түлегі, «Ақжайық» телеарнасының директоры Аланбек Ғұбашев, ардагер ұстаздар, ата-аналар қатысты. Салтанатты шарада аудан әкімі Абат Абайұлы жиналған көрпшілікті және ұстаздар мен оқушыларды Білім күнімен құттықтап, ауданымыз бойынша білім саласындағы жетістіктерге тоқталып өтті. Шарада 1-ші сыныптың табалдырығын енді ғана аттаған оқушылар өз қуаныштарын поэзия топтамалары арқылы жеткізсе, оқушылар мен ұстаздар қосылып ән шырқады. Шарада алғашқы қоңырауды 11 а сынып оқушысы Әзілхан Идрисов пен 1 а сынып оқушысы Ақнұр Набиуллина соғып, көптен күткен қоңырау үні мектептің ауласында әуеледі. Алғашқы қоңыраудан кейін әр сыныпта «Мен — өз елімнің патриотымын» атты тәрбие сағаттарымен жалғасты.

Қайрат ЖАҚЫП


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.