АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар


ЖАБЫДАН АСҚАН ЖЫЛҚЫ ЖОҚ

Күні: , 14 рет оқылды

Бұқар жыраудың: … Жал-құйрығы қаба деп, Жабыдан айғыр салмаңыз. Жабадан айғыр салсаңыз, Жауға да мінер ат тумас – деген аталы сөзі жадымызда. Әрине, ол заман жылқы баласы Алаш жұртына майдан даласында қызмет еткендігін, қолтығында қос қанаты бар қазақы жылқының қашса құтылып, қуса жеткендігін, жарақты жауға жалтаңдап кіріп, арты артына сыпырылған дұшпанды тұяғымен жапырып тастайдығын көне тарихтың көмбесінен білеміз. Қазір қазақ атқа мініп, жауға шабайын деп жатқан жоқ қой. Ендігі бізге керегі – етті әрі сүтті тұқым. Оның үстіне жабының қысқа шыдамдылығы жақсы. Ауданымызда жылқы шаруашылығы жақсы дамыған. Өткен қыс ұзақтығымен, бірде аяз, бірде көк мұз болып жылқы малына көп қиындық әкелгенін де жақсы білеміз. Дейтұрғанмен Қамбар атаны өсіріп отырғандар құрық ұстап қалған жоқ. Қай округке барма дала төсін қасиетті жануардың тұяқтары дүбірге толтыруда. Аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша 24472 бас жылқы малы бар екен. Исатай Абулхатин жетекшілік ететін «Жаңа тұрмыс» өндірістік кооперативі , «Бейназар» және «Қамқор» шаруа қожалығының жетекшілері Бейбіт Өтеғұлов, Мұрат Хасановтар асыл тұқымды Көшім жылқысын өсірумен айналысады. Ал «Миялы» шаруа қожалығының жетекшісі Өтепберген Бекжанов аралас тауарлы жылқы малын өсіруде. Сонымен қатар ауданымызда Нұрлан Нұғманов («Екпін» ШҚ), Ғайса Жұмағалиев («Қарасу» ШҚ), Рауан Есенғалиев («Бақыт жолы» ШҚ) сияқты қадірлеген кәсіп иелері де дала төсін жылқы малына толтыруда. Биылғы жылдың алты айлық қорытындысы бойынша 6578 бас құлын алынған екен. Бұл өткен жылдың осы уақыттарымен салыстырғанда 7,2 пайызға артып отыр. Сонымен қатар 2014 жылдан бері он алты шаруашылық 464 бас Көшім жылқыларын алып, асылдандыру жұмыстарын жүргізуде бастаған. Осыны зерделеп қарасақ, ауданымыздағы жылқы шаруашылығымен айналысатын шаруа иелерінде қазақтың жабы тұқымдас жылқысы аз сияқты көрінеді де тұрады. Енді сәл шегініс. Сонау Кеңес дәуірі кезінде жылқы малына деген сұраныстың азайып кеткен уақыттың болғаны да бар. Сөйтіп қазақтың жабы тұқымы аза бастады. Осындай немқұрайлықтың әсерінен бестісі тайдай, тайы жабағыдай, тұқымы азған жылқы пайда бола бастады. Құрығы құтты жылқышылар да көп болған жоқ. Барлық назар ақ қойға ауды. Өйткені ол кезде ақ қойдың жүні алтынмен пара-пар еді. Міне, сөйтіп халқымыздың төрт түлігінің бірі Қамбар ата назардан тыс қалғаны бар. Қазір заман өзгерді. Жылқыға деген сұраныс күшейді. Осындай сұраныс күшейіп тұрғанда даламызды жабы тұқымына толтыру толғағы жеткен мәселе. Ғылыми негіздемеге сүйенсек, Жабы – нағыз қазақы жылқы. Өзге жылқылармен салыстырғанда артықшылығы да көп. Ол жыл он екі ай бойы жайылымда тебіндеп шығады. Тым қатты боран аяз болмаса өз күнін өзі көреді. Оның үстіне жылқының бұл түрі денесінің ірілігімен ерекшеленеді. Қоңдылығы жағынан алғанда көп жылқыдан бәсі басым. Ірі жылқының салмағы 450-500 келіге дейін жетеді. Ал биелері тәулігіне орташа есеппен 5 литрге дейін сүт береді екен. ал осындай қазақтың жабы тұқымды жылқысын өсірсе, ырыс босағаңызға келеді деуге болады. Өткенде жылқы өсірумен 150 жыл болған династия «Миялы» шаруа қожалығының жетекшісі Өтепберген Бекжановпен кездесіп қалғанымыз бар. Сонда ол: — Атам, әкем, мен, бүгінде балаларым қасиетті жануарды бағумен келеміз. Жылқы – біздің жанымыз. Ал бүгінгі күнде шындығы керек қазақтың жабысы азайып бара жатыр. Тіпті көп адамдар мұхиттың ар жағынан ағылшын тұқымдастарды әкелуде. Әкелсін, өсірсін, бірақ сар даламен етене байланыстағы жабы тұқымынан қашқақтамауымыз керек. Осы күнге дейін халқымыз сол жабы тұқымын өсіріп келді,- деді. Жылқы өсіруден «дала академигі» атанған Бекжановтар династиясының шеберінің сөзіне алып-қосарымыз жоқ.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ


ҚОШАНКӨЛ – ҚЫМЫЗДЫҢ ОТАНЫ

Күні: , 14 рет оқылды

Жол шығып, ауылыма бара жатқанымда «Хажымұрат» шаруа қожалығының иесі Есенгелді ағаммен кездесіп қалдым. Біраз жылдан бері өрісті малға толтырған еңбекқор ағамыз ауыл шаруашылығының білгірі деуге болады. Басқа шаруаны айтпағанда ол жаз бойы қымыз дайындап,көпшіліктің алғысына бөленіп жүр. Есенгелді аға: — Қазіргі күнде 3-4 биеден қымыз дайындап отырмыз. Сұраныс өте көп. Адамдар да ұлттық сусынға ден қоя бастады ғой. Әсіресе, тойларға деген сұраныс мол. Кей жағдайларда сұраныстың көптігінен үлгіре алмай қалып жатамыз. Бірақ шамамыз келгенше халықтың қажетін өтеуге тырысудамыз. Бірақ бір қызығы қымызға ауылдан гөрі Орал қаласынан сұраныс көп түседі» — деді. Ағамыз осылай дегенде аздап ойланып қалдым. — Біздің аудан тұрғындары қымызға тойып кетті ме, әлде үйлеріңде бие байлап отыр ма екен? — деп… Негізінен естіп жүргенімдей аудан орталығына шаруа қожалықтары қымыз сатуға әкелсе сұраныс аз болғандықтан өтпей қалатын жағдайлар көп болатын көрінеді. Қазіргі күнде кәсіппен айналасқан адам шығынмен жұмыс жасамайды ғой. Өнімдері өтпеген соң сауда орындарына шығаруға да қызығушылық танытпайды. Осы арада кешке қарай «Достық» саябағында мәдени шара өте қалса кішкентай балалардың қолында түрлі бояулармен «жасандырып» қойған тегі белгісіз сусындарды көреміз. Ал осының орнына жылжымалы мұздатқыш арқылы қымыз сатылса екі жаққа да тиімді болар еді деген ой келеді. Жалпы менің ойымша Қошанкөлді қымыздың отаны деуге болады. Себебі ақпанның ақырған аязында Меңдіхан ағамыздың бал қымызынан дәм татудың өзі неге тұрады?! Сонымен қатар Серік Ахетов даярлаған қымыз ауылдықтардың сұранысын өтеп тұрғанын да айтқан жөн. Бал татыған, денсаулыққа шипа қымыз барлық ауылда Қошанкөлдегі сияқты толып тұрса екен. Ал қымыздың дәмін татқыларыңыз келсе, Қошанкөлге келіңіздер, ағайын!

Гүлнұр ҚАЗБЕК


ТӘЖ МАХАЛ. ВАНДАЛИЗМНІҢ ҚҰРБАНЫ БОЛА МА?..

Күні: , 20 рет оқылды

Жақында әлеуметтік желіде Үндістан елінің жоғарғы соты мемлекеттен Тәж Махалды орнынан сүріп (алып ) тастау туралы ұсыныс жіберді. Әлем халқы үшін «Махаббаттың еліне» айналған бұл мемлекеттен осындай ұсыныстың шығуы тосын жағдай болды. Тәж Махал деген қандай ескерткіш? Жамуна өзенінің алабынан жоғары жатқан кереметтей, жарқыраған ұлы ғимарат Тәж Махал кесенесі – Үнді сәулет өнерінің тамаша үлгісі ғана емес, бүкіл жер жүзінің мақтанышына айналған, әлемдегі жеті кереметтің бірі. 1630 жылы басталған кесененің құрылысы 22 жылға созылған. Таң шапағымен қызғылт түске, күндіз ақ шаңқан, түнгі ай сәулесімен күміс түске боялатын мөлдір, ақ мәрмәрді Аградан 300 шақырым жерден алдыртқан екен. Ең кереметі кіре берістегі Құран сүрелері қара ақықтан, ал қабырғалардағы әшекейлер мен гүлдер қызғылт ақық, малахит, жақұт, нифриттен жасалып, мәрмәр тастың ішіне ойып салынған. Әлемдегі ең кесек алмас тас (бриллиант) «Кох-и-Нұр» осы мазарда тұрған. Он тоғыз жыл отасып, он үш құрсақ көтерген, он төртінші перзентін дүниеге әкелерде аяулы жар-қосағы Мұмтаз қаза болғанда, Үндістанның әйгілі билеушісі Жаһан шахтың ертегідей патшалығынан өзегін өртеген қайғысынан айықтырар ештеңе табылмаған: ұлы мемлекетті уысында ұстаған билік те, көл-көсір алтын, күміс, асыл дүние де, үндінің хор қызындай қылықты арулары да жұбаныш бола алмаған. Сыңарынан айырылған аққудай болған патша сүйіктісіне арнап, кейін әлемдегі жеті кереметтің біріне саналған Тәж Махал (ΧVII ғ.) ескерткіш-ғимаратын салдырып, өмірінің ақырына дейін соған қарап, шерін тарқатып өткен екен. Былайша айтқанда қазақтың сайын даласындағы «Қозы-Көрпеш-Баянсұлу» мазарын елестетеді. Ал бұл мазар екі жастың адал махаббаты болып біздерге жетті емес пе?!. ХХI ғасырда , өркениеттің жоғары дамуына жеткен кезде жер-жерде вандализм күшейіп бара жатырғанын көзіміз көріп, естудеміз. Сонау тәліптер Ауғанстанға билік жүргізіп тұрған кезде тауға қашалып жасалған Будда құдайының ескерткішін қиратса, Вильнюсте Кеңес жауынгеріне қойылған ескерткішті орнынан алып тастады. Ал кешегі Сирия соғысында адамзаттың ортақ қазынасы Пальмира қаласы тас-талқан болды. Міне бұның өзі бүгінде өркениеттің даму жолында, соның ішінде адам баласының сана-сезімі жоғарылаған сайын болып жатырған құбылыстар. Ал осы әрекеттерді немен ақтап алуға келеді? Ешқандай ақтап ала алмайсың. Осы орайда елімізде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған ойлар адамзатты жөнсіз әрекеттерден сақтануға да үндегендей болады. Соның бір нәтижесі бағдарлама аясында туған жердің әрбір тасын, тарихын, шежірелі жолын түгендеу үшін көптеген істер атқарылуда. Сондықтан да осындай жер-жаһандағы келеңсіз әрекеттер болмау үшін әрбір қазақстандық азаматтың бойында рухани сілкіністер мол болса екен дейміз.

Әсем БОЛАТ


390 ШАҚЫРЫМДЫ МЕЖЕЛЕДІ

Күні: , 36 рет оқылды

Өткен апталарда ауданымызда «Күміс шабақ – 2018» облыстық велошабондаздарының жарысы өткені белгілі. Жарысқа қатыстан Ақжайық, Бөрлі, Бөкей Ордасы, Жəнібек, Зеленов, Казталов, Тасқала аудандары мен Орал қаласының командасы қатысқан бірінші дəрежелі қиындықтағы велосипедшілер жорығы сапар барысында 390 шақырым жол жүріп өтті. Веложорықшылар сапында біздің ауданымыздан Алма Оразбаева атындағы орта мектептің жоғары сынып оқушылары Дастан Бектұрғанов, Алинұр Амангелдиев, Əнуар Өтепов, Мөлдір Жасқаламова болды. Аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының қосымша білім беру педагогі Ақжан Қуаныш жетекшілік еткен болатын. Осыншама жолды жүріп өткен шабандоздарымызға «жарайсыңдар!» дейміз.


ТАРИХЫМЫЗДЫ ЗЕРДЕЛЕЙТІН МУЗЕЙ АШЫЛДЫ

Күні: , 24 рет оқылды

Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Қазталов ауданы орталығында 12 шілде күні аудандық тарихи-өлкетану музейі ашылды. Аудан тарихынан сыр шертетін бұл нысанның ашылуына аудан әкімі Абат Шыныбеков өзі мұрындық болса, аудан тұрғындары да атсалысты. Музейдің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков,- Аудан орталығында ашылып отырған бұл музей ауданның ақсақалдары мен тұрғындарының көптен бері көтеріп келе жатырған мәселелерінің бірі болатын. Міне, осы істі қолға алып, бүгін Астанамыздың 20 жылдығына тарту етіп отырмыз. Өлкеміздің тарихы мен табиғатынан мол мағлұмат беретін осы музей өскелең ұрпақтың сүйікті орнына айнала берсін!- деген тілегін жеткізіп, музей ұжымына КСРО-ның халық әртісі, жерлесіміз Хадиша Бөкееваның портретін сыйға тартты. Музейдің ашылу салтанатына қатысқан Батыс Қазақстан мәдениет басқармасының бөлім басшысы Сәуле Қарабалина да өз тілегін білдіріп, аудан тұрғындарын қуанышты оқиғамен құттықтады. Жаңадан тұсауы кесілген өлкетану музейінің қорында қазірдің өзінде 2 мың жарымнан астам жәдігер бар. Тарихтың талай-талай айтулы оқиғасы өткен шежірелі топырақтағы бұл ғимаратта Қазталов ауданының өткені мен бүгіні көрініс тапқан. Ғимарат 4 экспозициялық бөлмеден тұрады. Музей жетекшісі Назкеш Адаялиеваның айтуынша музейге керекті жәдігерлер күнен-күнге толығу үстінде екен.

Қайрат ЖАҚЫП


БОЛҒАНБАЙ БӨГЕТІ. БҰЛАҚ ЖӘНЕ САЗ БАЛШЫҚ

Күні: , 128 рет оқылды

Жарықтық, жеріміз киелі ғой. Соның мәніне жетіп жүрміз бе..? Кейде бөтен жердегі кереметтерге таңданып, дәл іргеміздегі өзіміздің асылымызды көрмей жатамыз. Соның бірі – Қошанкөл ауылынан 40 шақырым жердегі Болғанбай бөгетінің жанындағы БҰЛАҚ және Серғазы сорының «Салық өткелі» деп аталатын жерден ескерткіштер жасау үшін алынып жүрген САЗ БАЛШЫҚ. Бұл туралы қошанкөлдік азамат, бүгінде аудандық ветеринария бөлімінің басшысы қызметінде жүрген Аманжол Қажығалиевтен естіп білдім. Оның айтқаны: — Бұл бұлақты Шүкірей ( марқұм болды) деген ағамыз тауып берді. Сонау 2000 жылдары су тапшылығы кездесті. Мал суаратын құдықтардың өзі тартылып кетті. Сол кезде Шүкірей ағамыз осы жерге бастап келіп, құдық қаздыртты. Екі метрден кейін тап-таза су шықты. Бүгінгі пластик ыдыстарға құйып әкеліп сатып жатырған сулар бұл судың қасында жіп есе алмай қалады. Бір ерекшелігі – екі метрден артық әрі қарай қаза алмайсың. Судың өнігі сондай, қазылған құдықтың аузына жетеді. Бұл су малға да, жанға да жетті. Енді Серғазы сорының қасындағы «Салық өткелі» аталып кеткен жерден жергілікті тұрғындар зиратқа құлпытас қою үшін саз балшық алып жүрді. Құлпытас жасалғанда бетіндегі судың үстінен тұрып құлпытастың сөздері жазылады. Содан кейін құлпытас жасалған саз балшықты кесіп, судан шығарып алғанда бірден тас болып қатып қалады. Бұл да бір сол жердің қасиеті болар. «Салық өткелі» деп аталатын себебі – осы жерден жаз айларында түрлі көліктер сордың арғы бетіне шыға береді. Ал Болғанбай бөгетінің аталу себебі – бізге жеткен дерек бойынша сонау 19-20 ғасырлар шамасында 3000 жылқымен көшіп келе жатырған Болғанбай деген бай осы жерде түнеп, жылқысын суарған екен. Дәм таусылып Болғанбай бай осы жерде көз жұмыпты. Содан Болғанбай бөгеті аталып кеткен. Қазіргі күнде бұл жер бөгеліп, үлкен тоған болып тұр, — деп Аманжол ағамыз қызықты әңгімесін аяқтады. Апырмай, Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Туған жер» туралы айтылған құнды ойлар осындай киелі жерлермен байланып жатырған жоқ па? Бұл да өңіріміздің бір киелі жері болып картаға енері сөзсіз. Ал осындай қасиетті орын жас ұрпақты өзінің кіндік қанын тамған жерін одан әрі құрметтей түсеріне әсерін тигізері анық.
(ЕСКЕРТУ: СУРЕТ ҒАЛАМТОРДАН АЛЫНДЫ.ЖАЗ АЙЫНДА БҰЛ ЖЕРЛЕРГЕ АРНАЙЫ ІССАПАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛАДЫ)

Жұлдыз АСҚАР


ШАҒЫН АУЫЛДЫҢ СҮЙЕКТЕН ЖАСАЛҒАН БҰЙЫМДАРЫ

Күні: , 158 рет оқылды

Жаңажол ауылдық округінің Көмекші елді мекені бар, олардың басқаларға рухани жағынан көмек бере алатындай өнерлі ұл-қыздары бар. Мына суретте Көмекші негізгі мектебінің технология пәнінің мұғалімі Нұрболат Таниевтің қолынан шыққан туындылар көздің жауын алады. Бұрын жазғанымыздай малдың сүйектерінен түрлі бұйымдар жасайды. Біз теледидардан немесе жоғарғы ақпарат құралдарынан нағыз шеберлердің жасаған бұйымдарын көріп, таңдай қағып жатамыз. Ал шағын ауылдағы Нұрболаттай шебердің шын талантына бас июге тура келеді. Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған қазақтың қазақ екенін танытатын осындай өнер емес пе? «Егемен Қазақстанда» «Қазақ — қашанда қазақ!» айдарымен ұлттық кодты білдіретін тарихи суреттер жиі шығады. Ал бүгін жаңарып жатқан қоғамымызда жанымызда, соның ішінде шалғайдағы ауылда тұрып, шәкірттерінің бойына ұлттық өнерді сіңіріп жүрген Нұрболаттай шеберді қалай насихаттасақ та артық етпейді. Міне, өздерінің бастамаларымен осындай істі қолға алып жатқан шағын мектептің ұжымы әлі талай игі жаңалықтардың бастамашы болары сөзсіз.

Әсем БОЛАТ


ЖАЛПАҚТАЛДЫҚ ЖАС ШЕБЕРЛЕР

Күні: , 92 рет оқылды

Көне тарихы бар, жайсаң мінезді халқы бар Жалпақтал ауылы өнердің қай түрінен де басқаларға үлгі болғандай. Соның бір айғағындай бүгінгі күнде Жалпақтал өнер мектебін өңірімізге ғана емес, елімізге де үлгі етуге болады. Бүгінгі әңгімемізде өнер мектебінде шәкірттердің түрлі үйірмелер арқылы жасап жатқанына тоқталмай, тек сирек кездесетін мал сүйегінен және ағаштан түйін түйіп жатқан жұмыстарына тоқталғымыз келеді. Біз барғанда өнер мектебінің оқушылары қымқуат іспен айналысып жатыр екен. Әншейінде аула, қораның сыртында шашылып, кездесіп қалып жататын, үйдегі «бөрібасарлар» ойдан-қырдан тасып әкелетін мал сүйектеріне көзім түсті. Сол сүйектерден жасалған бұйымдар көздің жауын алады. Өнер мектебінің мұғалімі, өздеріміз сияқты жалындап тұрған жас жігіт Еламан Мусинді әңгімеге тарттық. -Бұл шеберлік кәсіпті оқушыларға үйрететін үйірменің ашылғанына 3 жылдың жүзі болды. 16 шәкіртім бар. Малдың тұяғынан және сүйектерінен музыкалық аспаптар жасаймыз. Сонымен қатар түрлі сувенир де (шағын сыйлықтар) жасаудамыз. Ал бұны қалай дайындаймыз? Мәселен тұяқ өңдеу үшін бір жетідей уақыт суға салып, жібітіп алып, сонан соң ыстық суға қайнатып немесе ыстық қоламтаға салып балқытып алса, кесіп, жонуға жеңіл болады. Мұндай жұмсап, балбыраған тұяқты июге, қалыпқа қысып кез келген пішінге келтіру оңай. Тұяқты ыстық қоламтаға саларда суға малынған киізбен орап қойса, тұяқ күймей жақсы балқиды. Осындай бабына келіп тұрған тұяқ, сүйектерді пышақпен еркін жонып, түрлі бұйымдар жасауға болады, -дейді. Осы кезде ағаштан түйін түйген Сайран Мадияров та әңгімеге араласты. -Менің үйірмемде 8 шәкіртім бар. Жалпы осы кәсіппен айналысқаныма 10 жылдай уақыт болды. Енді осы білгенімді шәкірттерге үйретіп жатырмын. Қайың, емен, үйеңкі ағаштарын пайдаланамыз, Домбыраның 5 түрін, қобыз және садақ қаруын жасасақ, алдағы уақытта топтамалы қару-жарақ түрлерін де жасау жоспарда тұр, -деді. Қызық көріп мал тұяғын қолыма алдым. Жылтырап, әзір тұрған материалдан күні ертең мына шәкірттердің алтын қолынан түрлі бұйымдар шығатынын көз алдыма елестеттім. Көз алдыма елестете отырып, санамызда рухани сілкіністер жасалып жатқанда туған жердің киелі топырағының үстінде өзіміздің ұлттық қасиетімізді танытатын небір асылдардың жатқанын сезіндім. Себебі бүгінгі күнде біреу шетелге шығып, сол жерден ата-тегі белгісіз бір ескерткіш сыйлық алып келсе, мәз болып көрнекті жерге қоямыз. Ал жалпақталдық жас шеберлер жасап жатқан өнер туындыларын көргенде олардың бұнын қасында жіп есе алмайтынын бағамдадым.

Әсем БОЛАТ


ЖЫЛҚЫ ТАНЫП, СӘЙГҮЛІК БАПТАҒАН…

Күні: , 204 рет оқылды

Атбегілік – бұл үлкен өнер. Бұл қасиет қазақтың қанына сіңген. Өйткені қазақтан басқа аттың жағдайын білетін халық жоқ десек те болады. Осы қасиетті жануарға деген қызығушылық танытатындардың қатары көп болғанымен, ат баптау ісі екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. Дегенме ауданымыздың Көктерек ауылдық округіндегі ат баптау ісіне ынталы азаматтардың қатары артып келеді. Солдардың қатарында көктеректік Нұрболат Әдиетов пен Анарбек Жайлаубаевтардың есімдерін атап айтуға болады. Атбегілердің тыныс-тіршілігімен танысудың сәті аудан әкімі Абат Шыныбековпен бірге мал қыстақтарын аралаған кезде түсті. Шағын ғана Оразғали ауылында «Ақжол» шаруа қожалығын құрып, атакәсіпті жандандырып отырған ағайынды Қолғанат пен Нұрболат Әдиетовтер төрт түлік мал өсіріп қана қоймай, текті жануар жылқыға ерекше көңіл бөледі. Осы жігіттердің атқорасында таза қанды және асыл тұқымды ағылшын жылқылары бағылуда. Атбегі Нұрболатты әңгімеге тартқанымызда: — Біздің атқорада 15 бәйге аты бапталып күтілуде. Осы жылқылардың көбін Ресей жерінен сатып алдық. Кейін өзіміздің еліміздегі текті жылқылардың құлындарын да алдық. Бәйге аттарын баптауды қаңтар айының басынан бастаймыз. Қыстағы дайындық мықты болса, сәйгүлік жазда бәйге бермейді, ал көктем айынан бастап дайындалған ат тез алқынып қалады дейді. Сол себепті қыс айы ат баптаудың нағыз таптырмас уақыты. Аттың қыр-сырын білетін адам ғана аттың жан дүниесін түсінеді,- деді. Сонымен қатар бұл қожалықта қазақтың еділбай қойын өсіруді де дұрыс жолға қойған екен. Ауданымыздағы асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын «Қамқор» шаруа қожалығынан 400 бас еділбай тоқтыларын сатып алған. Тағы бір байқағанымыз еңбекқор азаматтар мал бордақылауды да қолға алған екен. Арнайы орында 20 бас ірі қараны жемдеп отыр. Жылқы десе ішкен асын жерге қоятын атбегілердің бірі – «Төлеген» шаруа қожалығының жетекшісі Анарбек Жайлаубаев деген азамат. Сарыөзен бойындағы Көктікен қыстағында орналасқан ағамыздың шаруашылығында жылқы малына арнап жаңа үлгідегі атқора салынған. Бұл қорада 10 асыл тұқымды ағылшын аттары бапталуда. — Егер тұлпардың қанында тектілігі болса, ол бәйге бермейтіні анық. Сол себептен шамамыз келгенше асыл тұқымды жылқыларды баптаймыз. Атбегінің сөзіне сүйенсек, жылқының жақсысы тамақты да талғап жейтін көрінеді. Яғни, шын жүйрік бәйге алдында қанша жем берсең де, тек мөлшерімен жеп, өз-өзін аламанға дайындайды екен. Бұл жылқы малының ерекше қасиеті, — дейді атбегі. Бұдан басқа Анарбектің шаруашылығында 200 бас ірі қара, 100 бас жылқы, 1500-ға тарта қой өсірілуде. Сондай-ақ жаңа мал қораның да құрылысын бастап қойған. Міне, біздің көргеніміз осындай жарасымды тірлік. Әрдайым сәйгүліктерінің бабы мен бағы қатар шабатын ат бапкерлеріне, -баптаған жүйріктеріңіз мәреге дара жетіп, бәйге төрінен көрінсін, -дейміз!

Қайрат ЖАҚЫП


АҚПӘТЕРДЕ САҚТАУЛЫ ТҰРҒАН ЗӘКІР

Күні: , 128 рет оқылды

Жақында іссапармен Ақпәтер ауылында болып, сол кезде Ақпәтер өлкетану мұражайында, 19 ғасырдың аяғынан күні бүгінге дейін сақтаулы тұрған зәкірді көрдім. 1870 жылдары қазақ-орыс байлары бірігіп, көктем-күз мезгілдерін лайсаң уақыттарда Алғайдан керек заттарын тасу үшін буменен жүретін шағын кеме жасайды. Ол кемемен заттарды тасып, жазғытұры сол кездегі Красный партизанға әкеліп, күзге таман Русский таловкаға түсірген. Мұның себебі Үлкен өзен Ақпәтерден Жалпақталға қарай тайыз болған. Сол Ақпәтер тұсынан қойма жасап, кеменің тоқтайтын орын болыпты. Содан қалған бұл зәкір күні бүгін Ақпәтер өлкетану мұражайында сақтаулы тұр.

Тұрарбек АҚМЫРЗА


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.