АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар


ЖАС АҚЫНДАРМЕН ЖҮЗДЕСКЕН АҚЫН ДАРИҒА

Күні: , 34 рет оқылды

4 қазан күні ақын жерлесіміз Дариға Мұштанова туған жерге ат басын тіреді. Осы орайда К.Меңдəлиев мектебінде жерлес ақынымыз Дариға Мұштановаға арналған «Ақжайықтың Дариғасы» атты əдеби-сазды кеш өтті. Əдеби кешке жиналған өлең өлкесінің өрендері ақынның өнердегі жолын сахналап, көрерменге ұсынды. «Дара жолдың» ізімен жалғасқан кеш ақын жолындағы əңгімелер өрбіді. Өмірінің қиын да қызықты естеліктерімен бөліскен Дариға ақын бір сəтте оқырмандарының жүрегіңе рухани азық сыйлады. Сондай-ақ жан-жақтан жиналған жас талантты ақындарымыз да өз туындыларын оқып, ақын жүрегінен жол тапты. Əдеби кеште аудан əкімінің орынбасары Зəйлім Мəжитова, К.Меңдəлиев мектебінің директоры Салтанат Өтеғұлова сөз алып, мерекемен құттықтап, ақын апамызға алғысхат табыстады. Әдеби-сазды кештен соң, ақын Дариға Мұштанова мен аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова К.Меңдәлиев мектебінде жасақталынған «Мұра» жас ақындар сыныбының алғашқы лентасын қиды. Жас ақындар сыныбының тұсауын кескен ақын Дариға өлең баспалдағына енді қадам басқан оқушыларға ақ жол тіледі. «Қаламдарың қарымды, жырларың жалынды болсын» — деп бата берді. «Мұра» жас ақындар сыныбына К.Меңдәлиев мектебінің жас ұстазы Ардақ Жангелді жетекшілік етеді. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей дарынды, талантты оқушыларды дер кезінде байқап талантын танытып, көпшілікке таныстыру ұстаздардың міндеті деп білеміз. Жалпақтал мәдениет үйінде ақын Дариға Мұштанованың «Аңыз болған абысындар» кітабының таныстырылымы өтті. Кеште сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков: — Бүгін Жалпақтал ауылына жыр жауған күн деп айтуға болады. Енді міне мәдениет үйінде өзіңіздің өміршең туындыларыңызды сүйіп оқитын оқырмандарыңыз жиналып тұр. Сіз «Аңыз болған абысындар» прозасы арқылы оқырмандарыңыздың жүрегінен жол таптыңыз. Бұл шығарма шынайы өмірмен байланыстырып жазылған. Бұл түйсінерлік туынды. Сіздің жүрегіңізден шыққан туынды жүректерге жетті. Ендеше, сізге аудан халқының атынан ризашылығымызды жеткіземіз, — деген тілегін білдіріп, ақын апамызға ұлттық нақыштағы комзол кигізді. Кеште К.Меңдәлиев мектебінің ұстазы Гүлмира Темірғалиева «Аңыз болған абысындар» кітабынан шолу жасаса, мәдениет үйінің актрисасы Шалқыма Мерқұлова осы шығармадағы Сақып пен Қизаның 5 бірдей баласын ажал жалмаған жағдайын әсерлі сахналап, барлық көрерменді жылатты. Сондай-ақ кеште аудан мектептерінен келген мектеп оқушылары ақын өлеңдерін оқыса, ақынның сөзіне жазылған «Жалпақталым», «Ұстаз бен шәкірт» әндері де шырқалды. Кешке Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Нұргүл Жұбатова, дәстүрлі әнші Күләш Қуанышқалиева, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Еркін Өтегенов сынды өнер жұлдыздары өнерлерін көрсетіп, көрерменнің көңілін бір серпілтіп тастады. Туған еліне құнды дүниемен келген ақын апамыз елге деген сағынышын жасырып қалмады. — Сіздер маған сәуле тәріздісіздер. Айналама шуақ беріп, шабыт сыйлайсыздар. «Аңыз болған абысындар» прозасының өмірге келуіне осы абысындардың келіні Рысты Қайсағалиева замандасым арқау болды. Рысты арнайы хабарласып, үш анасының өмірдерегін баяндап берді. Сөйтіп арнайы жол түсіріп Қараоба ауылына бардым. Сол аналарымыздың бейітіне барып, құран бағыштадық. Осы кісілердің көзін көрген үлкендерден де деректер алып, жазуды бастадым. Туынды осылай өмірге келді. Әрине, оңай болмады. Өзім де бұл туындыны жазғанда көзіме жас алып тұрып жаздым. Оқырмандарыма да солай жеткенін осы кештен байқап отырмын. Сіздерге мың алғысымды білдерімін, — деп ақын апамыз қуаныштан көзіне еріксіз жас алып, туған ауылының жайсаң жандары мен оқырмандарына ризашылығын білдірді.
Жұлдыз АСҚАР

«МОДЕЛЬДІ АУЫЛ КІТАПХАНАСЫНЫҢ» ҚАТАРЫ ТОЛЫҒУДА

Күні: , 48 рет оқылды

«Кітапханаларды модельді жаңғырту» бағдарламасына сәйкес Ата Заң күні қарсаңында 28 тамыз күні Қараоба ауылдық кітапханасы заман талабына сай жабдықталып, «Модельді кітапханаға» айналып отыр. Аталмыш шара барысында аудандық мәслихат хатшысы Сәрсенбай Молдашев Ата Заң күні қарсаңында жаңа модельдік кітапханаға көшіп отырған Қараоба ауылдық кітапханасының ұжымына шығармашылық табыс тілесе, Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директорының орынбасары Нұрлыгүл Сағынова ауыл кітапханашысы Лаура Әдиетоваға «Модельді ауыл кітапханасы» куәлігін табыстады. Бұл шараға Бөкей ордасы, Ақжайық, Жәнібек ауданынан келген қонақтар кітапхананың ішін аралап, ауыл өнерпаздарының концертіне куә болды. Кейін аталмыш шара «Ауыл кітапханаларының фестивалі» аудандық жобасы аясындағы рухани шараға ұласты. Фестивальдың ашылуында сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева: -Бүгінде рухани, ақпараттық білім беру орталығы саналатын ауыл кітапханалары заман талабына сай жаңаша жабдықталып, «модельді кітапханаға» айналып отыр. Соның бір айғағындай Қараоба ауылындағы қуанышқа куә болдыңыздар. «Модельді кітапхана» – оқырмандарға кітапханалық қызмет көрсетуді жоғары сатыға көтеретін жаңа кітапхананың стандарты. Оның басты тиімділігі – компьютерлік технологияларды енгізудің арқасында электронды ақпараттар қорын қалыптастыру, кітапханалық қорларды дамыту, ауыл тұрғындарын компьютерлік сауаттылыққа дағдыландыру және қажетті ақпараттарын қашықтан пайдалана алуын қамтамасыз ету. Бүгін Қараобада ашылған «модельді кітапхананың» болашағы жарқын, рухы өркенді болсын, -деп барлық шараға қатысушы қонақтар мен оқырмандарды құттықтап, лебізін білдірді. Рухани шарада әннен шашу шашылып, мың бұрала би биленіп, зияткерлік ойын ойнатылып, көрініс те көрсетілді. Сонымен қатар «Алаш арыстары», «Жүректен жүрекке», «Book friend of time», «E-book», «Тарихқа тұнған туған өлкем» атты кітапханалық жобалар таныстырылып, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлдана Дәулетова фестиваль статуэткасын Ақжайық аудандық кітапхана директоры Роза Мұсағалиева табыстады. Осындай игі істер, жақсы бастамалар көп болсын!

Гүлнұр ҚАЗБЕК


ЕЛ АНАСЫ АСЫЛҒАНЫМ БЕКЖАНОВА – 90 ЖАСТА

Күні: , 28 рет оқылды

23 тамыз күні Бірік ауылдық округінің әкімі Батырхан Байғонақов тыл және еңбек ардагері, ауыл шаруашылық саласында аянбай қызмет еткен ардақты ана Асылғаным Әбілқайырқызы Бекжанованы қабылдап, 90-ға толған мерейлі жасымен құттықтады. Қабылдауда округ әкімі абыз анаға ізгі тілегін білдіріп, ықылас көрсетті. — Өзіңіздей ақылы кемел, аузы дуалы елдің анасы арамызда аман жүргені – бізге үлкен мәртебе. Сіздің өміріңіз кейінгі жастарға үлгі-өнеге, олар ойын да, бойын да сіздерге қарап түзеуі керек. Жасыңыз жүзге жетсін, алдымызда ақылшы абыз анамыз болып аман жүріңіз!- деген тілегін жеткізіп, алғысхат табыстаса, округтегі қоғамдық ұйым өкілдері анамызға комзол кигізіп, ақ жаулық тарту етті. Сонымен қатар, қабылдауға арнайы келген аудандық аналар кеңесінің төрайымы Нұрия Хабибуллина өз атынан және аудандық ардагерлер кеңесі атынан құттықтау тілегін жеткізіп алғысхат пен естелік сыйлығын ұсынды. Асылғаным Әбілқайырқызы – жастайынан еңбекке араласып, жолдасы Еслямғали екеуі жылқы өсіруде аянбай еңбек еткен. Сол заманның бейнетіне төзіп, ауыл шаруашылық саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ана тәрбиелеп өсірген 3 ұл, 3 қызынан тараған ұрпақтарының арасында бақуатты ғұмыр кешуде. Осындай құрметке риза болған ел анасы,- Маған деген ақ пейілдеріңе разымын. Азаматтар аман болсын, ел аман болсын! — деп аналық ақ батасын берді.

Қайрат ЖАҚЫП


МЕРЕКЕ АТАЛЫП ӨТТІ

Күні: , 36 рет оқылды

Қасиетті құрбан айт мерекесін Бірік ауылдық округі атап өтті. Ауылдың азаматы Қобылан Хайыровтың «Жәнібек» шаруа қожалығының атынан ірі қара мал сойылып, еті көп балалы аналарға, мүгедек жандарға, жағдайы төмен отбасыларға таратты. және ауылымыздың үлкендеріне арналған дастарханға көмек көрсеткен «Қызылту», «Қайрат», «Талпын» шаруа қожалықтарының жетекшілері Достық Жұрасов, Әділхан Зайнұшев, Қуаныш Мұқашев сынды азаматтар өздерінің мейрамханасын ұсынып, қой беріп, ас мәзіріне қаржылай көмектерін көрсетті. Осы орайда жастар арасында да шағын футбол ұйымдастырылды.

«Ауыл айнасы» ақпарат


ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Күні: , 44 рет оқылды

Құрбан айт ұлық мерекесі құрметінің алғашқы күніне орай Жалпақтал мәдениет үйінің алаңында спорттық шаралар оздырылады. Бұл шараға аудан әкімі Абат Шыныбеков арнайы келіп, жалпақталдық ағайындарды қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтап, әр шаңыраққа амандық, зор денсаулық тіледі. – Құрбан айт – адамгершілік құндылықтарды қадірлеп, төзімділікті уағыздайтын ізгілік мерекесі. Құрбан айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандарыңыз қабыл болсын. Ұлық мереке мүбәрак болып, қашанда еңсеміз биік, татулығымыз баянды болсын! – деді аудан басшысы. Алаңда ауыл тұрғындары қазақша күрес, білектесу, асық ату, арқан тарту секілді спорттық ойындардың куә болды. Жалпақтал мешітінің имамы Тілепберген қажы Нұралиев барша жұртшылықты қасиетті ұлық мерекемен құттықтап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге естелік сыйлықтар тарту етті. Сондай-ақ аудан әкімі Абат Шыныбеков Жалпақтал ауылында болып, мәдениет үйінің алаңында тігілген киіз үйде ақ дастархан басында ауыл ақсақалдарымен кездесіп Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Қасиетті айт күндері барша мұсылман қауымы ізгілікті амалдар жасауға асығады. Әр бір мұсылман баласы айтта тек қана құрбандық шалумен шектелмей, ағайын-туысына, мүгедектер мен мұқтаж жандарға, көршілері мен жетімдерге қол ұшын беріп, қайырымдылық пен қамқорлық таныту арқылы қоғамның тұтастығына, ұлттар мен діндердің өзара ынтымақтастығына жол ашады. — Бүгінгі «Құрбан айт – мерекесі» діні мен ұлтына бөлінбестен, барша Отандастарымызды ынтымақ пен бірлікке, бір-біріне мейірімді де қайырымды болуға шақыратын ұлық мереке.Ұлық мереке құтты болсын, құрметті ағайын! Қасиетті күндердегі ізгі амалдарыңыз бен ниеттеріңізді Алла тағала қабыл етсін! Құрбан айт әрбір отбасына амандық, елімізге бірлік пен ынтымақ әкелсін. Құрбан айт мүбәрак болсын,- деді аудан басшысы Абат Абайұлы. Аудан әкімі ардагерлерді жастарды мәдени және моральдық-өнегелік тәрбиелеу ісіне атсалысуға, ұлттық әдет-ғұрып пен дәстүрлерімізді насихаттауға шақырды. Мерекелік дастархан басында Ұлы Отан соғысының ардагері Жұбат Сәрсембиев, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Нағым Ризуанов, Жалпақтал мешітінің имамы Тілепберген қажы Нұралиев ұсыныс пікірлерін айтып, ақжарма тілектерін жеткізді. Жиын соңында Тілепберген қажы ақ батасын беріп, елімізге тыныштық, береке бірлік тіледі.

Тұрарбек АҚМУРЗИН


ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Күні: , 190 рет оқылды

Жалпақтал ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Меңдіхан Халимуллин жалпақталдықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады. 21 тамыз күні ауыл әкімінің міндетін атқарушы Меңдіхан Халимуллин Жалпақтал мешітінде болып, мерекелік іс-шараларға қатысып, жамағатпен кездесті. Меңдіхан Мұқасұлы жамағатқа арналған құттықтау сөзінде исламның бірлік пен келісім діні екенін атап өтті. Ал Жалпақтал мешітінің имамы Тілепберген қажы Нұралиев Құрбан айттың ерекшелігіне тоқталып, бұл күндері шамасы келген әр азамат құрбандық шалады. Құрбандыққа жылқыдан басқасының бәрін — қой, ешкі, сиыр және түйе малын шалуға болады. Ауру, соқыр мал сойылмайды. Намаздан соң, мұсылман қауымы құрбандық шалуға кірісті. Оразадан кейін 70 күннен соң тойланатын Құрбан айт — мұсылмандардың ең қасиетті мейрамы болып саналады. Бұл күні мешіттерде айт намазы оқылады. Биылғы құрбан айттың алғашқы күнінде Жалпақтал мешітіне ағылған мұсылмандардың қатары қалың. Мұсылмандар құрбан айт мерекесін асыға күтеді. Әр жамағаттың үйінде дастархан жайылып, қонақ шақырылады. Жұрт арасында үлкен айт деп аталып кеткен мерекеде тұрғындар бір-бірін құттықтап, игі тілектерін білдіреді. Құрбан айттың бірінші күнінде мәдениет үйінің алаңында киіз үй тігіліп, спорттық шаралар оздырылатын болады.

Тұрарбек АҚМЫРЗА


ҚҰБАН АЙТ – МЕЙІРІМ МЕРКЕСІ

Күні: , 32 рет оқылды

Құрбан айт – бірлік пен игілік, мейірім мен кешірім мерекесі. Алланың разылығы үшін құрбан шалу арқылы пенденің иманы күшейіп, тақуалығы артады. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп баяндалған. Осыған орай Қазталов ауданы орталығындағы аудандық мешітте таңмен айт намазы оқылса, «Достық» саябағында ұлық мерекеге арналған шара оздырылды. Шараға жиналған көпшілікке Қазталов ауылдық округінің әкімі Жүсіп Шакуов пен Қазталов мешітінің бас имамы Жандосбек Құсайынов құттықтау тілектерін жеткізді. Шарада ұлттық спорт түрлері арқан тарту, қол күресі және кір тасын көтеруден сайыстар оздырылып, аудан көремөнерпаздары мен Халықтық «Гүлдерайым» әжелер ансамбілі мүшелерінің концерттік бағдарламасы қойылды. Спорттық сайыстарда жоғары белсенділік танытып, жүлделі орын алғанғандарға естелік сйылықтар табыс етілді. Шара соңында ауыл үлкендеріне және ауыл тұрғындарына арнайы шалынған құрбандық малдың етінен дәм татқызып, ақ дастархан жайылды. Риза болған ақсақалды аталар мен ақ жаулықты аналар ақ баталарын беріп жатты.

Қайрат ЖАҚЫП


ҚҰРБАН АЙТ НАМАЗЫ ОҚЫЛДЫ

Күні: , 38 рет оқылды

Бүгін барша мұсылмандардың ұлық мерекелерінің бірі — Құрбан айт мейрамы басталды. Қазталов ауданы орталығындағы мешітте айт намазына жиналған жамағат көп болды. Жиналған ағайынға аудан әкімі Абат Шыныбеков құттықтау тілегін жеткізді. Ал Қазталов мешітінің бас имамы Жандосбек Құсайынов құрбан шалудың маңыздылығы мен қалай орындалатындығы туралы түсінік бере келіп, — Біз мерекені мерекелік намаз оқудан бастаймыз. Осы мерекелік намазға әуелі жуынып, тазаланып, өзіміз жақсы көретін киімдерімізді киіп, жақсы иіс суларымызды сеуіп, мерекелік намаз оқимыз. Намаздан кейін бір-бірін құттықтайды. Құрбандық малды да намаз оқығаннан кейін ғана сою керек. Ауырып қалған кісілердің көңілін сұрап, марқұмдарға құран бағыштап, дос-жаран, ағайын-туыстың үйіне айтшылап, сыйлық жасағанымыз абзал. Өйткені сыйлық жасау адамдардың сүйіспеншілігін оятады. Сондықтан бір-бірімізді құттықтау, сыйлық жасау, жақсы тілек айту мерекенің сән-салтанатын аша түседі. Мерекеміз құтты болсын! — деді. Жиналған көпшілік айт намазына тұрып, имамға ұйып, айт намазын оқыды.

Қайрат ЖАҚЫП


ЖАСТАР ЖӘНЕ ЖУРНАЛИСТИКА

Күні: , 30 рет оқылды

16 тамыз күні «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінде аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен аудандық «Ауыл айнасы» газетінің қызметкерлері аудан жастарымен кездесті. Кездесуде газет редакторы Серік Жұмағалиев бүгінгі баспасөздің қоғамда алып жүрген орны туралы әңгімеледі. Қазіргі уақыт – ақпарат уақыты. Қоғамдағы қандайма жаңалықтар, оқиғалар болмасын ғаламтор желісі арқылы лезде таралып жатады. Оның ішіндегі ақпаратты пайдалануда жастар барынша мұқияттылықты танытуды қажет етеді. Әсіресе, нақтыланбаған ақпараттар оқырмандарға кері әсерін тигізері сөзсіз. Осы орайда аудандық газеттің әлеуметтік желісінде және оның парақшасында аудандағы экономикалық-әлеуметтік дамуындағы жаңалықтармен қатар рухани әрі танымдық бағыттағы материалдар жиі беріледі. Міне, осыған жастар көбірек көңіл аударғандары жөн. Дейтұрғанмен тәрбиелік, имандылық, адами болмысты қалыптастырудағы материалдарға жастардың ой қосулары, ұсыныстары сиректеу. Сонымен қатар 3 мың жарым тиражбен тарап отырған газетке деген сұраныс жастар тарапынан аздау екені байқалады. Әрине, мемлекеттік тапсырыспен қатар ағымдағы ақпараттардың көптігінен жастар жөнінде олардың проблемалары газет бетінде көрінбей қалып жататынын жасырмаймыз. Осыны ескере келе, жастар ақпарат айдынына деген қызығушылығы неғұрлым артса, оның оң әсері болатынын, бұнымен қоса ауданның тынысын жете біліп, оған қосар үлесінің көбейетінін айтқымыз келеді. Қалай болған күнде де ақпарат қоғамға, халыққа қызмет етуі тиіс. Ал оның бас-қасында жастар жалындап жүріп, өздерінің жасампаз еңбектерін көрсетуге ұмтылыс жасау үшін БАҚ өкілдерімен үнемі тығыз байланыста болуын қалаймыз. Кездесуде жастар тарапынан түрлі тақырыпта сауалдар қойылып, жауаптар қайтарылды.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


«АСТАНАҒА СƏЛЕМ!» АТТЫ ҚАЗТАЛОВ АУДАНЫ КӨРКЕМӨНЕРПАЗДАРЫНЫҢ КОНЦЕРТІ

Күні: , 64 рет оқылды

10 тамыз күні облыс орталығындағы Қадыр Мырза Əлі атындағы мəдениет жəне өнер орталығында Елорданың 20 жылдығына арналған «Астанаға сəлем!» атты Қазталов ауданының көркемөнерпаздарының концерті өтті. Облыс көрермендеріне бағдарламаның ашылуы барабаншылар тобының флешмоб орындауымен басталды. Бұдан кейін Асылхан Болтанов «Арнауын» орындады. Концерттік бағдарламада Асхат Неғметов «Ауылым» əнін орындаса, сондай-ақ Гүлфайруз Маратов орындауында «Астана», дуэттің орындауындағы халық əні «Беуайдай», Мұрат Ахметов пен Сыйлық Құсайынованың «Қаздар қайтқанда», трио орындағын патриоттық əндерден попурри, əнші Балғаным Ғұбашеваның » Астана» әндері жұртшылық жасыл қала Оралдың кешкі аспанының сəнін келтірді деуге болады. Сонымен қатар Ахмет Ескендіров жетекшілік ететін халықтық «Назқоңыр» фольклорлық ансамблі жəне Ақмарал Ғабдуллинаның халықтық «Қарлығаш» би ансамблінің орындауындағы халықтық күйлер мен билер көрермендерді өздеріне тарта түсті. Ал Баян Хабиеваның жетекшілік ететін үлгілі «Қыз Жібек» ансамблінің орындауындағы əндер ауданымыздың өнердегі биіктігін тағы бір дəлелдесе, Наргиза Касумова, Аяна Орынғалидың орындауындағы композиция да жұртшылықты таң қалдырды. Астана — айбынды орда қазағыма, Іліккен талай елдің назарына, Есілдің жағасында бой көтерген, Тамсанып қарайды ел ажарына — дегендей Астананың 20 жылдығына арналған қазталовтық көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасы Е.Хасанғалиевтың «Атамекен» əнімен аяқталды. Жиналған халықтың қарасы көп болып, «Жарайсың, Қазталов!» деген жылы лебіздер айтылып жатты.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.