АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар


390 ШАҚЫРЫМДЫ МЕЖЕЛЕДІ

Күні: , 4 рет оқылды

Өткен апталарда ауданымызда «Күміс шабақ – 2018» облыстық велошабондаздарының жарысы өткені белгілі. Жарысқа қатыстан Ақжайық, Бөрлі, Бөкей Ордасы, Жəнібек, Зеленов, Казталов, Тасқала аудандары мен Орал қаласының командасы қатысқан бірінші дəрежелі қиындықтағы велосипедшілер жорығы сапар барысында 390 шақырым жол жүріп өтті. Веложорықшылар сапында біздің ауданымыздан Алма Оразбаева атындағы орта мектептің жоғары сынып оқушылары Дастан Бектұрғанов, Алинұр Амангелдиев, Əнуар Өтепов, Мөлдір Жасқаламова болды. Аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының қосымша білім беру педагогі Ақжан Қуаныш жетекшілік еткен болатын. Осыншама жолды жүріп өткен шабандоздарымызға «жарайсыңдар!» дейміз.


СТУДЕНТТЕР БАС ҚОСЫП, ЖОСПАРЛАРЫМЕН БӨЛІСТІ

Күні: , 6 рет оқылды

17 шілде күні «Рухани жаңғыру» кеңсесінде аудан жастарының ұйымдастыруымен «Асулардан асады жастар əлі, зор болашақ бүгіннен басталады» тақырыбында студенттермен кездесу өтті. Кездесуде Қазақстанның əр оқу орнында білім алып жатырған студенттер қатысты. Орталыққа бас сұққан студенттерге «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің маманы Айбек Көшеғалиев Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданда атқарылған жұмыстарды таныстырды. Кездесу барысында Астананың құрдасы, Астана медицина университетінің студенті Анджелика Сəбитовамен «Сыр сұхбат» ретінде жүргізілді. Астананың түлегі Анджелика арман қала Астананың түлегі болғанын мақтанышпен айтып, сол жердегі болашақ жоспарларымен бөлісті. Шарада басқа да оқу орынның студенттері болашақта жастар саясатын көтеру аясында жастармен бірге жұмыстануға дайын екендіктерін білдіріп, тың идеяларын ортаға салды. Кездесу соңында Алматы техникалык университетінің студенті Руслан Науханов: -Мен ауылымды сағынып келгенде өзімнің замандастарыммен кездесіп, осындай кездесуде отырғаныма қуаныштымын. Бұрын мектептерде бас қосадық едік. Қазір міне «Рухани жаңғыру» кеңсесіндегі ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртқан көптеген дүниелерді тамашалап, рухани азық алып отырмыз. Бүгін сіздермен бірге біраз жоспарлар құрып, еркін əңгімелестік. Болашақта ауылда келген студенттердің, басқа да жастардың басын қосатын орындар ашылса деген ұсынысым бар, -деді. Иə, кездесуде студенттер аудандағы жастар саясатының дамуына өз үлестерін қосатынын айта келіп, əр аптада екі рет бас қосып кездесетіндерін жеткізді.  


БОСТАНДЫҚТА МУЗЕЙ АШУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚОЛҒА АЛЫНУДА

Күні: , 2 рет оқылды

Бұл жұмыстарға аудан әкімі Абат Шыныбековпен бірге Бостандық ауылына барған жұмыс сапарымызда куә болдық. Ауылда музейге лайықты ғимарат та табылып отыр. Тек жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Бостандыққа ат басын тіреген Абат Абайұлы ұзақ жылдар басшылық қызметтер атқарған, жерлесіміз, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту ордені мен екі мәрте «Құрмет Белгісі» ордендерінің иегері Қабира Салыққызының ұлы Ғиният Салықовпен кездесті. Кездесу барысында Ғиният ағамыз Бостандық ауылынан ашылғалы жатырған тарихи-өлкетану мұражайына анасының жеке кітапханасынан алынған 160-қа тарта кітапты және апамыз қызмет атқарған жылдарды баяндайтын фотосуреттер топтамасын табыс етіп, аудан басшысымен бірге болшақ музей туралы әңгімелесті. Әңгіме барысынан байқағанымыздай, Ғиният ағамыз да ұзақ жылдар құқық қорғау саласында үздік қызмет жасаған. Бүгінгі күнде зейнет жасындағы ағамыз Қабира Салыққызынан қалған мол мұраны музейге табыстауды жөн көріпті. Сонымен қатар ағамыз музейге керекті жабдықтау материалдармен бірге анасының бюстін де жасатып әкеліпті. Осындай бастаманы көтеріп жатырған ағамызға ризашылығын білдірген Абат Абайұлы,- Қабира Салыққызы – ауданымыз бен облысымызға ғана емес еліміздің мақтанышы. Осындай белгілі тұлғаны бүгінгі ұрпаққа насихаттау біздің парызымыз. Аудан орталығындағы музейден де апамызға арнап бұрыш ашуды жоспарлап отырмыз,- деді. Сонымен қатар аудан әкімі музейге қажетті жөндеу жұмыстарын шешуді де қолға алатынын айта келіп, округ әкімі Манарбек Сүндетовке де біраз тапсырмалар жүктеді.

Қайрат ЖАҚЫП


ЖЕРЛЕСІМІЗ МУСАҒАЛИ ТАСҚАЛИЕВТЫҢ ӨРІЛГЕН ЖЫР КЕШІ

Күні: , 2 рет оқылды

12 шілде күні Ақтөбе қаласындағы «Алаша» мейрамханасында республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы, Қазақ журналистикасының қайраткері, Қазақ Спорт және Туризм академиясының құрметті профессоры, Мусағали Тасқалиевтің «Мен іздеген қазына» атты тұңғыш жыр жинағының тұсаукесері өтті. Мусағали Сабырғалиұлы Жалпақтал аудандық «Жалпақтал өңірі» кейін тәуелсіз «Дидар» газетінде қатардағы тілшіден, редакторлыққа дейін көтерілген азамат. Жерлесіміздің кешінде елге белгілі өнер иелері Бағдагүл Төлеутаева мен Орынгүл Исмағұлова және Еркін Бақтияровтардың Мусағали Сабырғалиұлының сезімге толы жырларын оқудан бастаса, одан кейін «Алаш» театрының әртістері Отан, туған жер және дін, достық туралы жырларын нақышына келтіріп оқып берді. Кештің үшінші бөлімін «Қос Шынар» Әлия-Мәншүк атындағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес ағамыз ашып, өзінің жүрекжарды құттықтауы мен ақ батасын берді. Елге сыйлы ақсақалдың сөзін Мусағалидың анасы орнындағы жеңгесі Мәнет апай мен Қазақстан жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының Бауыржан Құрманқұлов пен «Кеңес» Жиһаз үйінің директоры, еркін күрестен КСРО спорт шебері Кеңес Жаңабаевтар жалғастырып, Бауыржан ағамыз кеш иесіне облыстық жазушылар одағы атынан алғыс хат пен Алматы қаласынан келген «Халықаралық журналистер одағы» мүшелік билеті мен төсбелгісін тарту етті. Жерлесіміздің жыр кешіне аудан атынан Талдыапан ауылдық округ әкімі Асқар Есқалиұлы мен аудандық мәслихат депутаты, спорт пен өнер жанашыры Нұрлыбай Жолдыбайұлы және Мусағалидың журналистика саласында алғашқы еңбек жолы басталған Жалпақтал ауылынан аудандық «Ауыл айнасы» газетінің аға тілшісі Тұрарбек Ақмурзиндерге беріліп, жерлестері кеш иесіне ауылдастарының ыстық сәлемі мен сый-сияпатын жеткізді. Жерлес інісі Нұрлыбай Жолдыбайұлы өз атынан Мусағали Сабырғалиұлына ат міңгізгені елден алыста жүрген ағасына көрсеткен інісінің үлкен құрметі болды. Жалпы кеш барысында өздерінің шын жүректен шыққан құттықтауларын білдіріп, Мусекеңнің қуанышын бөлісіп келген жанашыр ағайын өте көп болды. Олардың арасында самбо күресінен Қазақстан мен Қырғызстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, ұзақ жыл Ақтөбе облысы спортын басқарған білікті басшы, «Спорт жұлдыздары» журналы газет ретінде жарық көргенде ең бірінші болып қолдаған, болашағына үлкен сеніммен қараған жанашыр ағамыз Асылбек Құлмағамбетов пен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ұстазы, ҚР құрметті спорт қызметкері Әбілғазы Құлмағамбетовтер, «Ақжарқын» жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры, ақын апамыз Марита Қабижанқызы, ұлағатты ұстаз Күлшат апай, Ақтау қаласынан келіп отырған ақын ағамыз Ғабиден Шоханов, Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің директоры, Аманжол Исмагулов, Орал қалалық №3 балалар саз мектебінің директоры Мереке Тұяқов, ұлағатты ұстаз Бейбіт Мұқанов, Атырау облысы Қызылқоға аудандық газетінің редакторы Бауыржан Сисенов және Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарынан келген ағайын-тумалары, достары мен сыйлас інілері мен бірге қызмет атқаратын әріптестері болды. Кеш барысында құттықтау, ақ тілектер Мусағали ағамыздың сөзіне жазылған әсем әндермен өріліп отырды. Орал қаласынан келген құрметті есімі елге белгілі әнші, халықаралық «Азия дауысы», «Золотой шлягер», «Мальта әндері», «Севастополь-2005» және республикалық «Жас қанат» байқауларының лауреаты, халықаралық «Жаһан дала» байқауы мен «Еврофест» фестивалінің Гран-При иегері, «Алтын домбыра» президенттік сыйлығының иегері Марат Сарыбөпеев, Мусекеңнің жұбайы, еліміздегі патриоттық бағыттағы бірден-бір әнші-сазгер Орынгүл Исмағұлова, әнші-актриса Бағдагүл Төлеутаева және «Алаш» театрының жігіттері ол әндерді тамылжыта шырқап, кешке жиналған көпшілік риза болды. Мусағали Сабырғалиұлы тек жүректі тебірентер жырлар жазып қана қоймай, өзінің де ән шығаратын өнері бар екен. Өзі жазған бірнеше әндердің ішінен осы кешке дайын болған «Бір өзіңсің» әнің «Алаш» театрының әншілері нақышына келтіре орындап берді. Кеш соныңда Мусағали Тасқалиевтің жұбайы Орынгүл Исмағұлова жұбайына тарту ретінде Елена Әбдіхалықованың сөзіне жазылған өзінің «Өмір-өлең» әнің тарту етті. Өмір зулап өтеді, қалады өлең, Жүрегімнің лүпілің санамда өрем. Жұртым аман тұрғанда жырға ғашық, Сөнбеймін мен, жұлдыз боп жана берем! – деп айтылған Елена ақынның тамаша жыр жолдары қарапайым ғана тіршілік кешіп, базбіреулер секілді түймедейді түйедей етпей, үндемей-ақ үлкен тірліктер атқарып жүрген Мусағали Сабырғалиұлы секілді азаматтың еңбегіне лайықты бағасын беріп тұрған секілді!

Тұрарбек АҚМУРЗИН


БОЛАШАҚТЫҚТАР ӘДЕМІ КЕШ СЫЙЛАДЫ

Күні: , 2 рет оқылды

14 шілде күні «Достық» саябағында Астананың 20 жылдығына және ауданымыздың 90 жылдығына арналған Болашақ ауылдық округінің «Туған жерім, тұнған тарих!» атты өнер фестивалі өтті. Бұл фестивальге болашақтық өнерпаздар жоғары деңгейде дайындалғанын айта кету керек. Ақшаңқай киіз үйдің ішінде үлкендерге ұлттық тағамдардан дәм татқызса, қолөнер көрмесін де ұйымдастырып, түрлі ұлттық ойындар да өтіп жатты. Шараның ашылу салтанатында сөз алған Болашақ ауылдық округінің әкімі Қобылан Дүйсенов округ тұрғындарының ыстық ықыласын жеткізсе, Қазталов ауылдық округінің әкімі Жүсіп Шакуов әрдайым да ауданымыздың дамуы жолында аянбай еңбек етіп жүрген округ ұыжымына алғысхат табыстады.. Концерттік бағдарламада «Әжелер» ансамблі әсем әннен шашу шашып, бишілер мың бұрала би билеп, өз өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ поэзия топтамасына кезек беріліп, аудан орталығының аспаны жырға бөленсе, КТА ойыншылары да әзілдерін көрерменге ұсынды. Бұнымен қатар ұлттық көріністер көрсетіліп, ұмыт қалып бара жатырған ұлттық дәстүрлер жаңғыртылды. Шалғай ауылдан келіп, өнерлерін ортаға салған болашақтықтарға тұрғындар ризашылықтарын білдіріп жатты.

Жұлдыз АСҚАР


АШЫҚ ЕСІК» КҮНДЕРІ АЯСЫНДАҒЫ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУ

Күні: , 2 рет оқылды

14 шілде күні аудан әкімдігінің «Ашық есік» күндері аясында аудан әкімі Абат Шыныбеков Ордабай, Қошанкөл, Беспішен, Мереке және Нұрсай ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Тұрғындармен өткен жиында Қошанкөл және Тереңкөл ауылдық округтерінің әкімі Радж Шарипов пен Ернар Ғалимов округтерде жыл басынан бері атқарылған жұмыстардан қысқаша xабарлама жасады. Жиында аудан әкімі Абат Абайұлы ауданда жасалып жатырған істер туралы баяндап, алда тұрған жоспарлармен бөлісті. Сонымен қатар бірқатар мекеме басшылары ауыл шаруашылық, жұмыспен қамту, ветеринария саласы бойынша бағдарламалармен таныстырып, өзгерістерді айтып өтті. Ауыл тұрғындары да өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, Ордабай ауылының xалқы ауызсу, құдық қазу, малға жем-шөп дайындау, сонымен қатар ауыл тазалығы мәселелерін көтерсе, қошанкөлдіктер ветеринария саласы бойынша өз сауалдарын қойып, мал жайылымы туралы тілге тиек етті. Ал Мереке ауылының тұрғындары аудан әкімі шабандық жердің мәселесі мен «Тереңкөл-Мереке» бағытындағы жолдың тегістелуін назарда ұстаса деген ұсыныстарын жеткізді. Кездесулер барысында аудан әкімі округтердегі әлеуметтік нысандарды аралап, Қошанкөлдегі ауыз су құдығының тазалау жұмысымен танысып өтті.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


ОРАЛДЫҚ ОҚЫРМАНДАР РАХМЕТ АЙТАДЫ

Күні: , 4 рет оқылды

Шындығы керек, мерзімді баспасөзге жазылудың екінші жарты жылдығында қиындықтар кездесіп қалып жатады. Оның да өзіндік себептері бар. Түрлі науқандық жұмыстар, адамдардың демалысқа кетуі және тағы басқа да жағдайлар… Дегенмен баспасөз әрбір шаңыраққа жетуі тиіс. Бұл орайда «Егемен Қазақстан» , «Орал өңірі», «Приуралье» және «Ауыл айнасы» газеттері ел жаңалығын жеткізетін бірден-бір басылымдар. Осы басылымдардың ауданда таралымы өсуі жолында аудандық ішкі саясат бөлімі көп жұмыстар атқаруда. Аудан әкімі Абат Абайұлы «Ауыл айнасы» газетін қазіргі күнде Орал қаласында тұратын жерлестеріміздің де алдырып оқуына мүмкіндік болу үшін аудан кәсіпкерлерінің қолдауын сұраған еді. Нәтижесінде кәсіпкерлер Райхан Қажымова, Гүлнәр Тайгаренова, Дәрмен Қадеров, Жасұлан Байғонақов, Айнагүл Қабдоловалар Орал қаласындағы 20 жерлесімізді «Ауыл айнасы» газетіне жаздыртты. Олардың ішінде бұрын ауданымыздың дамуына үлес қосқан азаматтар бар. Сондықтан осындай қолдау көрсеткендері үшін Абат Абайұлына және кәсіпкерлерге оралдық жерлестеріміз атынан рахмет айтып, жұмыстарына табыстар тілейміз!

Қайрат ЖАҚЫП


ТАРИХЫМЫЗДЫ ЗЕРДЕЛЕЙТІН МУЗЕЙ АШЫЛДЫ

Күні: , 4 рет оқылды

Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Қазталов ауданы орталығында 12 шілде күні аудандық тарихи-өлкетану музейі ашылды. Аудан тарихынан сыр шертетін бұл нысанның ашылуына аудан әкімі Абат Шыныбеков өзі мұрындық болса, аудан тұрғындары да атсалысты. Музейдің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков,- Аудан орталығында ашылып отырған бұл музей ауданның ақсақалдары мен тұрғындарының көптен бері көтеріп келе жатырған мәселелерінің бірі болатын. Міне, осы істі қолға алып, бүгін Астанамыздың 20 жылдығына тарту етіп отырмыз. Өлкеміздің тарихы мен табиғатынан мол мағлұмат беретін осы музей өскелең ұрпақтың сүйікті орнына айнала берсін!- деген тілегін жеткізіп, музей ұжымына КСРО-ның халық әртісі, жерлесіміз Хадиша Бөкееваның портретін сыйға тартты. Музейдің ашылу салтанатына қатысқан Батыс Қазақстан мәдениет басқармасының бөлім басшысы Сәуле Қарабалина да өз тілегін білдіріп, аудан тұрғындарын қуанышты оқиғамен құттықтады. Жаңадан тұсауы кесілген өлкетану музейінің қорында қазірдің өзінде 2 мың жарымнан астам жәдігер бар. Тарихтың талай-талай айтулы оқиғасы өткен шежірелі топырақтағы бұл ғимаратта Қазталов ауданының өткені мен бүгіні көрініс тапқан. Ғимарат 4 экспозициялық бөлмеден тұрады. Музей жетекшісі Назкеш Адаялиеваның айтуынша музейге керекті жәдігерлер күнен-күнге толығу үстінде екен.

Қайрат ЖАҚЫП


«АДАЛ ЖОЛ – ЧЕСТНЫЙ ПУТЬ» МАРАФОНЫ АУДАНЫМЫЗДА

Күні: , 4 рет оқылды

Елбасының 2018 жылдың 10-қаңтарында жариялаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына жолдауынның «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі» аталатын 9-міндетін орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі 2018 жылға арналған кешенді жоспар белгілеген болатын. Осыған сәйкес бүгін ауданымызда «Адал жол – Честный путь» сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық марафонының аудандық деңгейінің ашылу салтанаты өтті. Аталмыш жоба эстафетасын Жәнібек ауданынан біздің ауданымызға табыстау үшін Жәнібек ауданы әкімінің міндетін атқарушы Біржан Меңешов, Жәнібек аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимов, «Нұр Отан» партиясы Жәнібек аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Біржан Қуанәлиев, аудандық қоғамдық кеңестің және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау жөніндегі арнайы мониторингтік топтың төрағасы Бекет Әліпқалиев арнайы келген болатын. Аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова мен ауданымызда құрылған мобильдік топ мүшелері қонақтарды жолдан күтіп алды. Марафон барысында автошеру ұйымдастырылып, көрші ауданнан келген қонақтармен бірге орталық саябаққа бағыт алып жүріп өтті. Өз кезегінде сөз алған Жәнібек ауданы әкімінің міндетін атқарушы Біржан Меңешов сыбайлас жемқорлықпен күрес — ортақ міндет екенін айта келіп, «Адал жол – Честный путь» сыбайлас жемқорлыққа қарсы эстафетасын аудан әкімі Абат Абайұлына табыстады. Марафонның ашылу жиынында ауданымыздың көркемөнерпаздары әннен шашу шашып, жастарымыз «Сенің «жоқ» дегенің өте маңызды» ұранымен мағыналық көрініс көрсетті. МАРАФОН БАРЫСЫНДАҒЫ ШАРА: Аудан орталығындағы мекемелер өз арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы эстафетаны өткізген болатын. Эстафетаны бастаған аудан әкімі аппараты мекемесі болатын. Аудан әкімі аппараты басшысы міндетін атқарушы Жандос Дүйсенғалиев, — Сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек,- деп, эстафетаны аудандық білім беру бөлімі, аудандық мәслихат және аудандық қоғамдық кеңес мекемелер басшыларына табыстады. Осылайша эстафета аудандық ішкі саясат бөлімі, «Нұр Отан» партиясы, аудандық экономика және қаржы бөлімі, аудандық кірістер басқармасы, статистика бөлімі, Қазталов ауданының тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімі, аудандық ішкі істер бөлімі, халыққа қызмет көрсету орталығы, әділет басқармасы, аудандық жер қатынастары бөлімі, қазынашалық мекеме, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, жұмыспен қамту орталығы, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, аудандық орталықтандырылған кітапхана, аудандық «Айбын» спорт клубы және аудандық аурухана мен Қазталов ауылдық округінің әкімдігі мекемелері арасында жалғасын тапты.

Гүлнұр ҚАЗБЕК


АҚЖАЙЫҚТАҒЫ АУМАҚТЫҚ СЕМИНАР

Күні: , 16 рет оқылды

Бүгін Ақжайық ауданында БҚО Қазақстан Халқы Ассамблеясының аумақтық семинары өтті. Семинарға Ақжайық, Қазталов ауданы әкімдерінің орынбасары, ішкі саясат бөлімдері, қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары, этномәдени бірлестіктер құрамы, медиаторлар, ақсақалдар, аналар, жастар кеңестері қатысты. Семинарда Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов ауданда қоғамдық келісім кеңестері бойынша атқарылып жатырған жұмыстарға тоқталды. Осы орайда БҚО Қазақстан Халқы Ассамблеясының төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов, — Қоғамдық келісім кеңестерін жаңа белестерге көтеріп, жұмыстарын әрі қарай дамытуымыз қажет. Сол себептен де бүгінгі семинарды да практикалық тәжірибе алмасу бағытында өткізіп отырмыз. Облыстық қоғамдық келісім кеңесінің құрамында 54 адам бар. Бұл кеңестің құрамында бар адамдар ауылдағы саяси-ахуалға талдау жасап, қандай да болмасын мәселелердің оң шешімін тауып отыруы қажет. Яғни, елдің бірлігін ұйымдастырып, қадағалап отыратын идеялогиялық жұмыс болып табылады, — деді. Сонымен қатар семинарда БҚО әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Жамал Ихсанова қоғамдық келісім кеңесінің жұмысы туралы баяндаса, БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің медиаторы Алуа Ғилыманқызы медиация жөнінде, ал облысымыздағы ғылыми-сараптамалық топтың жұмысы туралы Асия Төлеубайқызы айтып өтті. Семинарда Қазақстан халқы ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының бастау алғаны туралы да айтылып, жастарды жаңа қырынан танытуға және жаңа жобалар ұсынуға шақырды. Семинарда Жалпақтал ауылдық округінің қоғамдық медиаторы Жамбыл Нұғманов қоғамдық кеңестің жұмысын жандандырып, халыққа тиімді болуы үшін тек газет бетінде ғана емес, теледидардан тікелей эфирде ашық пікір алаңы ұйымдастырылса екен деген ұсынысын білдірді. Семинарға қатысушылар сұрақтар қойып, ой-пікірлерін ортаға салды.

Жұлдыз АСҚАР


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.